Былтыр ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялап, техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажеттігін, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясы насихатталатынын айтқан болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры атаулы жыл аясында қоғамдық қолдау орталығын құрды. Орталық үкіметтік емес ұйымдар, қоғам белсенділері мен Жұмысшы мамандықтары жылын лайықты өткізуге немқұрайлы қарамайтын азаматтар үшін ортақ алаңға айналмақ. Осы орайда арнайы ашылған adalenbek.kz сайтында елдегі еңбек адамдарын қолдауға арналған қоғамдық іс-шаралардың интерактивті картасы жасақталады. Ақпаратты adildik.org.kz@gmail.com поштасына жіберуге болады.
«Әділдік және өркендеу» қоры бұдан басқа да бірқатар бастаманы жүзеге асырады. Соның бірі – «Еңбек даңқы» онлайн-кітабы. Бұл адал еңбекпен отбасын асырап, ел экономикасын еселеуге үлес қосып жүрген жандардың есімі жазылатын естелік кітабына айналады. Бұл кітап та adalenbek.kz арнайы порталына жүктеледі. Сондай-ақ журналистер мен блогерлер арасында «Еңбек адамы туралы ең үздік материалға» байқау жариялайды. Конкурсқа журналистер мен кемінде 3 мың жазылушысы бар блогерлер қатыса алады. Түрлі жанрда, бірнеше номинация бойынша келіп түскен жұмыстарды құрамында беделді медиа мамандар мен қор өкілдері кіретін қазылар алқасы бағалайды. Алғашқы жеңімпаздар Журналистер күніне орай марапатталады. Жылдың соңында жалпы қорытындысы шығарылады.
«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры – жаңа үлгідегі үкіметтік емес ұйым. Қор белсенді азаматтық ұстанымы бар, Әділетті Қазақстан құруға үлес қосқысы келетін азаматтарды біріктіреді. 20 өңірде өкілдігі мен 8000-нан астам жақтасы бар. Өз жұмысында қоғамдық бақылау мен әлеуметтік мониторингке ерекше басымдық береді.
Жақан АХАЕВ,
еңбек ардагері
Қонаев қаласы