Оң атта, Жаңа жылым, ақтангерім
Қазаққа қадірлісің, мақтан едің!
Ынтымақ, ел-жер сәні, гүлді қырда,
Ұлы көш керуені тартқан легін.
Ащы жоқ, жусан шөптің кермегіндей,
Тәтті жоқ, ақындардың өрмегіндей.
Кермек пен тәтті дәмін татқан қазақ,
Қай тозақ, қай жұмақты көрмегендей?!
Бас қойдық шығыс, батыс әдебиетке,
Шетелше бүгін сөйлеу мәдениетте.
Шіркін-ай, күн туар ма, қазақшамды,
Танытар жержүзілік әлеуметке!
Мәртебем өссін атап Жамбыл атын,
“Қазақпын!» – деп құжатсыз танылатын.
Ән-күйім, жыр-дастаным қанаттанып,
Шет жұрты сүйсінетін, табынатын!
Жақсыға бір асым ет табылатын,
Ретім жоқ жағымпаз боп жағынатын.
Жанымның қазынасына құлдық ұрсын,
Қара алтын, байлыққа емес, ағылатын.
Ақтаңгер, шуағыңа бөленгеннің,
Жолдарын көлдеңдеп кім кеседі?!
Нәр алған биігіңнен бұлақтарың,
Қазақша-ақ жер жаһанмен тілдеседі.
… Домбыраның құлағын бұрағандай,
Әуен-саздың нақышын құрағандай,
Емін-еркін жырлайын шабыттанып,
Күн көзінен мейірім нұр шалғандай!
Надежда Лушникова,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері




