Бүгінгі жаһандану дәуірінде бірнеше тілді меңгеру – тек артықшылық қана емес, заман талабы. Осы орайда облыс орталығындағы Мәдениет үйінде «Көп тіл – бір әлем» атты салтанатты жиын өтті. Оған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, аудан-қала әкімдіктерінің мамандары, мекеме-ұйым жетекшілері және өңірдің полиглот жастары қатысты.
Салтанатты шараның шымылдығы көп тілді меңгерген тұлғалар туралы бейнефильммен ашылып, бірнеше тілді еркін меңгерген жандардың өмір жолы мен табандылығы жастарға үлгі етілді. Алғашқы болып сахнаға көтерілген Марат Елеусізұлы жиналған қауымды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, егемендіктің ел тарихындағы орны мен маңызына тоқталды, тіл мен тәуелсіздіктің егіз ұғым екенін атап өтті. Қазақ тілінің елді біріктіретін басты құндылық, ал үштілділік саясатының жастарды әлемдік кеңістікке шығаратын маңызды құрал екенін жеткізді.
– Облысымызда бірнеше тілді оқып үйренуге мүмкіндік жасалған. «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және оның филиалдары қазақ, орыс, ағылшын тілдерін тегін оқытады. Алдағы уақытта аппарат қызметкерлеріне де осы курстарда оқып, тілдік дағдыларын жетілдіруді тапсырамын. Себебі үш тілді меңгерген адам қандай биіктікке болсын еркін самғайды, – деп өңірде көптілді меңгерген азаматтарға қолдау көрсетілетінін алға тартып, қазіргі таңда облыста 4 және одан да көп тілді меңгерген 120-дан астам азаматтың барын айтты.
Артынша Марат Елеусізұлы бірнеше тілді еркін меңгерген жастарға облыс әкімінің Алғыс хатын табыстап, «Полиглот – 2025» номинациясымен марапаттады. Сондай-ақ облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Нұрмаман Оқасқа ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін тақты.
Келесі болып сахнаға көтерілген ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Ердембекұлы тіл тек қарым-қатынас құралы емес, үлкен танымдық дүние екенін айтып, көп тіл білу үрдісі көпшілікке үлгі болуы керектігін жеткізді.
Өз кезегінде мінберге көтерілген марапат иелері көп тіл үйренудегі тәжірибелерімен бөлісті. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Айбар Теменов қазақ, ағылшын және қытай тілдерінде сөйлеп, көптілділіктің мемлекеттік басқарудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ «БЕНТ» ЖШС директоры Дінмұхамед Кузиев, Қарасай ауданындағы Кемертоған орта мектебінің мұғалімі Райымбек Алпаров, Райымбек ауданындағы «Нарынқол» шекара бөлімшесінің сарбазы Санжар Құдайбергенов, Қаскелең қаласындағы «Келешек мектебінің» 7-сынып оқушысы Кәусар Миятбек бірнеше тілде еркін сөйлеп, жастарға нақты мотивация берді.
«Көп тіл – бір әлем» атты бұл жиын тіл саясатының қағаз жүзінде емес, нақты іспен жүзеге асып жатқанын көрсетті. Салтанатты шара облыс өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласып, әуелеген ән мен күмбірлеген күй жиынның мазмұнын байыта түсті.
Құралбек СӘБИТОВ




