Өткен жылы Қонаев қалалық Мансап орталығына 3000-ға жуық адам көмекке жүгініп, оның 819-ы белсенді шараларға жіберіліп, 885-і тұрақты жұмысқа орналастырылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында Қонаев қалалық Мансап орталығының директоры Ернұр Абдалиев мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, жұмыспен қамту шаралары «Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» негізінде іске асырылуда. Бүгінде жұмыссыз ретінде тіркеу, өтініш беру, белсенді шараларға қатыстыру сияқты қызметтер онлайн түрде де жүргізіледі.
Халықты тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша Үкіметте бекітілген түрлі бағдарлама бар. Мысалы, былтыр Қонаев қаласында қоғамдық жұмысқа 409 адам тартылып, оның 360-ы тұрақты түрде жұмысқа қалған. Зейнет жасына жақындап қалған жандар «Күміс жас» жобасының игілігін көруде. Бұл бастама бойынша қызметкердің жалақысының бір бөлігі бюджет қаражаты есебінен субсидияланады. Былтыр 50 жастан асқан 70 адам жоба аясында жұмысқа кірген. Оқу орнын енді ғана бітірген түлектер де назардан тыс қалмаған. 2025 жылы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы шеңберінде облыс орталығында 26 адам, ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 8 түлек жұмысқа орналасқан.
Жаңа бизнес идеяларын іске асыруға өткен жылы Қонаев қаласында конкурстық негізде 400 АЕК-ға дейін (1 572 800 теңге) қайтарымсыз мемлекеттік гранттар берілген. Алғашқы легінде 8 адамға 12 млн теңге қаржы берілсе, екінші толқынында 11 адам жеке кәсіп бастауға мемлекеттен қолдау тапқан.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА




