Қазақ даласының қай кезеңдегі тарихын парақтасақ та, елдің берекесін еселеп, ырысын тасытқан қарапайым еңбек адамдарының есімі алдымен ойға оралады. Олар биік мінберден сөйлеп, атақ-абырой іздемесе де, маңдай терімен туған жердің мерейін өсірді. Сондай атпал азаматтардың бірі – ұзақ жыл мал шаруашылығы саласында табанды еңбек етіп, таулы өңірдің даңқын асырған, сол еңбегімен қой өсірудің шебері атанған Байсерке Жүнісбаев.
Бүгінде сексеннің сеңгірінде отырған ақсақалдың жүріп өткен өмір жолына көз салсақ, адал еңбек пен азаматтық болмыстың, төзім мен табандылықтың өнегелі үлгісін көреміз. Елге сыйлы, жұртқа қадірі артқанын дәлелдеген жарқын істеріне куә боламыз.
Байсерке Жүнісбаевтың саналы ғұмырының басым бөлігі мал шаруашылығымен тығыз байланыста өрілді. 1962 жылы шопан таяғын қолына алып, атакәсіпке білек сыбана кірісті. Қой бағу сырт көзге оңай сияқты көрінгенімен, аса жауапкершілікті, төзімділікті, табандылықты қажет ететін кәсіп екенін осы шаруаның басы-қасында жүрген адам жақсы білуге тиіс. Қыстың бет қарыған шыңылтыр аязы, жаздың аптап ыстығы, қоңыр күздің қара суығы, көктемнің көкөзек шағы – бәрі де шопан тағдырымен бітеқайнасатын алашапқын мезгілдер саналатыны белгілі. Алайда табиғаттың тосын мінезі Байсеркені ыңғайына көндіріп, ықпалында жүргізе алған емес. Есесіне, шыңдап, ширата түскені анық. Қой бағудың сан түрлі қиындығын қажыр-қайратына жеңдіре білуі атакәсіптің қыр-сырын терең меңгеріп, малдың бабын табуға қол жеткізді.
Өткен ғасырдың 70-90 жылдары ауданда «Тегістік» қой кеңшары аталатын шаруашылықтың абыройы аспандап, атағы алысқа жайылды. Сол кезеңдерде кеңшардағы қой саны 70 мыңнан асып, экономиканың қуатты саласына айналғаны елдің есінде. Шаруашылықтың мұндай биік белеске көтерілуінде Байсерке Жүнісбаев секілді қой бағудың жілігін шағып, майын ішкен озат шопандардың үлесі өлшеусіз болғаны ақиқат. Жаз айында қойды жайлауға шығарудың өзі үлкен сын. Байсерке ата қонысындай болып кеткен Тұйықаша жайлауының шүйгінді, сулы-нулы өрісін ұтымды пайдаланып, отардағы әр бастың қоңына айрықша көңіл бөлді. Өйткені, жайлаудан күйлі түскен мал ғана «кәрі құданың» қатал сынына төтеп беретіні, ерте көктемгі төлдің молшылық негізін қалайтыны шопан үшін құпия емес. Малсақ жан осыны жете ұғынып, әр маусымның шаруасын алдын ала жоспарлап отыруды назардан шығармайтын. Күз түсіп, отарды Астыңғы Жабыр аталатын өңірдегі қыстауға беттететін сәт таяған шақта шаруаның қым-қуыт тірлігі бұрынғыдан да қыза түсетіні белгілі. Қойды күйектен өткізу, қыстауға жиналған жем-шөп қорын түгендеу, қора-жайды қамдау шопан үшін ең маңызды науқанның қатарында. Осындай жан алысып, жан беріскен қауырт шақта Байсеркенің ұзақ жылғы тәжірибесі мен іскерлігі анық байқалатын. Ал жыл айналып келетін мал қыстату науқанының басқа тірліктен жөн-жосығы тіпті де бөлек болатыны айтпаса да түсінікті. Осынау маңызды науқанға аға шопан өзінің жинақтаған тәжірибесін қажыр-қайраты арқылы қарсы қоя білуден, қытымыр қыстың қатал сынына іскерлікпен жауап беруден жаңылған жері жоқ екен. Бел шешіп, алаңсыз ұйықтаған кезі де аз болған шығар, сірә?! Бұл ретте оған асыл жары, марқұм Нұрғайша Иманжанованың сенімді серік бола білгені анық. Ерлі-зайыптылардың бірлігі мен татулығы көздеген мақсаттың оңға басуына, қабылдаған шешімдердің орынды жүзеге асуына негіз қалады. Бірі түздің жұмысын күйттесе, екіншісі ошақ басындағы ғана емес, қора-қопсыдағы шаруашылықты да дөңгелете білді. Нұрғайша апамыздың қолдау-көмегі Байсерке ағамыздың табысты тасқындатуына демеу-сүйеу болғанын айтуға тиіспіз.
Көктем келіп, «қой қоздап – қорада шу» дейтін төл науқаны басталуы шопан отбасы үшін қызыл майдан, сары сүргіннен кем болмайтыны аян. Шопанның жыл он екі айғы еңбегіне баға берілетін мезгіл де осы кезең. Осындай сындарлы сәтте малсақ жанның басқа тірліктің бәрінен маңызды науқанды жоғары қойғаны анық. Нәтижесі әр жүз саулықтан 160-тан қозы алуымен, төл науқанының көшін бастауымен қорытындыланатыны елдің есінен шыға қойған жоқ. Сонымен қатар, әр қойдан 3-3,5 келіден жібек жүн қырқып, шаруашылық табысының артуына үлкен үлес қосқаны, толағай табыс кеңшардың ғана емес, аудан экономикасының дамуына да өзіндік ықпалын тигізгені күні бүгінгідей есте.
Ерен еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Байсерке Жүнісбаевтың мал шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі өз кезегінде мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Озат шопан қой өсіру мен мал санын өз төлі есебінен көбейтудегі еселі еңбегі үшін «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерін иеленді. Ерен еңбегіне берілген түрлі дәрежедегі медаль мен «Бесжылдықтың озаты», «Коммунистік еңбектің екпіндісі», «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгілері өңірінде жарқырады. Осылайша дала төсімен таулы өңірдің құз-қиясын еңбек дүбіріне бөлеген озат шопан, мал соңына ілесумен ғана шектелген жоқ. Коммунистік партияның мүшесі ретінде аудан өміріндегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Жерлестері, үзеңгілес әріптестері сенім артып, неше дүркін ауылдық, аудандық кеңеске депутат етіп сайлады. Халық қалаулысы бұл жолда да сенімге селкеу түсірген емес. Ауылдың, тұрғындардың, қиыр жайлап, шет қонған малшы қауымның мұң-мұқтажын, қордаланған мәселелерді жоғары орындарға жеткізіп, оңтайлы шешілуіне ықпал етті. Аудандық партия комитетінің пленум мүшесі ретінде де өңірдің экономикалық тұрғыдан өсіп-өркендеуіне белсенділікпен атсалысты.
Бүгінде жасы 85-ке келген Байсерке Жүнісбаев берекесі тасып, ырыс ұялаған Тегістіктей іргелі ауылдың ақылман ағасы, көпті көрген көнекөз қариясы. Төрт қыз, бір ұлдың асқартау әкесі, олардан тараған немере-шөбере, жиендердің аяулы атасы. Ғұмырының әр белесі еселі еңбекпен өрілген қарияның айтар ойы орнықты, сөзі салмақты.
– Еңбек еткен адам ешқашан жаман болмайды. Елге пайдам тисін десең, жер қадірін біл, адал еңбектің қасиетін сезін. Туған жердің төсіне маңдайыңның терін тамызып, молшылық негізін қалауды, ел бірлігін сақтауды азаматтық борышым деп санаған жан әрдайым алғыс арқалап, абырой биігіне көтеріледі, – дейді Байсерке ағамыз.
Қазір уақыт өзгерді. Заман жаңарды. Солай десек те адал еңбекке деген құрмет ескерусіз қалмауға тиіс. Байсерке Жүнісбаев секілді дала даналығын бойына сіңірген еңбек адамдарының өмір жолы, аталы да баталы сөзі, табан ет, маңдай терімен қаланған мәртебесі бүгінгі ұрпаққа әрдайым үлгі болса, нұр үстіне нұр.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы


