Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 37 жыл толды. Арада осынша уақыт өтсе де, сол бір қасіретті кезең ойдан өшіп, санадан сарқылмақ емес. Осыған орай Райымбек аудандық әкімдігінде Ауған соғысы ардагерлерімен тағылымды кездесу өтті.
Шараның мақсаты – Ауған жерінде интернационалдық борышын өтеп, қан майданда от кешіп, туған еліне аман-есен оралып, қаруын бейбіт өмірдегі еселі еңбекке арнаған ардагерлерге құрмет көрсету, ерліктерін жас ұрпаққа үлгі ету, тарихи оқиғаны кеңінен насихаттау. Кездесуге аудан әкімдігінің, ішкі саясат, Кеген, Райымбек аудандық қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімнің, Нарынқол шекара бөлімінің басшылары мен сарбаздары қатысты.
Шарада алғашқы сөз тізгінін ұстаған Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Самат Сатылғанов Ауған соғысы ардагерлерінің ел тыныштығы жолындағы жанқиярлық ерлігін айрықша атап өтті.
– Сіздердің отансүйгіштік қасиеттеріңіз – бүгінгі ұрпақ үшін орны бөлек өнеге. Тыныштық дейтін ұлағатты ұғымды жас ұрпақтың бойына сіңіріп, бейбіт өмірдің қадірін жете сезінуге ұйытқы болған пейілдеріңіз, соғыс қасіретін ұғындыру жолындағы еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Әскери борыштарыңызды Отаннан тыс жерде өтеп, ата-бабамыздың ел мен жерді қорғаудағы ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан қайсар рухын жаңғыртып, жаудың қаһарына қарсы қойған алмас қылыштай ар-намыстарыңыз, елге – мұра, ұрпаққа ұран болған ерліктеріңіз үшін басымызды иіп, алғыс айтамыз, – деген әкім орынбасары қорғаныс саласының бүгінгі тыныс-тіршілігін де тілге тиек етті.
Келесі кезекте сөз алған Кеген, Райымбек аудандық қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімнің бастығы, қорғаныс саласының майоры Әлібек Жұмақанов, Ауған соғысының ардагері Қайрат Болатбеков, Нарынқол шекара бөлімі бастығының орынбасары Нұрбол Төлеубаев ардагерлерге құрмет көрсетіп жатқан аудан әкімдігіне ыстық ықыластарын білдірді.
Кездесу барысында Ауған соғысы ардагерлеріне аудан әкімінің, Кеген, Райымбек аудандық қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімнің Алғыс хаттары, бағалы сыйлықтар табысталды.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы




