Қоғамды дүрліктірген Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейдің тоналуына жол бермеген Бибігүл Дәндіқараева қазір Жамбыл ауданындағы «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің директоры қызметін атқарады. Ұлттың рухани байлығын қызғыштай қорыған жанның бойындағы батылдық, қайсарлық сияқты ұлтқа қызмет етуге қажетті қасиеттер жас ұрпаққа үлгі.
Сол күндері аспан мен жерді қою тұман басып, оған өрт пен оқ-дәрі түтіні қосылып, Алматының басты алаңында аласапыран болып жатты. Жаппай тәртіпсіздік кезінде бұрынғы Президент резиденциясы, оның жанындағы қала әкімдігінің ғимараты өртенді. Көшенің қарсы бетіндегі Орталық музей дүрбелең ортасында қалды. Қаңғыған оқ музей терезесіне тиді. Музей директорының міндетін уақытша атқарушы Бибігүл Дәндіқарақызы бар жауапкершілік өзінде екенін түсінді. Жағдай ушығып бара жатқанда ол бірнеше қызметкермен бірге музей есігін іштен құлыптап, монитордан сырттағы жағдайды бақылап отырды. Музейде екі ғасырдан аса тарихы бар 300 000-нан астам жәдігер сақталған. Бүлікшілер есікті бұзып ішке басып кіргенде, Бибігүл олардың алдынан жүгіріп шықты. «Құнды дүние қолды болып кетпесе екен» деген бір ғана оймен жолдарын бөгемек болды. Мұнда халқымыздың сан ғасырлық тарихы жатқанын, жәдігерлерге тимеу керектігін қайталап айта берді.
Кіріп-шығып, үсті-үстіне толығып жатқандардың басқа залдарға өтіп кетпеуін қадағалап, төрт сағат бойы кіреберістен ұзатпай ұстаудың бар амалын жасады. Бір құдіретті күш жебегендей болып, оның сөзі әсер етті. Сеңдей соғылысып жүргендер басқыншылық әрекетке бармады. Біртіндеп музейден шыға бастады. «Біз әуежайға баруымыз керек, қайтып ораламыз, есік ашық тұрсын, жаппаңыз!» деп ескертті шығып бара жатқандар. Жертөледе жасырынып жатқан жаралы әскерилер де аман қалды. Оларды музей қызметкерлері артқы есіктен кіргізіп алған болатын. Қазір сол есіне түссе: «Жұмыста неге жалғыз өзім қалмадым? Әр сәттің қауіпті екенін біле тұра, қалайша қызметтестерімді де қалдырдым? Қаңғыған оқ жазатайым біреуіне тиіп, жантәсілім етсе, балаларына, жолдасына, ата-анасына не деп жауап берер едім?», – деген қорқынышты ойға қалады.
Бибігүл Дәндіқарақызы Орталық музейге ғылыми қызметкер болып қабылданып, он жылдан аса директордың музейлік менеджмент және маркетинг жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді. Бір жарым жылдан бері «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының басшысы. Музей саласында 20 жылдан астам еңбек еткен білікті маман бұл кәсібін өмірінің маңызды бөлігі санайды. Оны өзімен әңгімелескенімізде байқадық. Еліміздің тарихи құндылықтарына ерекше сүйіспеншілікпен қарайды. Әр жәдігерді рухани байлық, ұлтымның тарихы деп біледі. Музей арқылы ұлттық рухқа қызмет ету – бұлжымас парызы. Жас ұрпақты тәрбиелеуде музей саласының да орны ерекше. Ол өткен мен бүгінді жалғайтын рухани көпір екенін айтады.
«Қаңтар оқиғасында мен төрт сағат бойы қоғамнан алыстап кеткен өзіміздің жастарымызбен бірге болдым. Олар алаңға неге шыққанын, музейге неге басып кіргенін білмейді, неге айналаны бүлдіргенін түсінбейді. Демек біз оларға дұрыс тәрбие бере алмадық. Тарихи-мәдени мұралардың қаншалықты маңызды екенін ұғындыра алмадық. Бойына отансүйгіштікті дарыта алмадық. Рухани жүдеу етіп өсірдік. Әйтпесе саналы азамат өз елін ойрандамас болар. Соның салдарынан ниеті жаман топтың ықпалында кетеді, сан ғасырлық тарихы бар жартас суреттерін шимайлап, бүлдіреді. Бұл олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Осы орайда музейлердің де атқарар жүгі ауыр. Біздің мақсатымыз – музей кеңістігі арқылы жас ұрпақтың ұлттық санасын нығайтып, ата-баба мұрасына деген құрметін арттыру. Жастарымыздың бойында қайсарлық, алдына қойған ізгі мақсат болуы керек», – дейді музей басшысы.
Бибігүл Дәндіқараева – Ұлттық құрылтай мүшесі. Айтуынша, тарихи-мәдени мұраны қорғайтын бұрынғы заң әлсіз болғандықтан, еліміздің қаншама тарихи жәдігері шетел асып кеткен еді. «Қара археологтар» заңсыз қазба жасап, тарихи-мәдени құндылықтарымызды сату, жеке мүддесіне пайдалану белең алған. Салдарынан еліміздің тарихи ескерткіштері бүлінген. Заңсыз қазба жұмысын жүргізу ұлттық тарихи мұрамызды жоғалтып алуымызға, олардың ғылыми құндылығын жоюға алып келді емес пе?! Осыны тоқтату үшін Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың 2024 жылғы наурызда Атырауда өткен 4-отырысында тарихи-мәдени мұраны қорғау және археологиялық қызметті реттеу қажеттігін қозғады. Сол жиында құрылтай мүшелерінің ұсынысымен тиісті заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша негіз қаланды. Мемлекет басшысының 2025 жылғы 26 желтоқсанда қол қоюымен «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл тарихи ескерткіштерге зиян келтіретін заңсыз археологиялық жұмыстарға тосқауыл болды. Осылайша археологиялық жұмыстарды есепке алу, бақылау күшейді, бұрынғыдай заңсыз қазбаға шектеу қойылды. Археология қызметі реформаланып, заңсыз лицензия беру тоқтатылды. Қазбалардан табылған артефактілерді заңсыз экспорттау енді мүмкін емес.
«Еліміз үшін бұл – үлкен жетістік. Мен Ұлттық құрылтай мүшесі ретінде еліміздің тарихи-мәдени мұрасын қорғау, ұлттық рухты сақтау және жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу ісіне өз үлесімді қосуға міндеттімін. «Таңбалы» – әлемде теңдесі жоқ бірегей қорық-музей. Оған ғалымдар тартылды, зерттеу жұмысын жандандырмақпыз. Танымалдығын арттырып, туристерді көптеп тарту үшін алда үлкен жоба-жоспарымыз бар», –дейді Бибігүл Дәндіқараева.
Серік Сатыбалдиев
Жамбыл ауданы
