Перейти к содержимому
Главная страница » Ел сенімін нығайтады

Ел сенімін нығайтады

    Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияны құру туралы Жарлыққа қол қойды. Осыған байланысты Мемлекет басшысының бастамасымен Конституциялық реформа бойынша ұсыныстарды әзірлеу мақсатында құрылған арнаулы комиссия соңғы үш күнде үш отырыс өткізіп, Ата Заң аясындағы маңызды сұрақтарды талқылады. Комиссия отырысы алдағы уақытта да жалғасады.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрамына 100-ден астам адам енген. Олардың қатарында Ұлттық құрылтай мүшелері, танымал заңгерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, мәслихат төрағалары және қоғамдық кеңестердің өкілдері бар.
Елордада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Кеңеске қатысушылардың басым бөлігі алдағы өзгерістердің ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақты қорғауға бағытталғанын айтты. Комиссия мүшелерінің сөзінше, халықаралық құқық нормалары әлсіреп, жаһандық тәртіптің бұрынғы тұрақтылығы шайқалып жатқан тұста мемлекеттің беріктігі мықты ішкі негізге байланысты болмақ. Осы тұрғыда Қазақстан үшін конституциялық орнықтылықты қамтамасыз ету ерекше маңызға ие.
Комиссия жетекшісі, Конституция­лық соттың төрағасы Эльвира Әзімова­ның сөзіне сүйенсек, ел тұрғындары Консти­туциялық реформаның басты мақсаты мен міндеттерін айқындауға айрықша үн қосқан. Өйткені қазірге дейін жұмыс тобының мүшелерінен бөлек, азаматтардан 2 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. «Кеңейтілген құрамдағы Конституциялық комиссия­ның құры­луы осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстың қисынды жалғасы, сондай-ақ бірнеше айға созыл­ған пікірталас барысында қалып­тасқан ауқымды қоғамдық сұранысқа берілген жауап болды. Президент ұсынған мемлекеттік билікті бір палаталы Парламентке – Құрылтайға өткізу, Халық кеңесін құру, Вице-Президент лауазымын енгізу және басқа да мәсе­лелер жан-жақты әрі кешенді түрде зерделеп, пысықтауды қажет етеді. Қазақстан Республикасы саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басуда. Мемлекет басшысы әрі қарайғы дамудың институционалдық тепе-теңдікті нығайту, заң шығарушы биліктің тиімділігін арттыру, тежемелік тепе-теңдік жүйесін күшейту, сондай-ақ қоғамның мемлекеттік басқаруға қатысуын қамтамасыз ететін консти­туция­лық механизмдерді жаңарту арқылы ғана мүмкін екенін айқын атап көрсетті», – дейді Эльвира Әзімова.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов бір палаталы Парламентке көшуді маңызды институционалдық қадамдар­дың бірі деп қарайды. Сонымен қатар депутат саяси партиялардың қаржылан­дыруына қатысты қатаң талаптар енгізу қажеттігін алға тартты. Атап айтқанда, шетелдік заңды тұлғаларға, шетел азаматтарына, азаматтығы жоқ адамдарға, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйым­дарға, сондай-ақ шетелдік қатысуы бар отандық компания­ларға партияларды қаржылан­дыруға толық тыйым салу ұсынылды.
«2026 жылғы Конституциялық реформа адамның мемлекет үшін ең жоғары құндылық екенін тағы бір мәрте айқындайды. Мемлекеттік саясаттың өзегінде – нақты адам, оның құқықтары, бостандықтары мен қадір-қасиеті тұруы тиіс. Құқықтар мемлекет тарапынан берілмейді, олар адамға туа біткен. Реформаның түпкі мақсаты – сол құқықтарды нақты әрі тиімді қорғау», – деді Марат Бәшімов. Депутаттың пікірінше, жоспарланып отырған конституциялық өзгерістер Қазақстанның прогрессивті дамуына серпін беріп, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтады әрі азаматтардың конституциялық құқық­тарын қорғаудың сапалы жаңа деңгейін қалыптастырады.
Конституциялық комиссия Ата Заңға енгізуге ұсынылған түзетулерді жан-жақты қарап жатыр. Астана төрінде өткен Конституциялық комиссияның екінші отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың және Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның баяндамалары тыңдалды. Әділет министрі түзетулерді Конституцияның Үкіметтің, Конституциялық соттың, прокуратура органдары мен сот билігінің жекелеген функцияларын, құқық қорғау тетіктерін, жергілікті өзін-өзі басқаруды, жекелеген аумақтарда арнайы құқықтық режим белгілеу қағидаттарын, сондай-ақ Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібін реттейтін бөлімдері мен баптарына енгізу ұсынылып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, түзетулердің жекелеген блогы болашақ бір палаталы Парламент – Құрылтайдың қызметіне қатысты болады. Мысалы, төрағаны тағайындау тәртібі, депутаттық корпусты қалып­тастыру және өзге де рәсімдік мәселелер регламенттеледі.
Кеңес отырысында Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров бір палаталы Парламентке көшуге байланысты консти­туцияның тиісті баптарына көптеген өзгеріс енгізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Ол Құрылтай Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі арқылы сайланатын 145 депутаттан құралатынын, халық қалаулыларының өкілеттік мерзімі бес жылды құрайтынын айтты. Сондай-ақ Конституцияға Халық кеңесінің өкілеттіктері туралы жеке бөлім енгізу оның айрықша маңызын айқындайтынына назар аударды. Кеңестің келелі отырысы жалғасын тауып, алда әлі маңызды мәселелер сараланатын болады.
Конституциялық реформа жөнін­­­­дегі комиссия мүшелерінің пайымын­ша, Ата Заңымызға енгізілген өзгеріс­­тер мен толықтырулар мем­лекет­тік билік функцияларын моно­полия­сыздан­дыруға, халықтың мемлекеттік басқару ісіне араласуын кеңейтуге, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағыттал­ған. Демек, алдымызда мемлекетіміздің жаңа даму жолдары мен мүмкіндіктерін ашуға бағытталған ауқымды жұмыс­тарды қоғам болып атқару міндеті тұр.

Ерзат АСЫЛ