Перейти к содержимому
Главная страница » Қазақ ауласы қайта оралар ма?

Қазақ ауласы қайта оралар ма?

Кезіндегі қазақ аулалары жай ғана үйдің алды, есіктің маңы емес еді. Ол расымен де үлкен өмір мектебі болатын. Баланың алғашқы қадамы, достығы, жеңісі мен жеңілісі сол аулада қалыптасатын. Аулада өскен бала өмірді төңірегіндегі адамдар арқылы танитын еді. Үлкенге сәлем беруді, кішіге қамқор болуды, қолындағысымен бөлісуді сол ортадан бойына сіңіретін. Ал бүгін ше? Сол берекеге толы, балалықтың мәні болған аулалар қайда? Бұл сұрақтың астарында сағыныш қана емес, қоғамның бүгінгі келбеті жатыр.

Біздің балдырған кезімізде әр көшенің бойында немесе әрбір үйдің алдында балалар асыр салып ойнайтын да жататын. Ұлдар асық атып, ләңгі теуіп, доп қуаласа, қыздар қуыршақтарын шығарып, мәз болысатын. Аналарымыздың «Үйге кіріңдер!» деген үні естілгенше, аула біздің еркін әлеміміз еді.
Бүгінде кешкілік көпқабатты үйлердің ауласына көз салыңызшы. Ойын алаңы бар. Тербелетін әткеншек те тұр. Бірақ баланың ойынынан бұрын телефонның жарығы көп көрінеді. Бірі планшетке үңілген, бірі құлағына құлаққап таққан. Кейбір аулаларда мүлгіген тыныштық. Балалардың орнына көліктер қаптап тұр. Біз ауламызды жоғалттық па, әлде аула бізді жоғалтты ма?
Аула – тек ойын алаңы емес, көршілік мәдениеттің алтын бесігі болатын. Әжелер кешкісін орындыққа отырып әңгіме айтатын. Аталар шай үстінде елдің жағдайын сөз ететін. Жастар үлкеннің батасын алып, өсиетіне құлақ салатын. Бір үйдің қуанышы бүкіл көшеге, бір үйдің қайғысы бүтін ауылға ортақ болатын. Қазір көршімен көрісу сиреді. Бір қабатта жылдап тұрып, есімін білмейтін адамдар көбейді. Бір аулада өмір сүрсе де, бір-бірімен амандаспайтындар қаншама?! Темір есік пен домофон қауіпсіздігімізді арттырған шығар, бірақ адамдар арасындағы жақындықты азайтып алған сыңайлы.
Қазақ «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп бекер айтпаған. Бұл сөздің мәні тек көршіге көмектесуде емес, береке кеше жүріп, бірге өмір сүруде еді.
Иә, біз бүгінде балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдаймыз. Сондықтан айналамыздың бәрін қымтап алдық. Бірақ қауіпсіздік есікті тарс жауып алумен немесе бейнекамера орнатып қоюмен өлшенбейді. Баланы қорғайтын, тәрбиелейтін ең үлкен күш – орта. Бұрын бала тәрбиесіне ата-ана ғана емес, ауыл-аймақ, бүкіл көше жауапты болатын. Бір бала қателік жасаса, көршілер ескерту айтатын. Бұл бақылау емес, жауапкершілік еді. Қазір әркім өз әлемінде өмір сүреді. Пәтер есігі жабылды, байланыс та үзілді. Қоғамның кішкентай бөлшегі саналатын аула бірте-бірте рухани қызметінен айырылып барады. Аулада өскен бала жеңумен қатар жеңілуді де үйренетін. Доп ойнағанда сүрінетін, асықтан ұтылса түңілетін. Достарымен ренжісетін. Бірақ ертеңіне қайта татуласатын. Осылайша өмірдің ең маңызды сабақтарын табиғи түрде меңгеретін. Ал бүгінде көп бала виртуалды әлемде өсіп келеді. Экрандағы ойынның жеңісі шынайы өмірдің тәжірибесін алмастыра алмайды. Компьютер қарсыласпен қол алысып, татуласуды үйретпейді. Телефон үлкенге жол беруді көрсетпейді. Планшет көрші әженің сәлемін алуды еске салмайды.
Біз балалардың бос уақытын ұйымдастыру туралы жиі айтамыз. Бірақ мәселе тек үйірмеде емес, ортада екенін бағамдай бермейміз. Бала тәрбиесінде отбасы мен мектептен бөлек, қоршаған қоғамдық кеңістіктің орны ерекше. Егер аулада мейірім мен сыйластық болса, бала да соны бойына сіңіреді. Қазіргі таңда қалалар қарқынды дамып келеді. Биік үйлер көбейіп, аулалар кеңейіп жатыр. Бұл – заңдылық. Бірақ биік ғимараттар көбейген сайын адамдардың арасы алыстап бара жатқаны ой салады. Жаңарған заманда қазақтың ауласын бұрынғы қалпына қайтару мүмкін емес шығар. Бірақ көршілердің татулығы мен ауладағы балалардың ынтымағын сақтап қалуға болады. Ол үшін үлкен қаражаттың да, мемлекеттік бағдарламаның да қажеті жоқ.
Ол үшін көршіңізбен қарым-қатынас орнатып, балаларыңызды аулаға бірге ойнауға жіберіңіз. Ортақ сенбілікке шығыңыз. Аула мерекесін ұйымдастырыңыз. Үлкендердің әңгімесін тыңдайтын, кішілердің күлкісі естілетін орта қалыптастырыңыз. Өйткені аула әншейін ойын алаңы емес, ол – адамдарды араластыратын орын.
Қазақтың ауласы жоғалған жоқ. Ол біздің қарым-қатынасымыздың қалтарысында қалып қойды. Егер біз оны қайтадан қалыптастыра алсақ, аулада қайтадан балалар күлкісі естілетін болады. Көрші көршіге жат болмайды. Темір есіктің ар жағынан емес, жүректердің арасынан жол ашылады. Ұлттың болашағы үлкен мінберлерде ғана емес, қарапайым аулаларда қалыптасады. Себебі ертең ел тізгінін ұстайтын азамат бүгін дәл сол аулада ойнап жүр. Сондықтан қазақтың ауласын сағынумен шектелмейік, оны қайта жандандырайық. Әр аулаға жан біткенде, қоғамға да жылылық оралары хақ.

Құралбек СӘБИТОВ