Қарасай ауданының ардагерлері, Іргелі ауылдық округі әкімдігі және Кемертоған орта мектебінің ұжымы бірлесіп, «Ұрпақ сабақтастығы – ұлттың ұлы мұрасы» атты тағылымдық кездесу әрі сайыс ұйымдастырды. Бұл шарада ата-әжелердің өмірлік тәжірибелерін жас ұрпаққа үлгі ету, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, оқушылар мен аға буын арасындағы байланысты нығайтып отыру басты мақсат етіп қойылды.
«Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» деген аталы сөздің астарында өте үлкен мағына жатқаны айтпаса да түсінікті. Сондықтан да аталар мен әжелеріміз өткеннің шежірелі тарихын бүгінге жеткізуші, ал ізінен ерген жас ұрпағы сол аманатты алға қарай жалғастырушы екенін халық жақсы біледі. Осы жағын мықтап ойға түйген қарттар мен жастар белгіленген шарттар мен талаптарға байланысты өзара сайыста аянып қалған жоқ. Екі жақ та барын салды. Таразы талқысынан өткізіп қарасаңыз, көпті көрген көнекөздер де, жанып тұрған жастар жағы да тұла бойында тұнып тұрған дарындылық пен қарымдылық бар екенін көрсетті. Сайыс нәтижесін әділқазылар алқасы шешетіні бесенеден белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда, Іргелі ауылдық Мәдениет үйінің директоры Бауыржан Амангелдіұлы, Кемертоған орта мектебінің директоры Айнұр Әбішева, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Балнұр Өтеғұлова, педагог-ұйымдастырушы Қалымбек Айдидар, іс-шара жүргізушісі Елнұр Нұрғожаева осы міндетті өз мойындарына алып, байқау қорытындысын әділетті түрде шешуге күш салды.
Аталған іс-шараның беташарында арнайы шақырылған ҚР Білім беру ісінің үздігі, ақын әрі сазгер, Талғар ауданының Құрметті азаматы Камнұр Тәлімұлы сөз алып, үлкен толғаныспен сан тақырыпта салмақты ойын ортаға салды. Оның сөйлеген сөзі көрермен қауымды кәдімгідей ойландырып тастады. Бұдан кейін тақырыпқа сайма-сай келетін ақын Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған атақты сазгер Нұрғиса Тілендиевтің «Әкеме» әнін «Дархан-дария» аталар ансамблі әуелете шырқап, әдемі де әсерлі орындап шықты. Өнер дегеннің ұрпақтан-ұрпаққа жалғанатын алтын көпір екенін жоғары сынып оқушылары да көрсетті. Оқушылар ақын Қадыр Мырза-Әлінің сөзіне жазылған сазгер Ерлан Леспаевтың «Өз елім» әнін таңдай қақтыра тамаша орындады.
Сайыстың бірінші бөлімінде қойылар тапсырма «Кім жылдам?» деп аталды. Қарттар да, жастар да 14 сұрақтан тұратын ұлттық бұйымдарды бөгелмей, асқан жылдамдықпен дұрыс атап шығу міндеттелді. Әрине, бұл жағынан қарттар ерекше шеберлік көрсетті. Ал жастар жағы «Трендтегі заттар» бойынша қойылған 9 сұраққа мүдірмей жауап берді. Сол сияқты қазақ тіліндегі және заманауи кинолар бойынша жауап беруден де екі жақ тең түсті. «Бабадан қалған бірауыз сөз» бөлімінде бейнекөрініс арқылы жауаптар алынды. Мұнда да екі жақтың командалары таразы басын тең ұстады. Олар өнер жағынан да құралақан емес екенін көрсете білді. Көрермен алдында олар орасан еңбектері үшін лайықты сыйлықтарға ие болды. Атап айтар болсақ, мектеп оқушылары Рысбай Ерсейіт, Төлеген Әмір, Серікбай Мирас, Ершат Бағжан, Жақсыбек Оразбек, музыка пәнінің мұғалімі Бауыржан Оразов, аналар кеңесінің төрағасы Райса Сығаева, ардагерлер ұйымының төрағасы Егінбек Егеубеков, аталар мен апалар ансамблінің мүшелері Жүрсінбай Сейітқожаев, Болатбек Әбдәзимов, Қалиахмет Көшкімбаев, Тәжмұрат Пазыл, Қален Мұсаев, Мәлік Өксікбаев, Мәриямгүл Нұрышева, Дәмегүл Мұсаевалардың өнеріне тәнті болмаған адам жоқ шығар?!
Осынау салтанатты сәтте облыстық билер бірлестігінің бас биі Камнұр Тәлімұлы өңір тұрғыны, ардагер Тәжмұрат Пазылды Іргелі ауылындағы билер бірлестігінің биі етіп тағайындауды ұсынды. Бұл ұсынысты жиналған қауым бірауыздан қолдады. Өз дәрежесінде өткен тағылымды шара көпшілік көрерменге ерекше ұнады. Сондықтан болар, олар қошеметпен қол соғып отырды. Халықпен бірге Қарасай аудандық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Серік Бертайұлы, «Асыл ана» ұйымының төрағасы Ұлтай Бархинова, мектеп директоры Айнұр Әбішева, тіл жанашыры Камнұр Тәлімұлы, тағы басқа азаматтар да шара туралы жақсы пікір білдіріп, көпшілікке берер тағылымын айрықша атап өтті.
Қанат ТӘКЕБАЕВ
Кемертоған ауылы,
Қарасай ауданы

