Алматы облысында биыл 711 орынға арналған 4 жаңа жатақхана пайдалануға беріледі. Бұл туралы «Жұмысшы мамандықтары жылын» қорытындылау салтанатында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мәлімдеді.
Осылайша Талғар агробизнес және менеджмент колледжі, Талғар политехникалық колледжі, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі және Қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжінің инфрақұрылымы жаңарып, студенттер жайлы әрі заманауи талаптарға сай жатақханаларға жайғасатын болады.
Бұл мақсатқа бюджеттен 6 млрд теңге бөлінді.
«*Бүгінде Алматы облысында 41 колледж жұмыс істейді, онда 22 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сондай-ақ өңірде жұмысшы мамандықтарына деген нарықтық сұраныстың артуына байланысты колледждерде «Гидротехникалық мелиорация», «Қашықтықтан басқарылатын авиациялық жүйелер», «Газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін құрастыру және пайдалану», «Лифт шаруашылығы және эскалаторлар», «Жиһаз өндірісі» сынды жаңа мамандықтар ашылды. Бұл бастамалар облыстың дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз» – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Өңірдегі колледждер болашақ жұмысшы мамандарын даярлау ісінде жергілікті кәсіпорындармен тығыз жұмыс істейді. Алматы облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 238 кәсіпорынды қамтитын дуальды оқыту жүйесі енгізілген. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық аясында мемлекетаралық меморандумдарға қол жеткізіліп, соңғы бірнеше жылда студенттер мен педагогтердің Түркия, Франция, Қытай Халық Республикасы және Оңтүстік Корея елдерінде тағылымдамадан өтуіне жағдай жасалды.
Айта кетерлігі, биыл өңірден 35 студент пен 14 педагог Қытай Халық Республикасында «Автокөліктерге қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша білімін жетілдіреді.
Айта кетейік, Алматы облысында қызмет ететін жұмысшы мамандық иелеріне, техникалық және кәсіптік білім беру саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен сала мамандары мен «WorldSkills-Kazakhstan» X Республикалық чемпионатының жүлдегерлеріне «Жұмысшы мамандықтары жылын» қорытындылауға арналған салтанатты шара барысында мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқаны үшін ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен «Асхат» шаруа қожалығының механизаторы Сәмиев Едік Тұрғынбайұлы марапатталды.
Сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалімен «АВЗ» ЖШС парақ майыстырғыш станок операторы Қасымов Дулат Мұхамедқазыұлы және «Baron» ЖШС металл өңдеу және дәнекерлеу учаскесінің бастығы Черепанов Геннадий Александрович марапатталды.
Одан бөлек, білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін 2 педагогке Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі берілді. Өңірде техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға қосқан үлесі, кәсіби шеберлігі мен ұстаздық қызметі үшін 10 адам Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, ал 9 сала қызметкері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бұдан бөлек, үздік оқу үлгерімі, белсенді қоғамдық қызметі және шығармашылық бастамалары үшін «WorldSkills-Kazakhstan» X Республикалық чемпионатында жүлделі орын алған 13 студентке облыс әкімінің Алғыс хаттары мен ақшалай сыйлық табысталды.




