Есік өңірінің оқушысы Нұрислам Абдыхамыт үш жыл қатарынан республикалық ауыл мектептері олимпиадасында жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Биыл ол Қарағанды техникалық университетінің ректорлық грантына ие болды. Сондай-ақ алтын медаль иегері ретінде 2026 жылғы наурызда өтетін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға қатысады.
Нұрислам – Еңбекшіқазақ ауданы, Рахат ауылдық округіндегі №1 орта мектептің 11-сынып оқушысы. Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы мен кемеңгер жазушы Шерхан Мұртаза дүниеге келген Жамбыл облысы Жуалы ауданының киелі топырағында туған. Көпбалалы отбасының тұңғышы соңынан ерген бауырларына үлгі болып, кішкентайынан қағылез, айналасын тануға, білімге құштар болып өседі. Жаратылыстану ғылымдарына ден қойып, химия пәнінен олимпиадаларға қатысып жүргенімен, Нұрислам шығармашылыққа да өте жақын. Тарихи, әдеби кітаптарды құлшына оқып, сөз өнерінің сырына қанық. Өз қаламынан туған 250 шақты өлеңі басылған «Поэзияға ғашықпын» атты өлеңдер жинағының авторы. Оқу-білімге, ғылымға, жан-жағын тануға деген құштарлық, тынымсыз еңбегі мен талпынысы Нұрисламның бойындағы жоғары жауапкершілік, тәртіп пен тәрбиеден, интеллектуалды білімінен айқын көрініп тұрады.
Оқу озатының химия пәніне деген қызығушылығы 7-сыныптан басталған. 9-сыныпта алғашқы ұйымдастырылған ауыл мектептерінің оқушыларына арналған олимпиаданың республикалық кезеңінде химия пәнінен үздік нәтиже көрсетіп, абсолют жеңімпаз және алтын медаль иегері атанды. 2024-2025 оқу жылында пән олимпиадасының республикалық кезеңіне қатысып, қола медаль жеңіп алды.
Биыл аталған білім сайысының жаратылыстану-математикалық бағыттағы республикалық кезеңіне 475 оқушы қатысты. Олимпиада қорытындысы бойынша барлығы 200 медаль: 36 алтын, 66 күміс және 98 қола табысталды. «Үздік олимпиадалық команда» номинациясы бойынша I дәрежелі диплом Алматы облысының құрамасына табысталып, II орын Атырау және Ақмола облысының командаларына, ал III дәрежелі диплом Қызылорда және Батыс Қазақстан облысының құрамаларына берілді. Жеңімпаз оқушылар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бес ректорлық грантымен марапатталды. Осы бес гранттың бірі – Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің гранты және олимпиаданың алтын медалі Нұрисламға бұйырды. Әрі ол ауыл мектептерінің оқушыларына арналған олимпиадада Алматы облысының үш дүркін жеңімпазы атанды. Бұл – Нұрислам мен химия пәніне деген ерекше қызығушылығын оята алған әрі биіктерге талпындыра білген жетекшісі Ерназар Нұртайдың қажырлы еңбегінің жемісі.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы




