Перейти к содержимому
Главная страница » Өмір жолы – өнеге

Өмір жолы – өнеге

Өткен күнді еске алу – өскендіктің белгісі. Әсіресе, елдің дамуына адал еңбегімен үлес қосқан азаматтардың ғұмыр жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету – бүгінгі буынның парызы. Кезінде Кеген өңірінің мақтанышына айналған «Тоғызбұлақ» ұжымшарының тарихы тағылымға толы. Сол шаруашылықта саналы ғұмырын еңбекке арнап, елдің құрметіне бөленген Ауғанбай Тұңғатаровтың өмір жолы – өнеге.

Кеңес дәуірінде еңбек озаттары әр шаруашылықтың тірегі болды. «Тоғызбұлақ» ұжымшарында да маңдай терімен танылған азаматтар аз емес еді. Ауылды өркендетуге Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Жартыбай Қожамешов, кейінгі басқарма төрағалары – Қасен Есмолдаев, Ізбасар Құсайынов, Меліс Сыбанқұлов, Оспанәлі Мүсіровтер зор еңбек сіңірді. Олар бір-бірімен сабақтаса жұмыс істеп, ұжымның ілгерілеуіне үлес қосты. Осы ортада еңбек еткен Ауғанбай Тұңғатаров та өз ісіне адал маман ғана емес, айналасына үлгі бола білген еңбектің нағыз ері еді.
Шаруашылық басшылары кадр таңдауда адамның қабілеті мен іскерлігін бірінші орынға қоятын. Сол сенімге ие болғандардың қатарында ағайынды Шәкәрбай, Ауғанбай және Тілеубай Тұңғатаровтар болды. Бұл әулеттен шыққан азаматтар ұзақ жыл бойы ұжым жұмысына белсене араласып, ел құрметіне бөленді. 1985 жылғы қайта құру кезеңінде де олардың тың бастамалары өндірістің дамуына серпін берді. Сол жылдары ауыл шаруашылығында жерді жалға алып, жеке еңбек арқылы өнім өндіру тәжірибесі қолға алына бастады. Алғашында бұл жаңалыққа күмәнмен қарағандар аз болған жоқ. Алайда Ауғанбай мен Тілеубай тәуекелге бел буып, шаруашылықтан 30 гектар жер алып, картоп өсірумен айналысады. Бұл жөнінде сол уақыттағы ұжымшардағы тексеру комиссиясының төрағасы Кеңесбек Әлдибеков былай деп еске алады: «Ағайынды Ауғанбай, Тілеубай Тұңғатаровтар «Тоғызбұлақ» ұжымшарында сан салалы қызмет атқарды. 1987-1991 жылдары отыз гектар егістік жерді жалға алып, картоп отырғызумен айналысты. Диқаншылықта да үлкен табыстарға жетті».
Шынында да, олардың еңбегі көп ұзамай нәтижесін берді. Ауғанбай картоп егілген алқапты өз қаражатымен игеріп, жұмысты жүйелі ұйымдастырды. Сол кездегі ұжымшар хатшысы Жанат Сағымбаев бастаған азаматтар да қолдау көрсетті. Егістікті дайындаудан бастап, өнімді қоймаға құйғанға дейінгі жұмыстар тиянақты жүргізілді. Нәтижесінде әр гектардан 110 центнер өнім алынып, бұл сол кезең үшін өте жоғары көрсеткіш саналды.
Ауғанбай Тұңғатаров 1932 жылы дүниеге келген. Орта білім алған соң әскери борышын өтеп, кейін Қаракемердегі ауыл шаруашылығы техникумында білім алады. 1952-1953 жылдары агроном мамандығын игеріп шыққан ол 1961 жылы «Тоғызбұлақ» ұжымшарына жұмысқа қабылданып, зейнеткерлікке шыққанға дейін осында еңбек етті. Отыз жылдан астам уақытын ауыл шаруашылығына арнаған еңбек ардагері қандай қызмет атқарса да жауапкершілікті бірінші орынға қойды. Ол отбасының да ұйытқысы, ұрпағына үлгі болған ардақты әке еді. Жұбайы Бүбіш Сансызбайқызымен бірге тоғыз бала тәрбиелеп өсірді. Бес ұл мен төрт қыздың барлығы да жоғары білім алып, әртүрлі салада еңбек етуде. Балалары ата-анасының үмітін ақтап, елге қызмет етіп келеді. Бүгінде Тұңғатаровтар әулеті үлкен шаңыраққа айналған. Атадан тараған тоғыз баладан 30 немере-жиен мен 76 шөбере өсіп-өніп отыр.
Өмірдің заңы – келу мен кету. Бірақ адам артында ізгі ісі мен өнегелі ұрпағын қалдырса, оның ғұмыры жалғаса береді. Ауғанбай Тұңғатаровтың өмір жолы – осының айқын дәлелі. Кеңес дәуірінде қарапайым еңбек адамдарының көпшілігі жоғары марапат алмай-ақ, таңның атысы мен күннің батысына дейін ел игілігі үшін тер төкті. Өндірілген астық, картоп, ет пен сүт мемлекет қазынасын толтырды. Бірақ сол еңбектің шынайы бағасы кейде бағаланбай жататын. Соған қарамастан олар адал еңбекті бәрінен жоғары қойды. Ауғанбай аға да сондай жандардың бірі болды. Ол өз өмірін ұрпақ тәрбиесіне, ел игілігіне, еңбекке арнады. Арманы – ұрпағының өсіп-өнуі еді. Бүгінде сол арманы орындалып, балалары мен немере-шөберелері әке жолын жалғастырып келеді.
Халқымызда «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Сондықтан елге еңбегі сіңген азаматтарды ұлықтау, олардың есімін кейінгі ұрпаққа таныту – сауапты іс. Ауғанбай Тұңғатаровтың ғибратты ғұмыры – еңбек пен адамгершіліктің, отбасылық құндылық пен ұрпақ сабақтастығының жарқын үлгісі. Өткен күнді еске алу – өткенге оралу емес, өнегені жаңғырту. Осындай еңбек адамдарының есімі ел жадында сақталып, кейінгі буынға үлгі болып қала бермек.


Советбек Дүйсенбаев,
зейнеткер
Жалағаш ауылы,
Кеген ауданы