Перейти к содержимому

Қос ел дәрігерлері бас қосты

18 қаралым

Жамбыл аудандық көпбейінді орталық ауруханасында Қытай Халық Республикасы дәрігерлерінің қатысуымен конференция өтті. Клиникалық тәжірибе алмасу мақсатындағы маңызды медициналық шараға Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Жанара Мошқанова қатысты.

Жиында екі елдің медицина маман­дары ауруды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін талқылады. Обырды ерте анықтау, күрделі оталарды сәтті жүргізу және науқасты отадан кейінгі оңалту бағыт­тарын дамыту үшін дәрігерлер өзара тәжірибе алмасты. Конференцияға Қытайдағы Сунь Ятсен университеттік ауруханасының жетекші мамандары – травматолог-ортопед Ван Тао, қан тамырлары хирургі У Вэйбинь және гастроэнтеролог-онколог Сун Цзянью келді. Шара барысында олар осындағы медицина мекемесінің жұмысымен танысып, жергілікті дәрігерлер­дің енгізген тиімді тәжірибелерін зерделеді.
Конференция қатысушыларына арнаған сөзінде Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас шетелдік мамандарға алғыс білдіріп, медицина саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, озық технологияларды енгізу және тәжірибе алмасу жұмыстарына әрдайым жол ашық екенін айтты. «Бүгінгі медицина күн өткен сайын дамып келеді. Сондықтан шетелдік әріптестерімізбен бірлескен ғылыми-тәжірибелік кездесулер мен шеберлік сабақтарын жалғастыруға мүдделіміз. Басты мақсатымыз – халыққа көрсеті­летін медициналық көмектің сапасын арттыру», – деген аудан басшысы денсаулық сақтау саласының әлеуеті артып келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ қазір ауданда 57 медициналық мекеме жұмыс істейтінін, халық денсау­лығын қорғау жолында 1663 ақ халатты жан еңбек етіп жатқанын, биыл ұлттық жоба аясында 15 жаңа нысан пайдалануға берілгенін айтты.
Басқосуда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Жанара Ертісханқызы, аудандық көпбейінді орталық аурухана директоры Асқар Қалиев аймақтың денсаулық сақтау саласынан хабардар етіп, ұйымаралық ынтымақтастықты нығай­­­тудың және еліміз арасындағы кәсіби байланыстарды дамытудың маңыз­дылығын атап өтті.
Қазір өңірде сүт безі қатерлі ісігі, асқазан-ішек жолындағы обыр жиі кездеседі. Жиында Қытай дәрігерлері обырды ерте анықтау мен алдын алу мәселесіне баса назар аударып, қатерлі ісікті ерте анықтау үшін онкологиялық скринингтің түрлі тәсілін қарастырды. Олар ісік көлемін анықтау үшін эндоскопиялық отаның маңызы зор екенін айтты. Ал Жамбыл ауданының дәрігерлері травматология бағытында және қан тамыр хирургиясында оңалту тәжірибесімен бөлісті. Аталған аурухана директоры Асқар Қалиевтің айтуынша, травматология бөлімінде буындардың бүгілмей, жазылмай, яғни қатып қалуын емдеу әдістері оң нәтиже беруде. Буынды ерте қалпына келтіру әдістері шетелдік мамандармен талқыланып, тәжірибе алмасылды. Аурухананың жарақат бөлімінде жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 383 бала емделген. Сонымен қатар осы уақытта түрлі бағытта 1800 хирургия­лық ота жасалды.
Конференцияда өзекті баяндамалар тыңдалды. Аудандық аурухана дәрігер­лері де жоғары кәсіби деңгейін көрсете білді. Травматология бөлім­шесінің меңгерушісі Руслан Жораев жарақаттан кейінгі асқынулар мәселе­лерін түсін­дірсе, хирургия бөлімшесінің меңгеру­шісі Тимур Құрбанбаев көк­тамырға жасалатын инвазивті оталардың заманауи әдістері туралы айтты. Ал онколог-маммолог Мақпал Қазтаева алғашқы медициналық-санитариялық көмек дейгейінде онкопатологияны ерте анықтаудың маңызы жайында сөз қозғады.
Жиын барысында қызу талқыланған тақырыптың бірі Қытай клиникаларында қолданылатын анкилоз және артроз кезіндегі науқастарды жүргізу және ауыр­сынуды басу тактикасы болды. Сондай-ақ қан тамырлары хирургия­сына қатысты маңызды әңгіме өрбіді.
Нақты клиникалық консультациялар форматында шеберлік сағаты да өтті. Онда екі ел дәрігерлері аудандық емхана базасында күрделі клиникалық жағдайларды бірлесе талдады. Шара аясында ауданның хирургия, травмато­логия және онкологиялық сырқаты бар 20 тұрғыны жоғары білікті консуль­тативтік көмек алды.
Халықаралық жиын жылы әрі достық жағдайда аяқталды. Қытай тарапы конференцияның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына, аурухананың техникалық жабдықталуына және осындағы әріптестерінің қонақжай­лығына ризашылық білдірді. Аудандық аурухана директоры Асқар Сәулебекұлы бұл кездесу аурухананың күнделікті тәжірибесіне жаңа озық жетістіктер енгізудің алғышарты болатынына сенім білдірді. Мұндай тәжірибе алмасу отандық медицинаның әлеуетін арттырып, халықаралық байланысты нығайтуға мүмкіндік бермек.

Жамбыл ауданы

Серік САТЫБАЛДИЕВ

↑