Алматы облысы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 2025 жылы барлығы 60 тексеру жүргізді.
Осы жылдың алғашқы бір жарым айының қорытындысы бойынша шекті сауда үстемесін асыру фактілері бойынша 75 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.
Алматы облысы, Қонаев қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына жүргізілген бақылау барысында бірқатар сауда нысандарында шекті сауда үстемесінің сақталмағаны анықталды.
Атап айтқанда, жекелеген сауда объектілерінде сауда үстемесі 30%-дан 75%-ға дейін жеткен. Оның ішінде:
* картоп – 40%;
* пияз – 47%;
* қарақұмық жармасы – 77,4%;
* күріш – 50,4%;
* күнбағыс майы – 49,5%;
* ақ қант – 30,9%.
Сонымен қатар, сауда үйінде сатылған қарақұмық жармасы «Қонаев» ӘКК арқылы 179 теңгеден сатып алынып, 310 теңгеге сатылымға шығарылған. Нәтижесінде жеке кәсіпкер тарапынан 73,1% сауда үстемесі белгіленгені анықталды. Бұл қолданыстағы заң талаптарын бұзу болып табылады.
Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесі 15%-дан аспауы тиіс.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Нәтижесінде бағалар заң талаптарына сәйкестендірілді.
Департамент тарапынан баға мониторингі тұрақты негізде жалғасуда.
Азаматтар құқықтарының бұзылуы немесе бағаның негізсіз өсуі фактілері бойынша E-Otinish бірыңғай платформасы арқылы өтініш жолдай алады.
Қ.Дидаров,
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің
Алматы облысы бойынша сауда және
тұтынушылардың құқықтарын қорғау
департаментінің бас маманы




