Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды саяси реформа жүзеге асырылып, Ата Заңға үлкен өзгеріс енгізілуде. Осы орайда Конституциялық комиссия құрылып, жедел әрі қарқынды жұмыс атқарып жатқаны белгілі.
Еліміз үшін маңызы зор саяси науқан аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия төрағасы – Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және Конституциялық комиссия мүшесі – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады.
Кездесуде Конституциялық комиссияның бұған дейін өткен отырыстарының нәтижесі туралы мәлімет берілді. Эльвира Әзімова комиссия қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында барлық отырыс медиа кеңістікте, соның ішінде арнайы Telegram-арналары арқылы тікелей көрсетіліп жатқанын баяндады. Комиссия төрағасы жарты жыл бойы Конституциялық реформалар бойынша қоғамдық талқылау өткізілгенін және электронды платформаға азаматтардан, құқықтанушы ғалымдардан, сарапшылардан, заңгерлерден, саяси партиялардан, үкіметтік емес ұйымдардан, кәсіптік және бизнес қауымдастықтардан 2 мыңнан аса ұсыныс пен бастама келіп түскенін жеткізді. Осыған дейінгі отырыстарда комиссия мүшелері Конституция преамбуласының түбегейлі жаңа редакциясын, бірқатар баптарды және бөлімдерді әзірлеп, қарастырған.
Мемлекет басшысы өз сөзінде алдағы Конституциялық реформа еліміздің дамуына тың серпін беретінін атап өтіп, комиссия жұмысы Конституциялық реформаны іске асыруда өте маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
Бүгінге дейін комиссияның бес отырысы өтті. Жиындарда Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілуі жоспарланып отырған бірқатар маңызды түзетулер кеңінен талқыланды. Ұсынылып отырған өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру және еліміздің құқықтық мемлекет ретіндегі орнын нығайту.
Конституциялық комиссияның төртінші отырысында Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасы таныстырылды. Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жаңартылған Конституция жобасында Преамбула, 11 бөлім және 104 бап бар. «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілген. Тағы 4 бөлімнің атауы өзгерген. Жалпы, өзгерістер мен толықтырулар Ата Заңның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізілген. Бұл Конституция мәтінінің 84%-ын құрайды.
Сонымен қатар ол негізгі өзгерістерді де атап өтті. Бұл ретте жаңа бір палаталы Парламент моделі енгізіледі, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктері кеңейеді, Конституциялық соттың құқық қорғау тетіктері мен Ата Заң негізінде құқық үстемдігін қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігі артады.
Конституцияның Преамбуласын жаңа редакцияда толық өзгерту ұсынылып отыр, ол жаңа ұлттық құндылықтарды және қазіргі заманның талаптарын ескере отырып дайындалған. Преамбулада Конституцияны қабылдаудың негізгі мақсаттары, қағидаттары, құндылықтары және себептері қарастырылған. Жалпы алғанда, Преамбула қоғам мен мемлекеттің даму бағытын айқындайды.
Конституцияда адамның жеке басына қол- сұқпаушылық, адамның негізгі құқықтарын қорғау және сот билігінің тәуелсіздігіне қатысты нормалары айтарлықтай күшейтіледі. Неке мен отбасы құндылықтарын, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау міндеттемелері арта түседі. Сот, прокуратура, құқық қорғау жүйесінде де айтарлықтай өзгерістер көзделген. Оған сот ісін жүргізу нысандарын кеңейту, әділеттілік пен сот тәуелсіздігінің конституциялық қағидаттарын нығайту, сондай-ақ сот жүйесіндегі кадр мәселелеріне қатысты маңызды түзетулер кіреді. Сондай-ақ, адвокатураның құқықтық мәртебесін бекітетін жеке бап қарастырылған.
«Президент» бөлімінің ережелері тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралған. Президенттік сайлау мен ант беру рәсімінің мерзімі, Мемлекет басшысының Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы аясындағы өкілеттіктері көрсетілген. Бөлімге Вице-Президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктеріне арналған жаңа бап енгізілмек. Бір палаталы Парламентке көшу аясында «Құрылтай» бөліміне кең ауқымды түзетулер жобасы дайындалған.
Республика азаматтары арасынан құрылған Қазақстан Халық кеңесіне қатысты ережелер жеке бөлімде шоғырланған. Жаңа жоғары кеңес органы Қазақстан халқының мүдделерін білдіру және заң шығару бастамасы құқығына ие болмақ. Ал мемлекеттің біртұтастығы, Қазақстан аумағының тұтастығы, бөлінбейтіндігі және оған қолсұғылмаушылығы туралы норма өзгеріссіз қалады. Сонымен қатар Конституцияға белгілі бір аумақтарға қаржы саласында арнайы құқықтық режим енгізу немесе «жылдам даму қалалары» деп аталатын қалаларды құру мүмкіндігін қарастыратын норманы енгізу ұсынылуда. Бұл Астанадағы Халықаралық қаржы орталығының қызметі және Алатау қаласын дамытуға қатысты.
Конституциялық комиссияның бесінші отырысында оның мүшелері жұмыс топтары шеңберінде пысықталған бірқатар мәселе бойынша ұсыныстарын жеткізді. Оның бірі – жаңа Ата Заң мәселесін қарау.
Отырыста сөз сөйлеген комиссия мүшелері Құрылтайға сайлаудың пропорционалды жүйесінің артықшылығы, референдум атауы, Халық кеңесінің құрамы мен өкілеттіктері, неке және отбасы институтын нығайту, білім беру және тәрбие жүйесінің зайырлылығы туралы норманы, сондай-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң мен тәртіп» қағидаттарын бекіту, «Таза Қазақстан» және басқа мәселелер бойынша пікір білдірді.
Мемлекеттік кеңесші – Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қариннің айтуынша, Преамбулада алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдықтары ретінде жазылды. Конституцияның кіріспесінде мемлекеттігіміздің тарихи жолы мен өркениет бастаулары айқын көрсетілді. Сонымен қатар, жаңартылған Негізгі заңның басты идеясы – білім мен ғылым, мәдениет пен инновациялар болып бекітілмек.
Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Конституцияда өлім жазасына тыйым салуды қолдайтынын айтты. Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева талқыланып жатқан өзгерістер қолданыстағы Конституция мәтініне енгізілетін түзетулер шеңберінен әлдеқайда кең екенін атап өтті.
«Алдымызда еліміздің Ата Заңының жекелеген бөлімдеріне түзетулер немесе толықтырулар енгізумен шектелмейтін ауқымды міндет тұр. Бұл – 1995 жылғы Конституция мәтінін бүгінгі шынайылыққа жай ғана бейімдеу туралы емес, мемлекеттің бүкіл құрылымдық архитектурасын, құқықтар мен бостандықтар кепілдігі жүйесін, билік институттары мен қоғам арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін терең қайта қарау. Мұндай кешенді өзгерістер бізді жекелеген түзетулер сериясына емес, жаңа мәтін қабылдау қажеттігіне алып келеді. Бұл ұстаным «Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңының 26-бабына да сәйкес туындайды, онда нормативтік- құқықтық актіге енгізілетін өзгерістердің ауқымы ескерілуге тиіс екені нақты көрсетілген. Заң нормасына сәйкес, нормативтік-құқықтық акт мәтінінің жартысынан асатын көлемде өзгерістер және толықтырулар енгізілген кезде оның жаңа редакциясы қабылданады», – деді Дания Еспаева.
Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев та осындай пікірде.
«Соңғы екі күн ішінде біз ұсынылып отырған өзгерістерді жан-жақты әрі мұқият талқыладық. Кеше жобаның алдын ала нұсқасы таныстырылды. Мен бұл өзгерістердің барлығын тереңнен зерделеп шықтым. Мұнда Конституцияның мазмұндық тұжырымдамасын өзгертуге бағытталған өзге де маңызды жаңалықтар аз емес. Олардың барлығы қоғамның бүгінгі сұранысына, заман талабына сай келеді. Осыған баланысты Конституциялық комиссия аясында жаңа Конституция мәселесін қарау орынды деп санаймын», – деді заңгер отырыс барысында.
Жиын барысында комиссияның өзге де мүшелері жаңа Конституция қабылдау мәселесін қарау туралы ұсынысты қолдады. Міне, осындай үлкен ерекшеліктер мен тосын жаңалықтарға толы жаңа Ата Заңға енгізілетін өзгерістер, Конституциялық реформа – әділетті мемлекет қалыптастыру жолындағы нақты қадам десек болады.
Алма ЕСЕНБАЙ