Перейти к содержимому
Главная страница » ЕСІРТКІГЕ ТОСҚАУЫЛ

ЕСІРТКІГЕ ТОСҚАУЫЛ

Облыстық әкімдікте аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен мемлекеттік органдардың нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған ведомствоаралық штабтың отырысы өтті. I тоқсанға арналған алғашқы отырыста жасөспірімдер арасында нашақорлықтың, маскүнемдiк пен темекi шегудiң алдын алу жөнiнде жүргiзiлiп жатқан жұмыс сараланды.

Алғашқы болып облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Әтенбекова есеп берді.
– Жасөспірімдер арасында нашақор­лықтың, маскүнемдіктің және темекі шегудің алдын алу бағытындағы кешенді әрі жүйелі жұмыс барлық білім беру мекеме­лерінде жүзеге асырылуда. Тәрбие жұмысы жоспарларына енгізілген іс-шараларды ұйымдастыру кезін­де жасөспірімдердің жас және психологиялық ерекшеліктері, әлеуметтік ортасы, мінез-құлық­тық тәуекел факторлары ескеріл­ді. Білім беру мекемелерінде ақпараттық-түсіндіру сабақтары, интерактивті дәрістер, тренингтер, бейнематериалдарды көру және талқылау, пікір алмасу кездесулері өткізілді. Сабақтарда нақты өмірлік жағдайларға негізделген мысалдар, кейс-әдістер, рөлдік ойын элементтері қолданылып, жасөспірімдердің белсенді қатысуына жағдай жасалды. Мінез-құлқында ауытқуы бар, зиянды әдеттерге бейім немесе әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы оқушыларға ерекше көңіл бөлінді. Ата-аналар­мен тығыз байланыс орнатылып, отбасындағы тәрбиенің рөлі мен жауапкершілігі түсіндірілді. Тәуекел тобына жататын 4 860 оқушымен жеке профилактикалық жұмыс жүргізіліп, педагог-психологтар тарапынан 9 300 жеке кеңес берілді, – деді Ақмарал Бақытқызы.
Келесі кезекте облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Ардақ Қайсаров сөз алып, 2025 жылы 784 антинаркотикалық бағыттағы профилактикалық іс-шара өткізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Респуб­лика­сында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері оқушылар арасында нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізген. «PARYZ ЕРІКТІЛЕРІ» жастар қоғамдық бірлестігін тарту арқылы 154 іс-шара өткізіліп, наркосайттарды жарнамалайтын 950-ден астам жазба жойылған. Оқу процесі кезеңінде студенттік жатақханаларда кинологиялық қызметпен бірлескен рейдтік іс-шаралар жүргізілген. Сонымен қатар ювеналдық полиция қыз­метімен бірлесе отырып, кәмелет­ке толмағандар арасында құқықбұзу­шылықтың, нашақор­лықтың, есірткі қылмысының алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша ата-аналармен кездесулер өткізілген.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері тарапынан былтыр 223 құқықбұзу­шылық анықталып, 122-сінің жолы кесілген. Оның ішінде есірткі заттарын сату бойынша 71 дерек анық­талған. Заңсыз айналымнан 10 тонна 756 кг 586 гр есірткі құралы тәркіленген. Есірткі құралдарын заңсыз өткізу дерегі бойынша 4 кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталған. Синтетикалық есірткі құрал­­дарын дайындаумен айналыс­қан 2 зертхана жойылған.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев нашақор­лық пен есірткі қылмысы қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болғандықтан, оны ауыздықтау тек құқық қорғау органдарының ғана міндеті емес, баршаға ортақ іс екенін айтты.
– Соңғы кездері жасөспірімдер мен жастар арасында синтетикалық есірткінің таралу деңгейі артуда. Есірткі қылмысы жасарып келеді, жаңа психобелсенді заттар интернет арқылы оңай қолжетімді болуда. Осы орайда облыстық білім басқарма­сына нашақорлық, маскүнемдік және темекі шегудің алдын алу бойынша жүйелі профилактикалық жұмыстарды күшейтуді, психологтар мен әлеуметтік педагогтердің қатысуы­мен тәуекел тобына жататын жас­өспірімдермен жеке жұмыс жүргізуді қамтамасыз етуді, барлық білім беру ұйымдарында құқықтық-түсіндіру кездесулерін тұрақты негізде өткізуді тапсырамын, – деген Марат Елеусізұлы полиция департаментіне есірткі заттарын сатып алғандардың қаншасы жасөс­пірім екенін анықтауда білім беру мекемелерімен бірлесе жұмыс жүргізіп, басқа да тұтынушылардың санат­тары бойынша зерделеуді күшейтуді міндеттеді.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ