Биыл қазақ киносының классигі, Қазақ КСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Абдолла Қарсақбаевтың туғанына – 100 жыл. Кино майталманының өмірі мен шығармашылығы елімізде жыл бойы кеңінен насихатталып, мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтеді. Өйткені оның режиссерлығымен түсірілген қазақ киносының шоқтығы биік туындыларын әлем жұртшылығы өткен ғасырда-ақ мойындап, жоғары бағасын берген болатын.
Абдолла Қарсақбаев – Алматы облысының төл перзенті. Ол Жамбыл ауданында туып-өскен. Жаңақұрылыс ауылындағы мектеп қазір режиссердің есімімен аталады. Жалпы бұл мектептің тарихы тереңде. Алғашқы ғимараты 1965 жылы салынған. Оның жобалық қуаты 150 орындық еді. Сынып бөлмелері тар және жеткіліксіз болды. Оқушы санының көбеюіне байланысты балалар 3 ауысымда білім алды. Кино тарланының туған ауылындағы жалғыз мектептің жайы осындай еді.
Мәселені шешу үшін жаңадан 600 орынды мектеп ғимараты салынып, 2016 жылы – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында және режиссердің 90 жылдығында еңселі білім ордасы пайдалануға берілді. Ауылдың жоғарғы жағында, Ынтымақ көшесіндегі білім ұясына арнайы барып, ұлт тұлғасын ұлықтаудағы толымды тірлікке куә болып қайттық. Сыртқы сәулеті келіскен, жалпы аумағы 2,6 гектарды алып жатқан білім ордасында ұстаздар қауымының алаңсыз жұмыс істеуіне, оқушылардың сапалы білім алуына барынша жағдай жасалған. Мектепте 39 оқу кабинеті, 315 компьютер, 11 интерактивті тақта бар. 4 мультимедиялық, 2 лингафон және 2 информатика кабинеттері, жаңа үлгідегі химия, физика, биология кабинеттері, асхана, мәжіліс залы, кітапхана, медицина кабинеттері жабдықталған. Көлемі 296 және 162 шаршы метрлік екі бірдей спортзалда өрендер волейбол, баскетбол ойнап, өзге де спорт түрлерімен дене шынықтырады.
Абдолла Қарсақбаев атындағы орта мектептің директоры Гүлзира Станқұлова ұлт тұлғасының есімін иеленген білім ошағының шәкірттері осы атқа лайықты болуға тырысатынын жеткізді. Қазір 148 мұғалім еңбек ететін, 2 мың оқушысы бар қазақ мектебінің материалдық-техникалық жабдықталуы тиісті деңгейде. Айтуынша, білім сапасы жақсарып келеді. Оқушылар екі ауысымда оқиды. Биыл 7 оқушы Алтын белгіге, 3 түлек ерекше аттестатқа үміткер. Ұрпаққа сапалы білім беріп, заман талабына сай әлемдік бәсекеге қабілетті, талантты жастарды дайындау үшін бүгінде мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалып жатыр десек, мұғалімдер қауымы осы мүмкіндікті тиімді пайдалануда. Биылғы мерейтойға байланысты мұнда біраз жұмыс қолға алынуда. Мектептің кіреберісінде Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығын айшықтаған арнайы стенд, тақтайшалар орналастырылған. Қабырғада кино режиссерінің бейнесі салынған. Сондай-ақ акт залының бір қабырғасы тұтастай ұлт тұлғасына арналыпты.
Гүлзира Нұриқызы мектеп ішіндегі Абдолла Қарсақбаев мұражайымен таныстырды. Жалпы бұл есім аталғанда, көз алдымызға қазақ киносының алтын дәуірі мен балалық шақтың шынайы бейнесі келеді. Мектептің екінші қабатында орналасқан музей келушіні киноның киелі шаңырағына енгендей әсерге бөлейді. Бұл орын бір адамның артында қалған жай ғана жәдігерлер жиынтығы емес, ұлттық рухтың мекеніндей. Мұндағы киноның ең үздік сәттері бейнеленген фотошежірелер көрерменді өткенге саяхат жасауға жетелейді. Музейдің ең құнды қазынасының бірі – режиссердің төл қолжазбалары. Онда «Алты жасар Алпамыс» фильмінің түпнұсқа сценарийі сақталған. Сарғайған парақтардағы әрбір түзету мен шетіне жазылған ескертпелерден шебердің қалай толғанғанын, әрбір кадр үшін қалай ізденгенін аңғаруға болады. Бұл қолжазбалар – қазақ кино өнерінің өрістеуін көрсететін баға жетпес тарихи құжаттардың қатарында.
Музей қорында сонымен қатар кино майталманының әр жылдары мерзімді басылымдарға берген салмақты сұхбаттары, кинотуындыларына жазылған кәсіби сын-пікірлер мен мақалалар сақталған. «КСРО кинематографиясының үздігі» сияқты мемлекеттік жоғары марапаттары мен дипломдарымен де осында танысуға болады. Сондай-ақ тұрмыста қолданған заттары қойылған. Ол бұйымдар режиссерді тұлға ретінде жақынырақ тануға көмектеседі. Мұндағы әрбір дүние иесінің жан жылуынан хабар беріп тұрғандай. Мәселен, өзі сусын ішкен ыдысы, кино алаңында талай асуды бірге өткерген жейдесі мен жеңіндегі түймесіне дейін ұқыптап қойылған. Мұндай жәдігерлер ұлы суреткердің қарапайымдылығы мен шынайылығын паш етіп, келушілерге асқақ тұлғаның адами бейнесін аша түседі.
Кең тынысты қазақ киносы алыбының мүсіні төрден орын алған. Мұражайдағы жәдігерлер ұлттық киноның өткенінен сыр шертіп, болашақ ұрпақтың бойына патриотизм мен өнерге деген сүйіспеншілік нәрін себеді. Бұл жерде ұрпақтар сабақтастығы байқалады. «Менің атым Қожа» десе, елең етпейтін қазақ баласы жоқ. Мектеп оқушыларының осы фильм желісімен салған суреттері мен арнау өлеңдері музейге ерекше жан бітіре түскендей. Балалардың шығармашылық жұмыстары – Қарсақбаев салған соқпақтың үзілмейтінін, өнердің мәңгілік екенін дәлелдеп тұр. Абдолла Қарсақбаев мұражайы бізге өткен мен бүгіннің алтын көпіріндей әсер қалдырды.
Мектепте режиссердің атында театр құрылған. Оның көркемдік жетекшісі – Арай Бекетаева. Бұл ұлт тағдырын таспалаған тұлғаның мұрасын кеңінен насихаттап, ғұмыр жолын дәріптеу мақсатында жасалған сәтті қадам деп бағалануда. Әйгілі режиссердің 100 жылдығына орай, осы мектепте арнайы өткізілген шарада театрдың жас әртістері өнер көрсетті. «Қазақ киносының қара нары – Абдолла Қарсақбаев» атты тағылымды әдеби-сазды кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Кештің басты мақсаты – қазақ киносының дамуына зор үлес қосқан тұлғаның шығармашылығын жас ұрпаққа таныстыру, ұлттық өнерді дәріптеу және оқушылардың рухани-мәдени танымын кеңейту болды. Шара театрландырылған қойылыммен басталып, оқушылардан құралған театр ұжымы көрерменге ерекше әсер сыйлады. 13 оқушы қатысқан қойылым барысында Абдолла Қарсақбаевтың кино әлемінде бастан кешкен қиындықтары, шығармашылық ізденістері мен балалар киносына қосқан зор үлесі сахналанды. Арай Манасқызының көркемдік жетекшілігімен өнер көрсеткен жас әртістер көрерменнің қошеметіне бөленді.
Кеш барысында жүргізушілер режиссердің қазақ кино өнеріндегі орны туралы мазмұнды мәліметтер айтып, «Менің атым Қожа», «Алты жасар Алпамыс», «Балалық шаққа саяхат» сияқты фильмдердің тәрбиелік мәніне ерекше тоқталды. Сонымен қатар «Менің атым Қожа» фильмінің 1967 жылы Франциядағы Канн фестивалінде арнайы жүлдеге ие болғаны, ал «Алпамыс мектепке барады» фильмі Бүкілодақтық фестивальде бас жүлдені жеңіп алғаны айтылды. Сондай-ақ оқушылар жүрекжарды арнауларын оқып, ән мен биден шашу шашты. Кішкентай бүлдіршіндердің «Тамшылар» әні, қазақ биі, гитара сүйемелдеуімен орындалған «Жалғыз жұлдыз» әні және хор ұжымының өнеріне жиналғандар құшырлана қол соқты.
Шараға Жамбыл ауданының Құрметті азаматтары, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, білім саласының ардагерлері мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Сол күні құрметті қонақтардың атсалысуымен мектеп ауласына 100 жылдыққа орай 100 түп ағаш отырғызылды. Оның ішінде аққайың, арша және жеміс ағаштарының көшеттері бар. Айтпақшы, мектептің жасыл желек жайқалған алаңқайы «Абдолла Қарсақбаев атындағы аллея» деп аталады. Табиғатты қорғау мен жасыл желекті көбейтуге өз үлесін қосып жүрген оқушылар әрбір ағашқа өз аты-жөндері жазылған белгі іліп қойыпты. Осылайша әрқайсысы өз қолымен еккен талды күтіп-баптауды қамқорлығына алған. Тәрбиелік мәні үлкен бұл игі іс, әрине, қуана құптарлық.
Тағылымы мол мұндай шаралар оқушылардың рухани жандүниесін байытып, ұлттық мәдениет пен өнерге деген сүйіспеншілігін арттырары сөзсіз. Қазақ кино өнерінің көрнекті өкілі, талантты кинорежиссер, ұлттың біртуар тұлғасын ел жадында мәңгі қалдыру шарасының жарқын көрінісіне осылайша куә болдық.
Жамбыл ауданында 1926 жылдың қазанында отбасында он алтыншы перзент болып дүниеге келген ол заманның ауыртпалығын көп көрсе де мойымаған. Алматы қаласында мектепте оқиды. Кино өнеріне ден қойып, кинематографистер институтында білім алады. Бала жанын терең түсініп, балалар киносының атасы атанады. Абдолла Қарсақбаев фильмдері ұлттық болмысымызды айқын бейнелейді. Ол түсірген туындылар өміршең, қанша уақыт өтсе де көрерменін жоғалтқан жоқ. Жаны таза жаралған нар қазақтың 56 жылдық ғұмыры қысқа болғанымен, соңында қалдырған мұрасы – мәңгілік.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы

