Қарасай ауданының тұрғыны Бату Жалпақов – еңбегімен елге сыйлы азамат. Ол 18 жылдан бері «Isker company» зауытында үздіксіз жұмыс істеп келеді.
Кез келген істің ебін таба білетін Бату 1985 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданы Әйтеке би ауылында дүниеге келген. Әкесі Базарбай мен анасы Несібелі төрт ұл тәрбиелеп өсірді. 10-сыныпқа көшкенде асқар тауы қайтыс болып, отбасындағы бар ауыртпалық анасына түседі. 2005 жылы әскери борышын өтеп келген соң, жұмыс іздеп, алып шаһар Алматыға аттанады. Сөйтіп жүріп Қарасай ауданындағы «Isker company» кірпіш зауытына орналасады.
Бүгінде ол аталған кәсіпорында бригадир қызметін атқарып жүр. Еңбек сатыларынан абыроймен өткен кейіпкеріміздің зауытта табан аудармастан жұмыс істегеніне 18 жылдан асқан. Қарбалас тірліктің ортасында жүріп ағалық міндетін де ұмытпаған. Өзінен кейінгі інілері Бақытжан мен Ерланға осы компанияға қарасты «Өрлеу» ЖШС-нан жұмыс тауып береді. Олардың отбасын құрып, жеке шаңырақ иесі атануына көмегін аямайды. Төрт ағайындының ішінде тек үлкені ғана туған жерінде тұрақтап қалған.
– Әр істі жауапкершілікпен атқаруға тырыстым. Шыңдала жүріп өз жолымды таптым. Егер адам өзі еңбек еткен ортасын құрметтесе, әріптестері де оны бағалайтын болады. Бұл ретте компанияның негізін қалаған Болат Әбеновке, қазіргі директорымыз Әлібек Болатұлына ризалышығымды білдіргім келеді. Осындай кәсіпорынды іске қосып, мен секілді көптеген азаматты жұмыспен қамтып, қызметкерлерінің жағдайын жасап, уақытылы ақысын беріп отырғандары үшін рахмет айтамын. Жұмыста сенім артып, қолдау көрсетіп, үнемі жаңа биіктерге жетелеп жүрген басшыларға алғысым шексіз, – дейді Бату.
Қарапайым мінезі, ақкөңілдігі мен еңбекқорлығы жарасқан, адамгершілік қасиеті жоғары Бату Жалпақов – отбасының тірегі. Жары Мақпал Еркімбаевамен Қаскелең қаласында танысқан. 2019 жылы екеуі отау құрып, шаңырақ көтереді. Араға бір жыл салып кейіпкеріміз әке атанып, отбасылық қуанышы еселене түсті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
Қарасай ауданы




