«AMANAT» партиясы облыстық филиалының мобильді қоғамдық қабылдауы өз жұмысын жалғастыруда. Бұл жолы қабылдау Қарасай ауданында өтті. Мобильді топ құрамына кірген бірқатар облыстық құрылым өкілдерінің бірінші жартысы Қаскелең қаласындағы Мәдениет үйінде, екінші жартысы Іргелі ауылындағы мәдениет ошағында азаматтарды қабылдады.
Қаскелең қаласындағы қоғамдық қабылдау жұмысын «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Аслан Көбентаев ашты. Ол бұл іс-шара ішкі саясаттың маңызды қағидатының бірі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында жүргізіліп, «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастырылғанын айтты. Сондай-ақ кейбір мәселелер бойынша жауаптар бірден берілетінін, ал күрделі сұрақтардың шешімі белгілі бір уақыт пен қаржы бөлуді қажет ететіндіктен сәл ұзаққа созылуы мүмкін екенін еске салды.
Бұл жобаның басты мәні – облыс елдімекендеріне әртүрлі облыстық құрылымдардың басшылары келіп, тұрғындарды толғандыратын сұрақтарға тікелей, бетпе-бет жауап беруінде. Әрине, бұл ауыл тұрғындары үшін өте тиімді.
Қабылдау барысында Жібек жолы ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы мен осы округ аумағынан өтетін облыстық маңызы бар жолдардағы жол көрсеткіштеріне қатысты жайтты көтерді. Мәселенің мәнін тарқатар болсақ, бұрын бұл елдімекен Шамалған стансасы деп аталған. 2019 жылы ол Жібек жолы ауылы болып қайта аталды, алайда жол белгілерінде әлі күнге дейін бұрынғы атауы көрсетіліп тұр. Осы олқылықтың орны толтырылса деген әкім орынбасары сонымен қатар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, теміржол бойында қараусыз малдың бақылаусыз жүруі сынды мәселелерді алға тартты.
Осы округтің атынан Ғалия Есжанова да сөз алды. Ол жаңадан салынған көпірдің маңында орналасқан жаңа тұрғын үй аумағындағы көшелерді жарықтандыру қажеттігін жеткізді. Себебі, жарықтың жоқтығынан балалардың мектепке баруы немесе үйіне қайтуы қиындаған. Сонымен қатар «Ырыс» балабақшасының қызметін жолға қойған кәсіпкер ретінде оны жан басына шаққандағы қаржыландыру мәселесі де алаңдататын атап өтті.
Жандосов ауылдық округіне қарасты Шалқар ауылының тұрғыны Гүлжан Құбашева «Бұл елдімекенге дәрігерлік амбулатория ғимараты қашан салынады?» деген сауалмен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовке жүгінді. Басқарма басшысы жағдайды зерделеп, нақтылы жауап беретінін айтты.
Шамалған ауылының тұрғыны Ержан Жапаров су құбырларының апатты жағдайына алаңдаулы. Ол құбырлардың пайдаланылғанына 50-60 жыл болғанын, ауыл Қаскелең топтық су құбырына қосылардан бұрын, су желілерін ауыстыру қажеттігін, әйтпесе олар шыдамауы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар бұл елдімекен үшін қаңғыбас иттер де үлкен қиындық туғызып отырғанын, мектептер мен балабақшалар маңында көп жүретінін алға тартты.
Райымбек ауылдық округінің ақсақалдары да тұрғындарды толғандырған мәселелерді ортаға салды. Округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Леміс Әбдікәрімов, оның орынбасары Қыдырбай Әбдіразақов және Бұлақты ауылының тұрғыны Нұрмұрат Тәңірбергенов алдымен Мәдениет үйінің жоқтығын сөз етті. Мұнда әжелер хоры құрылған, бірақ жаттығатын орын болмағандықтан, әжелер үйлерінде жиналуға мәжбүр. Бұлақты ауылында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектеп құрылысы да тоқтап тұр. Нысанды қазан-қараша айларында тапсыру жоспарланған еді, алайда бірқатар себептермен құрылыс созылып кеткен.
Ақсақалдар Алматы қаласындағы Абай, Төле би көшелерін округ елдімекендерінің аумағына дейін жеткізу жұмыстарының аяқталуын да асыға күтуде. Бұл округ тұрғындарының мегаполиске қатынауын әлдеқайда жеңілдетер еді. Алайда белгісіз себептермен бұл шаруа да тоқтап қалған.
Келушілер электр қуатының жиі өшуіне, Алматы қаласынан Доланға Райымбек ауылы арқылы қатынайтын №239 бағытының қозғалыс кестесін қайта қарау қажеттігіне байланысты өз пікірлерін білдірді.
Қабылдауда басқа да ауылдық округтердің тұрғындары өз ұсыныс-тілектерін жеткізді. Олардың көбі тұрғын үймен қамтамасыз етуге, жұмысқа орналасуға, денсаулық сақтау және мәдениет нысандарын салу мен жөндеуге, су құбыры желілерінің, автомобиль жолдарының жағдайына қатысты болды.
Аслан Нұрахметұлының айтуынша, жалпы облыс бойынша «Мобильді қоғамдық қабылдау» жобасы аясында осындай 165 қабылдау өткізіліп, оған 1006 адам қатысқан. Түскен өтініштердің жартысынан астамы оң шешімін тапқан, ал қалғандары бойынша тиісті түсіндірулер мен кеңестер берілген. Сонымен қатар кездесулерде құқықтық сауаттылықты арттыру үшін «Құқықтық көмек» жобасы аясында азаматтарға түрлі мәселелер бойынша тегін заңгерлік кеңестер көрсетілуде.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы




