Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ҮЗДІК ӘДІСКЕР АНЫҚТАЛДЫ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ҮЗДІК ӘДІСКЕР АНЫҚТАЛДЫ

67 қаралым

Қонаев қаласындағы Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектепте облыстық «Мектепке дейінгі ұйымның жыл әдіскері» байқауы өтті. Мақсаты – мектепке дейінгі ұйымдардағы әдістемелік жұмыстың сапасын арттыру, шығармашыл әрі білікті әдіскерлерді анықтау, олардың озық тәжірибесін тарату және кәсіби дамуына қолдау көрсету. Облыстық әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен сайыста аудандық, қалалық іріктеуден іркілмей өткен балабақша әдіскерлері бақ сынады. Байқаудың салтанатты ашылу рәсімінде сөз облыстық білім басқармасының  бөлім басшысы Дәурен Ботбайға берілді.

 – Баланың ерте дамуы оның өміріндегі ең маңызды кезең саналады. Облыс көлеміндегі 101 мемлекеттік балабақша, 64 шағын орталық және 979 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымда барлығы 7099 педагог еңбек етуде.  Педагогтердің біліктілік санаты 28,2% болды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7,1 пайызға өскен. Былтыр республикалық «Жыл әдіскері» байқауында Талғар ауданындағы №8 Айгөлек бөбекжай-балабақшасының әдіскері Гүлім Оразәліқызы 1-орынды иеленді. Мектепке дейінгі және бастауыш мектептердегі жұмысты синхрондауда балабақшаға бармаған, мектепалды тобынан өтпеген балалар үшін жаз айында «Балақайлар мектебі» қысқа мерзімді оқыту курстары ұйымдастырылады. Шалғай жатқан балабақшалардағы балаларды жақын орналасқан бастауыш мектептерге тарту, байланыс орнату, бастауыш сыныптар мен балабақша арасындағы сабақтастықты арттыру мақсатында «Мектеп-балабақша» бірлескен серіктестік топтары құрылды. 2024 жылы осы бағытта 8 бастауыш мектепке 8 балабақша тартылып, бірлескен жұмыстар жүргізілген.  Былтырдан бастап барлық мектепке дейінгі ұйым мен бастауыш сыныптары бірлесіп жұмыс істеп келеді. Мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылмаған балалардың ата-аналарына қолдау көрсету мақсатында балабақшаларда кеңес беру орталықтары бар. Онда ата-аналарға психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде, – деген Дәурен Айтақынұлы сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Дәурен Ботбай мен осы бөлімнің бас маманы Ұлжан Әбілдаева, облыстық әдістемелік орталығы директорының орынбасары Гулина Оразәлі, аталған орталықтың мектепке дейінгі және бастауыш бөлімінің басшысы Айзат Ердәулетова,  «BilimInvest» қауымдастығы, «БОТО «Еркем-Ай Алматы» ЖШС, директордың орынбасары Сағыныш Ошақпаева сайысқа төрелік етті. Әділқазылар алғашқы кезеңде әдіскерлердің кәсіби шеберлігі, құзыреттілі, заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану тәжірибесі, тәрбие мен оқыту саласындағы шығармашылық ізденісі және соңғы үш жылдағы жетістіктеріне өз бағаларын берді. Екінші кезеңде әділқазылар алқасының  назарына жетістік портфолиосы ұсынылды. Онда қатысушының жалпы мәліметтері, мекеме басшысы растаған соңғы үш жылдағы білім беру жетістіктері мониторингінің нәтижесі, авторлық бағдарламалар, қатысқан байқау, семинар, фестиваль, тағы басқа іс-шаралары, педагогикалық жобаларды іске асыру бойынша материалдар, ақапарат пен кеңес берулерін орналастырғаны жөнінде сілтемелер қамтылған.

Байқау қорытындысында Жамбыл ауданындағы «Айгөлек» бөбекжай-балабақшасының әдіскері Әсем Исабаева бас жүлдені жеңіп алды. Іле ауданының намысын қорғаған Бекзада Атығаева 1-орынды олжаласа, Райымбек ауданының үкілеп қосқан үміті Гүлмира Өскембаева 2-орынға ие болды.  Еңбекшіқазақ ауданы атынан қатысқан Дильмира Жампоз 3-орынды еншіледі. Бірқатар қатысушылар арнайы номинацияларды иеленді. Сондай-ақ бас жүлдені жеңіп алып, жеңіс тұғырынан көрінген жеңімпаз республикалық байқауға облыс атынан қатысады.

– Бүгін мен үшін есте қаларлық күн болды. Бұл байқау – тек бақ сынайтын алаң емес, тәжірибе алмасып, жаңа бастамалармен танысып, кәсіби тұрғыда дамуға үлкен мүмкіндік. Қатысушыларға тың серпін беріп, жаңа қырын танытуға, алға ұмтылуға жігерлендірді. Сайыс барысында әрбір қатысушының ізденісі, шығармашылығы, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі мен кәсіби шеберлігі айқын көрінді. Осындай маңызды байқаудың жеңімпазы болғаныма қуаныштымын. Оны жоғары деңгейде ұйымдастырып, мектепке дейінгі білім беру саласы мамандарына қолдау көрсетіп отырған ұйымдастырушыларға шынайы алғысымды білдіремін, – деп ағынан жарылды  Әсем Әбдіқалиқызы. 

Қонаев қаласы

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

↑