Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ақтоты Райымқұлова, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті: Түркі әлемінің музыкасы да ортақ

Ақтоты Райымқұлова, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті: Түркі әлемінің музыкасы да ортақ

17 қаралым

Түбі бір түркі елдерінің мәдени байланысы сан салалы. Әсіресе әсем сазы үндескен музыканың жөні бөлек. Халықтар арасындағы ықпалдастықты арттыра отырып, рухани бай мұраны игілікке жаратудың жаңа шешімдері қабылдануда. Соның жарқын көрінісі –Turkic Union of Comprosers (TUC) – Түркі әлемі композиторлары бірлестігін құру ниеті туралы Баку декларациясының қабылдануы. Бұл тарихи қадамның мазмұны мен мәні қалай? Осындай сұрақтарға жауап іздеп, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұловамен әңгімелескен едік.

– Ақтоты Рахметоллақызы, Бакуде өткен Түркі әлемі композиторларының тұңғыш құрылтайында бауырлас елдердің композиторларын бір шаңырақ астына біріктіру мақсаты көтерілді. Мұндай ауқымды бірлестік құру қажеттілігі неден туындады? Осыған қатысты ойыңызбен бөліссеңіз.
– Түбі бір түркі халықтарындағы мәдени құндылықтардың өзегі ортақ. Соны бүгін жаңаша жаңғыртсақ, тарихымызды, тілімізді, әдебиетімізді өзара ықпалдастық негізінде одан әрі байытамыз. Музыка – халықтар рухын ғасырлар бойы бір арнада тоғыстырған ақсүйек өнер. Мәселен, казақтың күйі, қырғыздың ыры, әзербайжанның муғамы, өзбектің мақомы бір-біріне түсінікті. Сонымен қатар өзіндік дәстүр, орындаушылық шеберлігімен де таңғалдырады.
Өркениетке бет алған түркі мемлекеттерінде композиторлық кәсіби мектеп, консерватория, музыка академиясы және шығармашылық одақ, халық оркестрлері өскелең уақытқа сай кемелдену үстінде. Әлеуеті толысқан өнер ұжымдарын ортақ мақсатқа біріктіріп, композиторлар мен музыкатанушылардың кәсіби байланысын ұштастырсақ, одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Сондықтан Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігі мен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры ақылдаса келіп, Түркі әлемі композиторларының құрылтайын өткізуді жөн көрдік.
Мұны ағымдағы халықаралық жиынмен шатастырмауымыз керек. Біз түркі елдері композиторларының ұдайы бірлікте болып, бірлесе еңбек етуін қалаймыз. Сол арқылы жаңа шығармалардың дүниеге келуіне, тәжірибе алмасуға және музыкамыздың әлемдік сахнада насихатталуына мол мүмкіндік туады.
– Құрылтайдың Бакуде өткені қуан­дырады. Өйткені бұл шара Үзеир Гаджибейлі атындағы халықаралық музыка фестивалімен сабақтасып жатты. Мұның қыры мен сыры туралы көзқарасыңыз қандай?
– Әрине, Баку қаласы бекер таңдалған жоқ. Оның бірқатар тарихи және мәдени негізі бар. Әзербайжан – кәсіби композиторлық мектебі қалыптасқан ел. Үзеир Гаджибейлі, Қара Қараев, Фикрет Амиров сынды таланттардың шығармашылығы алты құрлыққа аян.
Құрылтайдың XVIII халықаралық Үзеир Гаджибейлі музыка фестивалі аясында ұйымдасуы шараның мазмұнын одан сайын тереңдете түсті. Сонымен бірге бұл жиын Бірінші Баку түркологиялық Құрылтайының 100 жылдығына, Низами Гәнжауидің 885 жылдығына және Әлішер Науаидың 585 жылдығына да арналды.
Меніңше, бұл мерейтойлардың бір бағдарламада тоғысуы – жақсы ырым. «Ырыс алды – ынтымақтың» символы. Түркі халықтарының ғылыми, әдеби және музыкалық мұрасының тығыз байланыста екенін көрсететін оқиға. Біз осы арқылы бауырлас елдердің кәсіби музыка өнерін төрткүл дүниеге кеңінен танытуды көздедік.
Құрылтайға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан және Мажарстаннан композиторлар мен музыката­нушылар, шығармашылық ұйым өкілдері қатысты. Үш күннің ішінде сыр сандығынан неше алуан ой қазынасы ақтарылды. Ғылыми отырыстар, дөңгелек үстелдер бірін-бірі толықтырып жатты. Симфониялық, камералық және дәстүрлі музы­калық концерттер рет-ретімен көрермен талғамынан өтті.
– TUC-тың құрылуы туралы Баку декла­ра­ция­сының қабылдануы құрыл­тайдың басты жаңалығы ретінде әспет­телгені рас. Оның бұрыннан қалып­тасқан мәдени байланыстардан қандай айырмашылығы бар?
– Басты айырмашылығы – халықара­лық шығармашылық байланыс енді жаңаша сипатқа ие болатыны. Өнер адамдары кәсіби ұйым төңірегіне топтасады. Сол себепті құрылтайда TUC-ты құру ниеті туралы Баку декларациясына қол қойылды. Аталған құжатта жаңа ұйымның мақсаты мен міндеті айқындалды. Бұл бірлестік тек композиторлар топтасатын ұйым ғана емес, оның жұмысына музыкатанушылар, дирижерлер, орындаушылар, ұлттық шығармашылық одақтар, консерваториялар, музыка академиялары мен оркестрлер де қатысады.
Біздің алдымызда бірнеше міндет тұр. Бірінші­ден, түркі халықтарының музыкалық мұрасын сақтауға және зерттеуге тиіспіз. Екіншіден, ұлттық ком­позиторлық мектептердің өзара шығармашылық бай­ланысына жаңа мүмкіндік ашылады. Үшіншіден, жас композиторлар мен орындаушыларды қолдауға барынша назар аударылады. Төртіншіден, түркі музыкасын халықаралық деңгейде бірлесіп насихаттауды ұйымдастырамыз. Көздеген нәтиже жаңа шығармалардан, концерттерден, ғылыми еңбектерден және жас музыканттарға арналған тың жобалардан айқын көрініс табады деп ойлаймын.
– Баку декларациясында TUC-тың штаб-пәтерін Әзербайжан астанасында орналастыру ұсынылыпты. Сонымен қатар бірыңғай музы­калық кеңістік қалып­тастыру туралы да айтылған. Мұның мәнісін қалай түсіндіресіз?
– Бірыңғай музыкалық кеңістік деген – үлкен ұғым. Мәселен, қазақ композиторының шы­ғар­масы Әзербайжан немесе Түркия сахнасында орын­далса, Әзербайжан композиторының туын­дысы Қазақстандағы оркестрдің репертуарына енсе қандай жақсы! Кәсіби ынтымақтастықтың нәтижесінде өнер өрге жүзеді.
Баку декларациясының негізгі мазмұны да осы рухани тұтастықты нығайтуға арналған бірнеше маңызды бағытты айқындап берді. Атап айтқанда, ол – жаңа музыкалық шығармаларға халықаралық тапсырыс беру, бірлескен концерттік бағдарлама әзірлеу, орындаушылық мектептерді дамыту, музыкалық мұраны цифрландыру және жас авторларды қолдаудың ұтымды әдіс-тәсілдеріне бет бұру.
Жол картасын әзірлеу – құрылтайдың өзекті шешімі. Себебі жаңа ұйымға маңызды міндет жүктеліп отыр. Оның ойдағыдай орындалуы ұдайы назарда болады. Сондықтан біз әрбір қадамымызды тереңнен толғап, алдағы іс-әрекетіміздің әрбір тұсын анық әрі дәл белгілеп алуға тиіспіз.
Биыл TUC-ке Әзербайжан төрағалық етеді. Аталған бірлестікті атақты композитор Франгиз Али-заде ханым басқарады. Ал келесі жылы Қазақстанға көшеді. Сөйтіп жыл сайын төрағалық ауыса береді. Жол картасы аясында ауқымды жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Олар бір-бірімен сабақтасып, ортақ игілікке айналса, түркі әлемінің музыка мәдениеті әлемдік деңгейге көтеріліп, кәсіби жағынан толысқан рухани күшке айналады.
– Жол картасына қарасақ, Қазақстанға 2027 жылы цифрлық музы­ка­лық кітапхананы таныстыру міндеті жүктелген екен. Бұл жобаның түркі халық­та­рының музыкалық мұрасын сақтаудағы рөлі қандай?
– Елімізге қатысты болған соң, бұл ауқымды жобаның маңызына ерекше тоқталып өтейін. Шынында да, баға жетпес музыкалық мұрамызды көздің қарашығындай сақтау – үлкен аманат. Бұл міндет тек әдемі шығармаларды сахнада орындап шығумен немесе концерт беріп, көрерменнің қошеметімен шектеліп қалмауға тиіс. Бәрін ғылыми тұрғыдан саралап, жинақтап, жүйелеп, келесі ұрпаққа қолжетімді етуге тиіспіз. Бұл жерде білім мен білік, сауаттылық қажет.Түркі халықтарының музыкалық мұрасына қатысты дүниелер әр елдің архивінде сақтаулы. Солардың бәрін бір жүйеге түсіріп, цифрлық кеңістік құруымыз қажет. Нәтижесінде музыкаға ден қойған жандардың ізденісін кеңейтеміз. «Turkic Music Library» осындай игі істерді атқаруға бағытталған. Мысалы, бір елдің зерттеушісі екінші елдің сирек кездесетін ноталық мұрасымен танысып, оны өзінің ғылыми жұмысында пайдаланады. Оркестрлер мен орындаушылардың да қолы ұзарады. Репертуары тың туындылармен толыға түседі.
Қазақстанның осы жобаға қатысқаны – өте құптарлық іс. Сол арқылы еліміздің музыкалық мұрасын түркі әлеміне кеңінен танытатын мүмкіндікке ие боламыз.
– Баку декларациясында World Composers Network платформасын құру бастамасы көрсе­тіліпті. Бұл жоба түркі жұртының музыкасын халықаралық деңгейге көтеруге қалай ықпал етеді?
– World Composers Network – TUC аясында жұмыс істейтін, географиялық тұрғыдан алғанда кең ауқымда таралатын халықаралық желі. Платформаға күллі әлем елдерінің музыка өкілдері қатыса алады. Жоба аясында жыл сайын халықаралық кездесулер, жаңа шығармаларды таныстыру, премьералар, тәжірибе алмасу және басқа да жұмыстар бірлесіп атқарылады.
Бұл жерде бір мәселеге ерекше мән берген жөн. Түркі әлемінің музыкасын халықаралық деңгейде таныту үшін оның бай мұрасын көрсетумен бірге жаңа замандағы музыкалық шығармаларды да насихаттау жолға қойылады. Композиторларымыз әлемдік оркестрмен жұмыс істеуге дағдыланады. Халықаралық фестивальге қатысады және жаңа шығармаларға тапсырыс алады. Бір сөзбен айтқанда, аталған платформа шығармашылық ізденісті үйлестіретін кәсіби алаңға айналады.
– Жас композиторлар мен орындау­шыларға да ерекше назар аударған екен­сіздер. Әсіресе, түркі әлемінің жастар симфониялық оркестрінің құрылуы көңілден шыққандай. Бұған қатысты не дейсіз?
– Ол рас, Жол картасында жастарға арнайы орын берілген. 2029 жылы Түркияда композитор­ларға арналған шығармашылық резиденция іске қосылады. Әр елдің жас авторларына белгілі бір уақыт бірге отырып жұмыс істеуге, тәжірибелі мамандардан кеңес алуға, жаңа шығармалар жазуға мүмкіндік беріледі. 2032 жылы Мажарстанда түркі әлемінің жастар симфониялық оркестрін таныстыру жоспарланған. Сол арқылы ортақ концерттік бағдарлама жасақталады.
Сонымен қатар тағайындалатын Turkic Music Awards халықаралық сыйлығы кәсіби музыкалық өнердегі жетістіктерді бағалаудың өзіндік өлшемі болады деп топшылаймыз. Жарысқа қосылу жастарды арқаландырады. Олар басқа елдердің кәсіби ортасымен танысып, халықаралық тәжірибеге қанығады. Біз осыны дұрыстап пайдалануға мүдделіміз.
– Өзіңіз жақсы білесіз, бүгінгі таңда жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар өнердің өзге салалары секілді музыка әлеміне де ене бастады. Осы орайда заманауи жаңалықтарға сүйене отырып, ғасырлар жүгін арқалаған дәстүрлі музыкалық мұраны сақтау мен бүгінгі композиторлық өнерді дамыту ісі жаңа сапалық деңгейге көтеріле ала ма? Олардың арасында қандай байланыс болуы керек деп ойлайсыз?
– Технологияның дамуы – музыкалық шығар­машылыққа жаңа сипат, тың серпін беретін заманауи үрдіс. Дыбыс жазу, өңдеу, музыкалық шығармалар­ды сақтау және тарату тәсілдері қазір түбегейлі өзгерді. Жасанды интеллекті де композиторлардың жұмысына өзіндік ықпалын тигізе бастады. Алайда қандай озық технология қолданылса да, музыкалық шығарманың ішкі тіні, көркемдік құндылығы және авторлық мәнері сақталуы тиіс.
Цифрландыруды тек материалды электрондық форматқа көшіру деп біржақты түсінбеген абзал. Оның ар жағында ғылыми саралау, түпнұсқаны сақтау, авторлық құқықты қорғау және асыл мұрамызды келешек ұрпақтың танымына сай ұғынықты түрде жеткізу міндеті тұр. Меніңше, дәстүр мен жаңашылдық бір-біріне қарсы қойылатын үрдіс емес. Ұлттық музыканың тамыры тереңде жатыр. Соны ескере отырып, оның бүгінгі шығармашылық ізденістермен бірге қайта жаңғыруына мүмкіндік жасауымыз қажет.
– Жаңа халықаралық бірлестіктің жұмысы композиторлар мен музыкант­тарға ғана арналмаған сияқты. Мұнда музыкалық дипломатияға да орын бар. Бұл мәдени қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға қандай үлес қосады?
– Музыкада шекара болмайды. Оның шалқыған сазынан халықтың тарихын, дүниетанымын және рухани болмысын танисыз. Сондықтан музыкалық дипломатияны мәдени ынтымақтастықтың маңызды бағыты деп есептеймін. Ортақ концерт, фестиваль, композиторларға қатысты шаралар – әлем халықтарын біріктіретін фактор.
Біз түркі халықтарының музыкалық мұрасын өткеннің еншісіндегі естеліктерге баламаймыз. Ескірмейтін құндылыққа теңейміз. Асылын екшеп, бүгінгі әлемдік мәдениеттің алтын қорына сүбелі үлес ретінде қосамыз. Музыкалық дипломатияның миссиясы мен терең мәні де осында жатыр.
– Оқырмандарға көп мағлұмат бердіңіз. Аталған бастаманы алға жылжытуға өзіңіз басқа­ратын Түркі мәдениеті және мұрасы қорының рөліне де тоқталсаңыз. Сіздердің тараптан TUC жұмысына қандай қолдау көрсетілмек? Жалпы Бакуде өріс алған өнегелі істің алдағы болашағын көзіңізге қалай елестетесіз?
– Аталған қордың мақсаты мен міндеті айқын. Түркі халықтарының бай мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарын сақтауға, қорғауға, қалпына келтіруге және оны әлемдік деңгейде кеңінен насихаттауға бағытталған.
Соңғы жылдары қордың қолдауымен 200-ден астам жоба сәтті жүзеге асырылып, түркі халықтарының сан ғасырлық тарихын, салт-дәстүрін, әдебиеті мен рухани қазынасын қамтыған 100-ден астам кітап жарық көрді. Сонымен қатар жоғары оқу орындары жанынан түркі мәдениеті мен өркениетін зерттеуге арналған орталықтардың ашылуына да ұйытқы болып отыр. Осындай игі жұмыстар ары қарай сәтімен жалғаса береді.
Мен Баку құрылтайынан зор үміт күтемін. Оның нәтижесін алдағы уақытта соны музыкалық туындылардан, бірлескен концерттен, ғылыми зерттеуден және әлем сахнасында қалықтайтын түркі композиторларының жауһар дүниесінен көретін боламыз.
Ең бастысы, Бакуде іргесі қаланған игі іс жас ұрпақты ынтымақ пен бірлікке ұйыстырса екен деймін. Біздің ортақ музыкалық мұрамыз – рухани қазына. Баға жетпес байлығымызды бір арнаға тоғыстырған сайын асыл өнеріміз биіктей беретіні сөзсіз. TUC осы ортақ жауапкершілікті жүзеге асыратын кәсіби ұйым болады деп сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Болат Мәжит
«Ана тілі» ұлт газеті

↑