Орта ғасырда адамзат тәрбие мен отбасы мәселесін қалай шешіп еді? Ол кездегі әдебиетте қандай тақырыптар жырланды? Мұсылман әдебиетінің бағыты жайлы не білеміз? Біздің пайымымызша, ортағасырлық шығыс мұсылман әдебиетінің негізгі бөлігін діни-танымдық, діни-дидактикалық және діни-сопылық мәндегі шығармалар құрады. Ислам дінінің асыл қасиеттерін насихаттауды басты мақсат ретінде алған ақын-шайырлар адамзат баласын жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтаруды өздеріне міндет санап, әділдік, туралық пен тазалық секілді адами құндылықтарды барынша кеңінен дәріптеген.
Мұсылман шайырлары өз ойларын жеткізуде Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін кеңінен қолдана отырып, белгілі бір ұстындардың нышанына айналған образдарды сомдады. Мәселен, сабырлықты бейнелеуде Аюп пайғамбар, сұлулықта Жүсіп пайғамбар бейнесі алынса, хәкімдіктің нышаны ретінде Лұқман тұлғасы таңдалды.
Лұқман хәкім – тек даналықтың символы ғана емес, сонымен бірге баласына ақыл айтушы данагөй әкенің үлгісі. Қасиетті Құранның «Лұқман» сүресінде оның өз ұлына Аллаға ғана табыну, намазды толық орындау, дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тыйылу және сабыр сақтау туралы айтқан өсиеттері баяндалады. Мұндағы өсиеттер тек бір балаға ғана емес, «Қызым, саған айтамын, келінім, сен тыңда» тәсілімен жалпы иман келтірген қауымға және бүкіл адамзат баласына үндеу ретінде бағытталған. Сондай-ақ Лұқман хәкім баласын паңдық пен тәкаппарлықтан тыйып, жүрісте орташа болуға және дауысты бәсеңдетуге шақырады. Бұл – кез келген дәуірде өзектілігін жоймайтын тәрбие негіздері.
Көркем әдебиетте әке өсиетінің жарқын жалғасы ретінде ХІ ғасырда Кейкауыс ибн Искандер жазған «Қабұснама» туындысын атауға болады. Автор пайғамбар жасына жеткенде баласы Гиланшаһқа арнап жазған бұл шығармасын өмірлік асыл қазына деп санаған. Кейкауыс өсиетін әуелі Жаратушыны танудан бастап, Құдайды дұрыс білген жанның адаспайтынын айтады. Ол өз туындысында ата-ананы құрметтеу мәселесіне айрықша тоқталып, перзентті жеміске, ал ата-ананы мәуелі ағашқа теңейді. Кейкауыстың пайымдауынша, кімде-кім ата-ананың жақсылығын білмесе, ол басқаның да жақсылығын бағалай алмайды.
«Қабұснама» – тек әдеп кітабы ғана емес, сонымен бірге сол замандағы ғылым мен өнердің энциклопедиясы. Автор өз ұлын өнерлі болуға, ілім-білімді игеруге шақырып, өнерсіз ақылды «киімсіз денеге» теңейді. Ол баласына дәрігерлік ғылымның теориясы мен практикасын, жұлдыздар мен геометрия ілімін, математиканы терең меңгеруді бұйырады. Бұл ортағасырлық мұсылман қоғамында ғылымға деген қызығушылықтың өте жоғары болғанын және білім алудың сеніммен тығыз байланысты болғанын көрсетеді. Осындай ғылыми ортадан Әл-Фараби, Ибн-Сина, Әл-Хорезми секілді әлемдік тұлғалардың шығуы заңдылық еді.
Түркі әдебиетінің жауһары Әлішер Науаи де өз шығармаларында әкенің қадірі мен отбасы тәрбиесін жоғары қойған. Ол пайғамбар хадисіне сүйене отырып, Тәңірдің разылығы әкенің разылығына байланысты екенін атап өтеді. Науаидің пікірінше, әке – баланың жоқтан бар болуына себепкер және оны есейгенше тәрбиелейтін тұлға. Сондықтан әке қаншалықты қателессе де, бала оған түсіністікпен және кішіпейілдікпен қарауы тиіс.
Қорыта айтқанда, қасиетті Құраннан бастау алған әкенің балаға өсиет айту дәстүрі араб, парсы және түркі тілдес әдебиеттерде кеңінен орын алып, бүгінгі таңда Н. Келімбетовтің «Ұлыма хат» секілді шығармаларымен сабақтасып жатыр. Бұл рухани мұралар – ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарын нығайтудың сарқылмас қайнар көзі.
Төреәлі ҚЫДЫР,
шығыстанушы, филология ғылымдарының кандидаты




