Ойламаған жерден Қаражотаға жол түсті. Келген шаруамды тәмамдап, көптен көкейімде жүрген бір ойдың жетегімен кітапханаға соқтым. Бұрындары оқырмандардан кітапханашы Жазира Ботабаева туралы жылы лебіз естігенім бар. Табалдырықтан аттағанымда оқырмандардың тапсырып кеткендері болуы керек, кейіпкеріміз кітаптарды орындарына қойып жүр екен. Мені көріп, бері бұрылды. Қысқаша аман-есендіктен соң әңгіме басталды.
«Адам сөйлескенше» деген рас. Қаладан келгенімді, кітапхананы көруге кіргенімді естіген соң жыл бойғы жұмыстарын айтып өтті. Сырт көзге кітапханашыдан оңай жұмыс жоқ. Оқырмандардың кітаптарын тауып береді, оны қағазға түсіреді. Қайтып қабылдап алумен ғана шектелетін сияқты көрінетін. Сөйтсем, мүлде бұлай емес екен. Оны Жазира Әділханқызының өзі түсіндіріп берді.
– Қаражота ауылдық кітапханасы 2007 жылы ашылды. Кітап қоры жыл сайын жаңа жинақтармен толықтырылып отырады. Қазіргі таңда кітап қоры 7640 дананы құрайды. Тұрақты оқырмандар саны – 520. Осының ішінде 260 оқырман – мектеп оқушылары. Кітапхана қай дәуірде де қоғамның мәдени өмірінің бірден-бір көрсеткіші, өткен тарихымызды өшірмей, ұлт жадында мәңгілік сақталатын мекен болып есептеледі. Осы қасиетті істі жалғастыру үшін кітапхана ісі мен кітапханашылар да заман талабына сай бейімделіп, үнемі жетіліп отыруы керек. Біздің Қаражота ауылдық кітапханасы шағын болғанымен, ізденген адамға рухани қорегін тауып беретін оқырман отауы. Кітапханада түрлі көрме, танымдық іс-шаралар, әдеби кештер өтеді, – дейді кітапханашы.
Жазира Әділханқызының ұқыптылығына, тиянақтылығына тәнті болдым. Әр іс-шараны есепке алып, есебін жүргізіп қойған. Жұмыстың атқарылғаны туралы көрсеткіші де көңіл тоғайтады. Мәселен, кітапхананың ұйымдастыруымен Қаражота ауылының әкімі аппараты қызметкерлерінің қатысуымен, басқа да танымал тұлғалардың атсалысуымен Мемлекет басшысының Жолдауын талқылаудан бастап түрлі іс-шара қолға алынады. Саяси сағаттар өткізіледі. Белгілі қаламгерлердің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің өмірі мен еңбегіне арналған танымдық шаралар өтіп отырады. Мысалға келтірсек, былтыр Қадыр Мырза Әлінің, Ілияс Есенберлиннің, Ескендір Хасанғалиевтің, қазақ ғарышкерлері Тоқтар, Талғат және Айдынның өмірі, еңбек жолы, жеткен жетістіктері жайлы арнайы танымдық сағаттар ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, атаулы күндер де кітапхана назарынан тыс қалмайды. Алғыс айту, Наурыз мейрамы, Жеңіс, Астана, Ата Заң, Республика күндері сияқты атаулы мерекелерге орай оқырмандармен қызықты да тартымды іс-шаралар өткізу дәстүрге айналған. Кітапханада өтетін шараларға Қаражота ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектеп ұжымы мен оқушылары белсенді атсалысады.
Әр кітапхана оқырманның жеке басының дамуын, қызығушылығын арттыруды көздейді. Жаңа заман компьютер дәуірі болғанымен рухани азық іздеген көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адамның келер шаңырағы – кітапхана. Кітапханадан үзбей кітап алып оқитын оқырмандар баршылық. Атап айтқанда, Нұрлыхан Балташева, Роза Оңқаева, Қуаныш Тоқмолдаева, Рысты Қизатова, Болатқали Шыныбаев, Ермек Дүйсембаев, Мәрия Жылқыбаева, Бауыржан Мергенбаев сияқты оқырмандар кітаптан қол үзбейтін нағыз рухани бай адамдар десек, қателеспеген болар едік.
Мақала кейіпкері Жазира Әділханқызы мектептен кейін бірден Қазақ аграрлық университетінің экономика факультетін бітірді. Қаражоталық Ержан Сапиев есімді жігітке тұрмысқа шықты. Кітапханашы болып жұмысқа орналасқан соң Қыздар педагогикалық универсиетінің кітапхана ісі факультетін тәмамдайды. Жазира Әділханқызы – өз мамандығын сүйетін, кітап арқылы үлкеннің де, кішінің де жүрегіне жол таба білген білікті маман. Шәкірттерге математикадан дәріс оқитын Рысты Қизатова – көркем әдебиет оқуды өзіне тиесілі жұмысындай көретін кітапқұмар жан. Ол кітапханашы Жазира Әділханқызы туралы:
– Қаражота ауылындағы кітапхананың тұрақты оқырманымын. «Кітап көзі ашыққа – маржан, көзі жұмыққа – арзан» деп бекер айтылмаған. «Жақсы кітап – жан азығы» дейді тағы бір ел даналығында. Кітапханашы қызымыз Жазираға айтар алғысым шексіз. Кітапхананың іші тап-таза. Кіргенде алдыңнан жылы леп ескендей сезінесің. Кітаптардың орналасу тәртібі де әдемі. Жазираның талғамы биік. Әрбір оқырманның қандай жанрда кітап оқығысы келетінін біліп, соған сай кітаптар ұсынады. Әртүрлі тақырыпта іс-шара өткізіп, еңбегі жоғары бағаланып келеді. Жазира өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын үлгілі кітапханашы. Аудандық кітапхана директоры Дариға Әділжанқызы Жазираның жұмысына оң баға берді. Өткізген семинары жоғары деңгейде өтті. Жақсы кітапханашыларымыздың бірі, – деп пікір айтты.
Жазира Әділханқызы отбасында да үлгілі ана. Өмірлік қосағы Ержан екеуі шай деспей, тату-тәтті ғұмыр кешуде. Өмірге ұрпақ әкеліп, өнегелі тәрбие беруде. Отбасының Гауһар есімді жауқазыны Алматыдағы педагогикалық колледждің ағылшын тілі факультетінің төртінші курсында оқиды.
Тұрсынхан ШӘЛДИБЕКҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Қаражота ауылы, Еңбекшіқазақ ауданы




