Алматы облысында елімізде тіркелген 7 партия өкілдері алда келе жатқан Құрылтай сайлауына байланысты тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен кездесіп, белсенді жұмыс жүргізуді бастап кетті. Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің редакциясы партиялардың өңірдегі жұмысы жайлы ақпаратпен күнделікті бөлісіп отырады.
«Focus Logistic» қойма кешенінде еңбек қауіпсіздігі мен автоматтандыру мәселелері талқыланды
«Әділет» партиясының сайлауалды штабы заманауи «Focus Logistic» қойма кешенінің еңбек ұжымымен кездесті. Жүздесу барысында қойма логистикасының қазіргі жағдайы, тауарларды қабылдау, сақтау, есепке алу және жөнелту процестерін ұйымдастыру мәселелері сөз болды. Сонымен қатар техникалық құралдардың жағдайы мен өндірістік қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселелеріне назар аударылды. Кездесуде қызметкерлердің еңбек жағдайы, жұмыс ауысымдарын ұйымдастыру және білікті мамандар даярлау мәселелері де талқыланды.
«Қойма логистикасы өндіріс пен сауда арасындағы байланысты қамтамасыз ететін маңызды сала. Мұндағы жұмыс нақты тәртіпті, қауіпсіздікті және технологиялық жүйелердің үздіксіз қызметін талап етеді. Сондықтан сала мамандарының пікірін тыңдап, күнделікті жұмыста кездесетін мәселелерді талқылау маңызды», – деді Алматы облыстық сайлауалды штаб төрағасы Данияр Қасқарауов. Қатысушылар қойма инфрақұрылымын тиімді пайдалану, еңбек қауіпсіздігін сақтау және цифрлық жүйелермен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыру жөнінде пікір алмасты.
Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамалар көтерілді
«Ауыл» партиясының өңірлік штабы Алматы облысының ветеринариялық станциясы ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары таныстырылып, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, ветеринариялық қызметтің тиімділігін арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты бастамалар талқыланды. Сонымен қатар, ветеринария саласының мамандарымен ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, олардың ұсыныстары мен өзекті мәселелері тыңдалды. Қатысушылар ауылдық аумақтарды дамыту, сала қызметкерлерін қолдау, заманауи инфрақұрылымды жетілдіру және ауыл еңбеккерлерінің мәртебесін көтеру бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды.
Экономикалық әлеуетті арттыру жайы сөз болды
Құрылтай сайлауына арналған сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында «Ақ жол» демократиялық партиясының Алматы облыстық сайлауалды штабының мүшелері Еңбекшіқазақ ауданы Қойшыбек ауылында орналасқан «Маяк» кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесуге «Ақ жол» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Мейраш Шынасылов, облыстық филиал төрағасының орынбасары Абзалбек Сағымбекұлы мен бірқатар штаб мүшелері қатысты. Басқосуда сайлауалды штаб мүшелері «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын таныстырып, отандық өндірісті қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, еңбеккерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту, өндіріс саласына инвестиция тарту және өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру бағытындағы бастамалар жөнінде баяндады.
Еңбек ұжымы өндірісті дамыту, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.
Еңбек ұжымымен кездесті
Respublica партиясының Алматы облыстық сайлауалды штаб мүшелері Алатау қаласындағы «LST AGRO» ЖШС жылыжай кешенінің еңбек ұжымымен кездесті.
Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, алдағы жоспарлар мен бастамалар жөнінде кеңінен ақпарат берілді. Ұжым қызметкерлерімен ашық пікір алмасып, олардың сұрақтарына жан-жақты жауап берілді. Сонымен қатар қатысушылар алдағы Құрылтай сайлауына белсенді қатысып, өз таңдауларын жасап, дауыс беруге шақырылды. Азаматтық белсенділік пен жауапкершілік – елдің тұрақты дамуының маңызды кепілі екені атап өтілді. Айта кетсек, Жылыжай кешенінің жалпы аумағы – 7 гектар. Онда жылына 3650 тонна қызанақ өсіріледі. Кешенге 5,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция құйылған. Мемлекеттік қолдау шаралары «Даму» қоры арқылы көрсетіледі.
Еңбеккерлердің құқығын қорғау маңызды
ЖСДП Алматы облыстық филиалы және Құрылтай депутаттығына үміткер бес кандидат Алматы облысы Талғар ауданының Панфилов ауылындағы «Zeta» зауытының еңбек ұжымен кездесті.
Аталған кәсіпорын 2019 жылдан бері іске қосылған. «Zeta» ЖШС-ға қарасты зауыт негізінен диаметрі әртүрлі өлшемдегі темір құбырлар өндірумен айналысады. Олар жиһаз, орындық пен үстел жасауда қолданылады. Мұнда 176 адам тұрақты еңбек етеді. Кездесу барысында кандидаттар кәсіпорын қызметкерлерін партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Әсіресе еңбеккерлердің құқықтарын қорғау және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларға ерекше назар аударылды.
Алма бағындағы жүздесу
«Байтақ» Қазақстан жасылдар партиясының өкілдері Алматы облысындағы алма бағында бағбандармен кездесті. Жүздесуде партия өкілдері әйгілі алма сорттын сақтау, шаруашылықтарды қолдау және отандық өндірісті дамыту жайын талқылады.
Апортты «патша алма» деп те атайды. Ерекшелігі – Алматының тау бөктерінде өседі жәнежоғары сапалы жеміс береді. Алматы облысы апорт өсіруге қолайлы аймақ саналады. Партия мүшелерінің айтуынша, апортты қайта жаңғырту мәселесінде аймақтың орны айрықша. Кездесуге қатысушылар бақтарды қалпына келтіру және әйгілі сортты сақтап қалып, болашақ ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті.
Жұмысшыларды қолдауға назар аударылды
Қазақстан Халық партиясының өкілдері автобус паркі қызметкерлерімен кездесті.
Сайлау науқаны аясында Қазақстан Халық партиясының Алматы облыстық филиалы Қонаев қаласында Алматы облыстық автобус паркі қызметкерлерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында партия өкілдері қатысушыларды сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарымен таныстырды, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге, жұмысшыларды қолдауға, қоғамдық көлікті дамытуға, еңбек құқықтарын қорғауға және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларды егжей-тегжейлі баяндады.
Кездесуге қатысушылар ағымдағы мәселелер бойынша пікір алмасты, ұсыныстарын білдірді және сұрақтар қойды.

