Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / СУДАҒЫ КӘСІП – АУЫЛДАҒЫ ЖАҢА МҮМКІНДІК

СУДАҒЫ КӘСІП – АУЫЛДАҒЫ ЖАҢА МҮМКІНДІК

36 қаралым

Іле ауданында ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыруға бағытталған жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Ащыбұлақ ауылдық округінде қолға алынған балық шаруашылығы.

«Бақыт» шаруа қожалығында тұқы, сазан, бақтақ және бекіре секілді балық түрлері өсіріледі. Кәсіпкерлік жобаны жүзеге асыруға 500 млн теңге көлемінде жеке инвестиция тартылған. Шаруашылықтың жылдық өндірістік қуаты 500 тоннаға дейін жетеді.

Жобаның ерекшелігі – ашық су айдындарында балық өсіруге арналған арнайы тор қоршаулардың қолданылуы. Сонымен қатар шаруашылықта балық өсіруге арналған тор қоршаулар мен қажетті бөлшектерді өндіретін желі іске қосылған.

Бүгінде шаруашылықта 200 тоннаға жуық балық өсірілді. Алдағы уақытта өндірістік қуатты арттырып, тор қоршаулардың санын көбейту жоспарланып отыр.

Жаңа өндіріс жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға да мүмкіндік берді. Қазіргі таңда шаруашылықта 15 адам еңбек етеді. Өндіріс көлемінің ұлғаюына қарай жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі де қарастырылуда.

Ащыбұлақ ауылдық округінде балық шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай бар. Округ аумағында 18 шағын тоған орналасқан. Кәсіпкер көл мен оған іргелес жерді 10 жыл мерзімге жалға алып, су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған өндірісті дамытып келеді.

Балық шаруашылығын дамыту – Іле ауданындағы кәсіпкерліктің жаңа бағыттарының бірі. Мұндай жобалар ауылдағы экономикалық белсенділікті арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және жергілікті өндірісті дамытуға жол ашады.

Жеке инвестиция мен мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану арқылы аквакультура саласының әлеуетін арттыруға мүмкіндік мол. «Бақыт» шаруа қожалығының жобасы – ауылдағы кәсіпкерліктің жаңа мүмкіндіктерін көрсететін нақты бастамалардың бірі.

↑