Қазақ үшін тойдың мағынасы терең. Ол тек мейман шақыратын мейрам емес, ұлттық дәстүрдің, өзара сыйластықтың көрініс табатын ортасы. Сол той қалай өтеді, онда кім сөйлейді, не айтылады, ол – асабалар үлесіндегі іс. «Тойдың жақсы өтуі асабаға байлынысты» деген қалыптасқан түсінік бар. Осы тұрғыдан алғанда үлкен бір әулеттің сенім жүгін арқалап шығатын асабалар көпшіліктің көңілінен шығып жүр ме? Бұл – ойландырарлық сұрақ. Өйткені, қазіргі таңда жеңіл әзілмен жұртты күлдіруді өнер санайтын, көпшіліктің алдында адамды әжуалауды қалыпты жағдайға айналдырған асабалар көбейді.
Бүгінгі тойда ортаға шыққан асабалар ең әуелі қуаныш иелерін емес, өзін көрсеткісі келетіндей әсер қалдырады. Ол үшін микрофон – билік, ал зал – бағынышты орта, орынсыз күлкі – сол тойдың басты өлшеміне айналған. Қонақтың жасын, әлеуметтік жағдайын, сырт келбетін немесе мінезін қалқан етіп, оны көпшілікке күлкі қылу әзіл деп ұсынылады. Ал ол әзілге күлу – қонақ үшін таңдау емес, мәжбүрлік. Күлмесең – «тойды, трендті түсінбейтін», қарсы шықсаң – «тойды бұзатын» адам атанасың. Осылайша той ортасы әзіл мен әжуәға толып, бос күлкі адам қадірін таптаудың құралына айналып барады.
Қазақ әзілінің табиғаты мұндай емес еді. Қалжың – кемсіту емес, ой ұшқырлығының, сөз мәдениетінің белгісі болатын. Әзіл адамды төмендетпей, керісінше, көңілін көтеріп, ортақ қуанышқа ұйыстыруы тиіс. Ал бүгінгі тойда жиі естілетін әзілдер үстемдікке, біреудің есебінен күлкі жинауға құрылған. Мұндай жағдайда асаба өзін жүргізуші емес, төреші сезінеді. Кім сөйлейді, кім күледі, кім үндемейді – бәрін өзі шешеді. Тіпті үстіңдегі киіміңе дейін шешкізіп, жартылай жалаңаштап, ебедейсіз биді билетіп қойса да асабаға «мұның не?» деп айта алмай, үнсіз дегеніне көне бересің. Ең алаңдатарлығы – қоғамның мұны қалыпты қабылдай бастауы. «Той ғой, әзіл ғой», «бәрі солай істейді», «жерге домалағанша күлдік», «мықты асаба екен» деген сөздер мәдениеті төмен той жүргізушілерінің жолын ашып, құнын арттырып жатыр десек қателеспейміз. Біреуді мазақ ету арқылы арзан күлкі тудырған асабалар әлеуметтік желілер арқылы да танылып, «заманауи» болып көрінуде. Ал салмақты сөз айтып, тойды ойлы басқару оның қасында «өтімді» болмай қалды.
Той – тәрбиенің де алаңы. Сол ортада отырған бала да, жас та, үлкен де айтылған сөзді, көрсетілген қарым-қатынасты санасына сіңіреді. Егер қонақты келеке ету, көпшілік алдында намысына тию қалыпты жағдай ретінде ұсынылса, ертең ол да сондай қатынасты дұрыс деп қабылдайды.
Асаба – бір кештің емес, бір қоғамның мәдени өкілі. Оның сөзі – сол ортаның деңгейін, әзілі – сол қауымның әдебін көрсетеді. Өзін хандай сезінетін немесе сол кештің сайқымазағына айналған асаба көбейген сайын, қонақтың қадірі кемиді. Ал қонақтың қадірі кеткен жерде тойдың да мәні қашады. Бұл жағдайдан шығудың жолы – асабаға деген талапты күшейту. Өйткені, сұраныс түзелмейінше, ұсыныс өзгермейді. Жеңіл әзілмен жерге домалату – өнер емес, қонақтың үстінен күлу – шеберлік емес. Бұл – мәдениеттің әлсірегенінің белгісі. Той – бір күндік думан болғанымен, онда айтылған сөздің салмағы санада ұзақ қалады. Сол себепті асаба жүрген жер күлкінің ғана емес, әдептің мінбері болуы тиіс. Әйтпесе, біз күлкі үшін қазақы қадірден, шоу үшін салиқалылықтан айырылып қалуымыз бек мүмкін.
Мұзбалақ ШОРА




