-13 °c
Qonaev
Thursday, June 12, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Бақыттың биік бағасы

    30.05.2025
    in Барлық жаңалықтар
    Бақыттың биік бағасы
    0
    SHARES
    54
    VIEWS

    Тәңіртаудың құт қонған қойнауы – қазақ халқына Көдек Маралбайұлы мен Шарғын Алғазыұлы, Мұқағали Мақатаев пен Еркін Ібітанов сынды ғажайып ақындарды сыйлаған киелі өлке. Маңғаз да тәкаппар таулар мен көркі көз сүріндіретін табиғатқа қарап өскен ұрпақтың рухы биік, парасатты, жаны сұлу болмауы мүмкін емес. Жазиралы алқаптың жұпар аңқыған ауасымен тыныстап, мұзтаудың мөлдір бұлағымен шөлін басатын өр Аспантаудың сертіне берік, талантты ұл-қыздарының қатары сиреген емес. Солардың ішінде өз ортасында бағасы биік азаматтың бірі ақын Бақыт ЖАҒЫПАРҰЛЫ.

    Бақыт, ең алдымен, ат сүрінгенше өлең құрап үлгеретін тапқырлығымен, сөздік қорының молдығымен, ағылыптөгіліп айтатын шежіре-шешендігімен, айтыстың табиғатына қиянат жасамай, қайымдасып-жауаптасып айтысатын адалдығымен танылған, тәуелсіздік жылдарындағы ұлттық мәдениетті сақтау мен дамытуда ерекше үлес қосқан болмысы бөлек ақын. Бейнетаспадағы бірнеше айтысын мұқият қарап шықтым. Кейбір айтыстарында көрермен қатарында отырып, таланты мен тапқырлығына таңдай қағып, қол соққанмын. Әсіресе оның айтыста ешкімнің жеке басынан мін іздемейтін мәдениеттілігіне, жүлде үшін емес, жүлге үшін айтысатын дегдарлығына сан рет тәнті болдым. Бақыт – айтыстың ежелгі дәстүрін сақтай отырып, заманауи үлгісі мен талаптарына бағына білген терең білімді шайыр. Ақеділ ақын үнемі қарапайым қалпынан айнымай, үлкенкішіге бірдей құрметпен қарайтын, атақ пен шен-шекпеннің буына мастанбай, өзін бір қалыпты ұстайтын байыпты да сабырлы, маңғаздың өзі.

    Аспантаудың аясында өскен ол – тек ақын ғана емес, сонымен бірге Қазақ радиоларының жұмыс сапасын арттыруға жан салып жүрген кәсіби журналист, дауысында Байжанбаевтан жалғасқан Аманжан Еңсебайұлының сарыны бар білікті диктор. Табандылығы мен іскерлігінің арқасында Қазақ радиоларының Алматы бөліміне басшылық та жасады. Аспады, саспады, ізденуін жалғастырып, білгенін жастарға үйретті. Өзі басшылық ететін радионың эфирінен айтыс пен жыр термелерді ел арасында кеңінен насихаттап, жастардың ұлт өнеріне деген қызығушылығын арттырды. Соның нәтижесінде дәстүрлі әншілер мен аламан айтыстың көрігін қыздыратын жастар қосыны қалыптасты. Осылайша, мәдени мұраны сақтау мен жаңғыртуға елеулі үлес қосты.

    Ел руханиятына қалтқысыз қызмет етіп жүрген ақынның алғашқы өлеңдер жинағы «Жанымның жазы» деген атпен оқырман назарына ұсынылмақшы. Жылдар бойы ақын жүрегін тулатқан ақжарма жырдың нәзік иірімдеріне ағалық лебіз білдіруді жөн санадым. «Перзент үні», «Сезім тілі», «Көңіл нұры», «Өмір гүлі», «Жүрек сыры» қатарлы бес бөлімнен тұратын өлеңдер жинағының әр бөліміне ұйқастырып, үндестіріп, қабыстырып қойған тақырыптарынан-ақ бұл кітаптың іші құнды қазынаға толы екенін аңғаруға болады.

    Самаурынын қайнатып, үрлеп қойып оттығын,

    Бар ауылдың тілейтін, амандығын, тоқтығын.

    Тұрсын, Бихан әжелер, менің Күлән анам да,

    Сағынғанмен, амал не, арамызда жоқ бүгін.

    Ақын бала кезінде көрген берекелі ауылдың қамқор қарттарын сағынады, мейірбандығын, кеңдігін, аядай үйінде отырып, ауылдың амандығын тілейтін даладай дарқан пейілін аңсайды. Мәңгілікке жоғалтқан асылдарын шарқ ұрып іздейді. Олардың барлық ізгі қасиеті өзінің мөлдіреген өлеңі екенін сезінеді. Адамгершілік пен адалдықтың айнасындай болған ауыл қарттарының етегіне оралып, ертегі тыңдап өскені, үлкендердің қолына құманмен су құйып, ақ батаға кенелгені, ел-ағайынның сыйластығы, қазақы кеңдік пен ұлттық салт-дәстүрдің барлығы да Бақыт Жағыпарұлының өлеңдеріне өзек, ойына арқау болған.

    Мен туған жер шұрайлы Шибұт таудың етегі,

    Қорғасындай ұйыған, Қожбанбеттер мекені.

    Бір ғана «Шұрайлы» сөзімен түгін тартса, май шығатын Шибұт тауының етегі төрт маусымда да құлпырып тұратынын, «Қорғасындай ұйыған» деп, төрт түлікпен күнелтетін шағын ауылдың береке-бірлігін бейнелейді. Туған жері мен өскен еліне ынтық жүрек «Қайран, Қарасазым-ай!» деп жырлаған Мұқағалиша толғайды.

    Күнгейлі, орта Жайдақ, шеткі Жайдақ,

    Алаңсыз албарыңда өстім ойнап.

    Төрдегі түйе шоқы төбесінен,

    Көз салсаң, кең жазықтың кескіні әйбат.

    Оқып отырсаңыз, арасынан ұйқас үшін қолданған бөтен сөз таппайсыз. Ұлы Абайдың «Қиыннан қиыстырар ер данасы» деген өлең құрылымына қойған өлшеміне сай келіп тұрғанын байқайсыз. Бұл жолдар:

    Байқасаң, Іле жердің ортасындай,

    Егер де дене болса, қолқасындай.

    Тауы алтын, тасы күміс, ағашы жез,

    Сулары еркек қойдың сорпасындай,

    – деп жырлайтын Таңжарық Жолдыұлының өлеңімен үндесіп жатады. Екеуі Хантәңірі тауының ең биігіне шығып алып, екі жаққа қарап домбырамен жырлап отырғандай көз алдыңызға келеді. Бақыттың шығармаларынан оның кітаби білімінің мол екенін аңғаруға болады. Әсіресе «Көз салсаң, кең жазықтың кескіні әйбат» деген жолы ескі және есті сөздер мен атаутерминдерді жастайынан жадында жаттап өскенінен дерек береді. Мұндай байырғы қазақы атаулар ақынның әрбір өлең жолынан кездеседі. Мысалы, байтақ ғалам, албар, шап айыл, барқыт түн деген сияқты теңеулер әр шумақтың зерлі кестесіндей әсер қалдырады.

    ХІV-ХV ғасырдағы Шалкиіз Тіленшіұлы, одан бергі Ақтамберді, Қазтуған, Нартайлардан жалғасқан жыраулық дәстүр біздің Бақыт ақынның өлеңдерінен де өз өрнегін табады. Оған нақты дәлелдің бірі Шарғын Алғазыұлын еске алу асында айтқан мына өлеңі деуге болады:

    Ассалаумағалейкум деп,

    Амандасайын жаранға!

    Уақыты мен жол келіп,

    Тиген соң кезек маған да.

    Той болып жатса ауылымда,

    Қатардан кейін қалам ба?

    Алыстан ұлым келді деп,

    Ақ сақалдары желбіреп.

    Ет жүректері елжіреп,

    Көзінің нұры мөлдіреп.

    Үнімді менің сағынған,

    Ел-жұртым тегіс аман ба?

    Бұл Шарғындай ақынын еске алуға жиналған ағайынға арнауының басы ғана. Ары қарай ақынды туған ел мен жердің қадыр-қасиеті жартастан құлаған ақ бұлақтай Бақантайдың көмейінен сорғалай береді, сорғалай береді. Мұндай төкпе өлеңдер Бақыттың арнаулары мен айтыстарынан жиі кездеседі. Әсіресе айтыстың қайырмасы секілді көрерменге рух беретін елдіктің сөзін осылай құйылтады. Мұндай сәтте арқаңыз қозып, айызыңыз қанады да, ақыныңызбен бірге асқақтай бересіз.

    Бақыт Жағыпарұлы тек қана қара өлең мен айтыстың өкілі емес. Ол – жан-жақты ізденетін, заманының сыры мен замандастарының мінез-құлқын, қимыл-әрекетін шығармаларына шебер қолдана білетін суреткер ақын. «Күз» деген екі шумақ өлеңіне назар аударайықшы:

    Тағы, міне, құстар қайтты, күз келді,

    Сары жапырақ талдан құлап, із көмді.

    Есігінен емін-еркін енгізбей,

    Жатақхана жатырқайды бізді енді.

    Сен кеткелі бұл маңға аяқ баспағам,

    Қаз-қалпында студенттік баспанаң.

    Өзің тұрған бөлмеңізден басқа адам,

    Шыға келіп, жазғырардай жасқанам.

    Өлеңнің негізгі құрылымы – күз, қыз, жатақхана үшеуінен жарасым тауып, соңында «Басқа адам» деген әлдебір жасырын кейіпкермен тәмамдалады. Қайтқан құстар мен үзілген жапырақ арқылы жадырап, жайраңдаған қыз-ғұмырдың аяқталғанын шебер суреттейді.

    Бақыттың «Жанымның жазы» кітабына енген өлеңдерінде балалықтың бал дәурені, жастықтың жалын атқан шағы, өмір өрнектері мен ақын жүрегінің құпия сырлары кезең-кезеңімен бейнеленген. Ақынның әрбір шығармасы ұйқасының шымырлығымен, сөзінің салмақтылығымен, ойының тереңдігімен, көркемдігімен, шынайылығымен ерекшеленеді.

    Туған жігіт ұлылар мекенінде,

    Жаралғансың, нар жүгін көтеруге.

    Ердің жасы, мерейтой құтты болсын,

    Жеткізсін Жаратушым екі елуге!

    Өлеңдегі өрісің кең, алар асуың биік болсын, Бақыт ақын!

    Әбдіғани БӘЗІЛХАНҰЛЫ, ҚР Мәдениет саласының үздігі

    *******************************

    Бақыт ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

    ақын, Президент сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі

    Ескі жұрт

    Балғын кезім қол бұлғап алыс қырдан,

    Құлаққа естіледі таныс бір ән.

    Жаз жайлау қырқа-белдің қапталында.

    Тайымды мен де желмен жарыстырғам.

     

    Уақыт алмасса да кезеңімен,

    Туған жер, менің алтын өзегім ең.

    Төрт түлік мал жусаған жағасында,

    Қанып ішіп Кеңбұлақ өзенінен.

     

    Таңдайдан дәмі кетпес тау бұлағы,

    Жан түгіл, тастың шөлін қандырады.

    Жіңішкенің төрінде, Кіндіктаста,

    Менің балаң дауысым жаңғырады.

     

    Машақаты мол еді қой бағудың,

    Соның бәрі оралды ойға бүгін.

    Еріксіз жанарыма жас үйірді,

    Ескі жұрты кешегі қойлы ауылдың.

     

    Шеткі Жайдақ

    Күнгейлі, орта Жайдақ, шеткі Жайдақ,

    Алаңсыз албарыңда өстім ойнап.

    Төрдегі Түйешоқы төбесінен,

    Көз салсаң, кең жазықтың кескіні әйбат.

     

    Өзеннің арғы жағы, шет, бұрыстау,

    Біздің үй қос қоралы ескі қыстау.

    Таспа тілер бәкісін қынындағы,

    Көкемнің дағдысы еді өткір ұстау.

     

    Білте шам жарығымен қамшы өретін,

    Тобылғыны қаптайтын, көмкеретін.

    Әкем де домбырасын қолына алса,

    Ойына әуезді бір ән келетін.

     

    Сөйлемейтін, қабағы түйілетін,

    Бәлкім, соған ішінен күйінетін.

    Ұлағатын ымменен ұғындырып,

    Шәлипа әжем ұршығын иіретін.

     

    Салиқалы, сабырлы, саялы адам,

    Көнбіс анам, өз жанын аямаған.

    Сөзге тілі келмейтін қарт енесін,

    Алақанда әлпештеп, аялаған.

     

    Бала күннен белгі көп, ойға алатын,

    Жылқының күзетінен таңға жақын,

    Рәшит ағам қайтса, Күлзия әпкем,

    Ақпанда, ақ боранда қой бағатын.

     

    Айнала қар жамылған аппақ әлем,

    Есімде сол шақтарды сақтаған ем.

    Жайдақтың қойнауында қалды күндер,

    Бастаудан су таситын ат шанамен.

     

    Қараша үй, ыстық ұя, қара орман,

    Қара орманым, қасиетті ақ ордам.

    Менің адам болмысымның негізі,

    Сенің берік босағаңнан қаланған.

     

    Ата қоныс, ғұмырымның бесігі,

    Тағдырымның таусылмайтын несібі.

    Бар қонақтың аяғымен бақ келіп,

    Айқара ашық тұрушы еді есігің.

     

    Көкірегінде шежіре, дастан жатталған,

     Ақылы дария, құймақұлақ, қарттардан,

    Ақ бата алып, сенің осы төріңнен,

    Арман қуып, Алматыға аттанғам.

     

    Мен перзентің, алыс кетіп, сырт қалған.

    Сағынғанда жанарымнан шық тамған.

    Қалғып кетсем, түсіме еніп, қараша үй,

    Оянамын, ұстап жатып тұтқаңнан.

     

    Ағаға арнау

    (Тоқан Ботабековке)

    Түйсініп тау мен дала, орман сырын,

    Көріп өскен Хантәңір заңғар шыңын.

    Нарынқолдан Мәскеуге қанат қақты,

    Жалғыз ұлы Көкендей орманшының.

     

    Жоқ еді қамқор көке, ағасы да,

    Арқасын сүйеген жоқ нағашыға.

    Мәскеуге жолға шыққан баласы үшін,

    Алаңдап қалды әкесі, анасы да.

     

    Жолынан жаңылдырмай үміт – ұлы,

    Оқудан қол үзбеді күні-түні.

    Жат жерде ширықтырды жас жігітті,

    Жүйріктей өзін-өзі суытуы.

     

    Ардақтап адалдықты, шын еңбекті,

    Жек көріп жалқаулықты шідерлепті.

    Болашақ инженері құрылыстың,

    Уақытын құры бос жібермепті.

     

    Дос болды, жол көрсетті қаншама адам,

    Ізденіп, үйренуден шаршамаған.

    Тәлімгерге айналды енді өзі де,

    Көргені, білгені көп әр саладан.

     

    Оралып Абай сөзі жиі есіне,

    Күш салды құрылыстың жүйесіне.

    «Бір кетікке кірпіш боп қаланды да»,

    Айналды кірпіш зауыт иесіне.

     

    Сіз шығарған кірпіштен Тоқан аға,

    Үй салды жазыққа да, жотаға да.

    Кеудеңе «Құрметтеп» орден тақты,

    Ескеріп еңбегіңді Отан-Ана!

     

    Алматы, Талдықорған, Астанаға,

    Бетон-кірпіш жетуде басқаға да.

    Қабырғасы қаланып талай үйдің,

    Көп қазақ қол жеткіздік баспанаға.

     

    Жоқ-жітікке болысып ел ішінен,

    Аянбадың ақыннан, серісінен.

    Қазынаңнан халыққа қарайласып,

    Дүниеңді келесің бөлісумен.

     

    Бармын деп те, баймын деп тасынбадың,

    Жайқалып өссін ұрпақ – жасыл бағың.

    Тоқан аға, жасай бер, аман болып,

    Қайсарқызы Ләззат – асыл жарың!

     

    Қаһарман (Гүлсімхан-Тәутік әпкеме)

    Ұстап берік туыстық тұтқасын да,

    Еңсе тіктеп, аяқты нық басуға.

    Анамыздан айырылып, көз жазғанда,

    Қорған болдың айналып ықтасынға.

     

    Бейнетпенен безбендеп әр күніңді,

    Еңбекпен бедерледің бар жылыңды.

    Жасын сүртіп, жұбатып жылағанды,

    Арнадың жүрегіңмен жан жылуды.

     

    Ақиқаттың алдында аппақ арың,

    Бауыр түгіл, елжіреп жатқа жаның.

    Жетімдерді жеткізіп соңыңдағы,

    Адалдық қақ жолынан аттамадың.

     

    Жақын тұттың, өзіңмен аралас кім,

    Есігіңді айқара соған аштың.

    Жаураған жанға жылу, жәрдем бердің,

    Харекетін күйттемей қара бастың.

     

    Әр пенденің қайғы мен қатар бағы,

    Орындалған қай жанның от арманы?!

    Қиындыққа қасқайып қарсы тұрған,

    Адамдық – адалдықтың қаһарманы.

     

    Ұядан, ата-анадан көргеніңді,

    Дәріптеп, бәрімізге берген үлгі.

    Таудан биік, теңізден терең әпке,

    Қалай ақтай аламыз еңбегіңді?!

     

    Өлең-ғұмыр

    Өлең, өлең, өмірдің барлығы да,

    Сәске түс пен қараңғы, таң нұры да.

    Жырға айналып кеткендей жақпар тастар,

    Жасыл желек жайлаудың шалғыны да.

     

    Гүл көмкерген қара жер, анау аспан,

    Уақыт та әр күнді ала қашқан.

    Өлең болып сөйлейді ақша бұлт та,

    Солар жайлы жаза алсам жаңа дастан.

     

    Қиқар құлын кісінеп желідегі,

    Қосақталған қос бұзау мөңіреді.

    Көгендегі қозы-лақ жамырасып,

    У-шумен абыр-сабыр төңірегі.

     

    Қасиетті қазақтың даласында,

    Өлең боп ағып жатыр қара су да.

    Қыз-жігіт өлең айтып сырласып тұр,

    Әнеки, алтыбақан аясында.

     

    Бір арқар шың басында керіліп тұр,

     …Аңшының айласы мен сенімі ұтқыр.

    Күзгі бақтың сан алуан жемісіндей,

    Соның бәрі өлең боп төгіліп тұр.

     

    Қансонарда із кесіп құмай тазы,

    Түлкі-тағдыр жаныңды мұңайтады.

     Өлең өріп, өмірді өрнектеген,

    Мен жайлы соңғы өлеңді кім айтады?

     

    Домбыра

    Ғажап менің тарихым да, тілім де,

    Ұмытқам жоқ салт-дәстүрдің бірін де.

    Аңыз-дастан, күй мен айтыс, жыр-терме,

    Жеткен бізге домбыраның үнінде.

     

    Құт дарыған қасиетті, киелі,

    Арша, қайың, үйеңкіден сүйегі.

    Қарағайдан шапқан қалақ домбыра,

    Сыр ағытқан тоғыз перне, тиегі.

     

    Маржан сөздің, асыл ойдың арнасы,

    Салт-санамның қазыналы қамбасы.

    Домбыраның өзегінде өрілген,

    Тасқа басқан тарихымның таңбасы.

     

    Сан ғасырдың қатпарындай шанағы,

    Қос ішекті шертсе саусақ салалы.

    Қоңыр үнді домбыраның күмбірі,

    Дүбірлеткен мынау байтақ даланы.

     

    Қазақ тілі

    Тіл дегенім – аузымдағы сөзім ғой,

    Тіл дегенім – қос жанарым, көзім ғой.

    Өн бойыма қанмен келген бабамнан,

    Тіл дегенім – мына менің өзім ғой.

     

    Қазақ тілі, ана тілім айбыным,

    Ар-ұжданым, бар бақытым байлығым.

    Қазақ тілі қан тамыры халқымның,

    Түбі терең лайланбас айдыным.

     

    Дұғасы да, батасы да, тілегі,

    Менің тілім – тәуелсіздік тірегі.

    Қазақ тілі – байрағымның белгісі,

    Елдігімнің, ерлігімнің жүрегі.

    Ұсынымдар

    Ауылды дамытуға жол ашады

    Ауылды дамытуға жол ашады

    10 months ago
    Халықтық штаб Гүлдала ауылының тұрғындарымен кездесті

    Халықтық штаб Гүлдала ауылының тұрғындарымен кездесті

    8 months ago
    Боралдайдың наны – дастарханның сәні

    Боралдайдың наны – дастарханның сәні

    1 year ago
    Жол сапасы қандай болуы тиіс?

    Жол сапасы қандай болуы тиіс?

    6 months ago
    Сенат төрағасы Алматы облысының мәслихат депутаттарымен кездесті

    Сенат төрағасы Алматы облысының мәслихат депутаттарымен кездесті

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.