Елімізде құқық бұзушылықтың алдын алу және отбасы институтын нығайту мақсатында «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылуда. Заң мен тәртіп тұжырымдамасын іске асыру аясында 12–22 ақпан аралығында Алатау қаласының аумағында аталған профилактикалық шара қарқынды түрде жүргізілуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, отбасындағы жанжалдардың туындауына жол бермеу және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға дер кезінде көмек көрсету. Осы бағытта Алатау қаласының Отбасын қолдау орталығының мамандары полиция қызметкерлерімен бірлесіп, тұрмыстық жағдайы төмен әрі агрессорлық мінез-құлық белгілері байқалатын отбасылармен кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Рейдтік іс-шаралар барысында азаматтармен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы зерделенуде. Қажет болған жағдайда психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау тетіктері ұсынылады. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және құқықтық жауапкершілік мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру шаралары өткізілуде.
Мамандардың айтуынша, мұндай кешенді жұмыстар құқық бұзушылық салдарымен күресуге ғана емес, ең алдымен оның алдын алуға бағытталған. Ведомствоаралық өзара іс-қимыл нәтижесінде қауіп-қатер тобына жататын отбасылар дер кезінде анықталып, оларға жеке сүйемелдеу шаралары көрсетілуде.
«Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға және отбасылық құндылықтарды нығайтуға өз үлесін қоса бермек.
Кеңесбаева Ляйля Ізбасарқызы,
Алатау қаласының отбасын қолдау орталығының директоры




