Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар ауданының жетекші кәсіпорындарының бірі – «Glasman» тігін фабрикасының еңбек ұжымымен кездесті. Ондағы мақсат – 15 наурызда өтетін ҚР Конституциясын қабылдау жөніндегі референдум қарсаңында жаңа Ата Заңды жан-жақты талқылау, оның халық үшін маңызын кеңінен түсіндіру, сондай-ақ жұмысшыларды қабылданатын шешімдердің маңыздылығы туралы тікелей хабардар ету.
Аймақ басшысын фабрика әкімшілігі қарсы алып, кәсіпорынның өндірістік қызметімен таныстырды. Қонақтарды ертіп, шолу экскурсиясын өткізген директор Әнуар Хилажевтың айтуынша, кәсіпорын заманауи жоғары технологиялық импорттық жабдықтарды пайдаланады және күртешелер, шалбарлар, жейделер, тоқыма өнімдері шығарылатын өндірістік желілерді үнемі жетілдіріп отырады. Барлық қажетті сертификаттар толық көлемде ресімделген. Маталар мен фурнитура сенімді, тексерілген жеткізушілерден сатып алынады. Фабрика ұжымы тәжірибелі және білікті мамандардан құралған. Әрбір өнім бес деңгейлі сапа бақылауынан өтеді. Қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін тұрақты тренингтер мен басқа да іс-шаралар өткізіледі.
Кәсіпорын жұмысымен кеңінен танысқан соң, облыс әкімі еңбек ұжымымен кездесу өткізіп, заң үстемдігінің құндылықтары туралы баяндама жасады.
– Бүгін өздеріңізбен «Әділетті заң – тұрақты мемлекет негізі» атты өзекті тақырып аясында, ел тарихындағы аса маңызды кезеңде бас қосып отырмыз. Заң үстемдігі – кез-келген дамыған елдің басты қағидаты, ал әділеттілік – қоғамдағы тұрақтылықтың алтын арқауы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында үнемі «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстану қажеттігін басым бағыттардың бірі ретінде атап өтеді. Әділетті заң үстемдік құрған жерде азаматтардың құқықтары қорғалады, кәсіпкерлік еркін дамиды, инвестициялық ахуал жақсарады және қоғамда өзара сенім қалыптасады.
Бүгінгі таңда елімізде құқықтық мемлекет қалыптастыру бағытында жүйелі әрі ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысының Жарлығымен 15 наурызында республикалық референдум өтеді. Бұл науқанда біз Ата Заңға енгізілетін өзгерістерді қолдап қана қоймай, әрқайсымыз ел ертеңі мен келер ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін шешім қабылдаймыз.
Аталған реформаның негізгі мақсаты – сот жүйесін жетілдіру, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен тиімділігін арттыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды нығайту. Берілетін әрбір дауыс – еліміздегі демократиялық құндылықтар мен құқықтық тәртіптің нығаюына қосылған үлес болмақ, – деді Марат Елеусізұлы.
Кездесуде модераторлық еткен Талғар аудандық мәслихатының хатшысы Мұхит Әлібеков те мазмұнды баяндама жасады. Ол жаңа Конституция жобасында алғаш рет цифрлық ортада азаматтардың құқықтарын қорғау нормасы бекітілгенін, сондай-ақ адами капитал, білім беру, ғылым, мәдениет пен инновацияларды дамытуға ерекше назар аударылғанын атап өтті.
Кездесу соңында фабрика директоры Әнуар Хилажев сөз алып, облыс басшысына кәсіпорынға арнайы келіп, еңбек ұжымымен кездескені, өндіріспен танысқаны үшін алғысын білдірді.
– Еліміз шын мәнінде тарихи маңызы зор оқиғаның – Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумның қарсаңында тұр. Конституцияда біздің құқықтарымыз бен бастандықтарымыз айқындалады, ол әділдікке, тұрақтылыққа және ертеңгі күнге сеніммен қарауға негіз қалайды.
Бүгін біз баршамызға қатысты маңызды таңдау алдында тұрмыз. Әрқайсымыздың қатысуымыз бен азаматтық ұстанымымыз еліміздің болашағы қандай болатынына тікелей әсер етеді. Осы ретте сіздерді референдумға белсене қатысуға және өз таңдауыңызды жасауға шақырамын, – деді еңбек ұжымының басшысы.
Кездесу өте әсерлі өтті. Фабрика жұмысшылары аймақ басшысына нақты сұрақтар қойып, тұщымды жауап алды.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
Талғар ауданы




