Отырар қаласынан табылған қақпақ тұтқасы – XII ғасырға жататын құнды археологиялық жәдігерлердің бірі. Бұл бұйым қыштан жасалған және ортағасырлық тұрмыста пайдаланылған ыдыстың қақпағына орнатылған. Жәдігерді белгілі археолог Бекен Нұрмұхамбетов 1968 жылы Отырар қаласында жүргізілген археологиялық экспедиция барысында тауып, ғылыми айналымға енгізген.
Отырар – Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ірі мәдени, сауда және қолөнер орталығы болған көне қала. Археологиялық қазба жұмыстары барысында бұл жерден көптеген тұрмыстық бұйым, қыш ыдыстар, әшекейлер мен еңбек құралдары табылған. Солардың ішінде ерекше назар аударатын жәдігердің бірі – қошқардың басы бейнеленген ыдыс қақпағының тұтқасы.
Қыштан дайындалған тұтқа – тек тұрмыстық зат қана емес, сонымен бірге ортағасырлық қолөнердің көркем үлгісі. Оның жасалу тәсілі, өрнегі және пішіні сол дәуірдегі қолөнердің жоғары деңгейде дамығанын, шеберлердің биік талғамы мен эстетикалық көзқарасын көрсетеді.
Қошқар бейнесі түркі халықтарының дүниетанымында ерекше орын алған. Ол күш-қуаттың, батырлықтың, байлық пен берекенің белгісі саналған. Сондықтан бұл бейне тұрмыстық затта, зергерлік бұйымда және сәулет өнерінде жиі қолданылған.
Жәдігер халықтың негізгі кәсібінің бірі мал шаруашылығы болғанын дәлелдейді. Әсіресе, қой өсірудің маңызды орын алғанын қошқар бейнесінен аңғаруға болады. Бұл бұйым арқылы сол заман адамдарының тұрмысы, дүниетанымы және мәдениеті жөнінде көптеген мәлімет алуға болады.
Бүгінде аталған жәдігер халқымыздың тарихи-мәдени мұрасының маңызды бөлігі ретінде бағаланады. Отырардан табылған қақпақ тұтқасы – ата-бабаларымыздың бай мәдениеті мен шеберлігін айқындайтын құнды тарихи ескерткіш.
Нарима Тойжанова,
Есік археологиялық өлкетану музейінің директоры
Еңбекшіқазақ ауданы

