Перейти к содержимому

Болмысымыз бұзылмасын!

23 қаралым

Әр ұлттың өзіне тән болмысын айқындайтын, ғасырлар бойы қалыптасып, ұрпақтан- ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани құндылықтары бар. Ол – халықтың өмір сүру салты, дүниетанымы, сөзге тоқтауы, үлкенге құрметі, кішіге ізеті, ұят пен арды биік қоюы. Қазақ халқы үшін мұндай қасиеттердің орны қашанда ерекше. Өйткені біздің ұлттық тәрбиеміз тек әдеп сақтаумен шектелмейді, ол адамның мінезін қалыптастырып, өмірге деген көзқарасын, айналасына қарым-қатынасын айқындайды. Сондықтан ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтардың жалғастығы – қай кезеңде де назардан тыс қалмауы тиіс мәселе.

Қазақтың тәрбиелік дәстүріне көз салсақ, баланың бойына ізгі қасиеттерді сіңіру ең алдымен отбасынан басталғанын аңғарамыз. Ата-әже әңгімесі, әке өнегесі, ана мейірімі, ағайын арасындағы сыйластық баланың өмір туралы алғашқы түсінігін қалыптастырған. Бұрынғы ауыл өмірінде үлкендердің сөзіне құлақ асу, олардың батасын алу, дастарқан басындағы әңгімеге араласу, жөн сұрасып, сәлемдесу қалыпты жағдай еді. Мұның бәрі сырттай қарағанда күнделікті тіршіліктің қарапайым көріністері болғанымен, астарында үлкен тәрбиелік мән жатты. Бала сол ортадан сөйлеу әдебін, адамды қадірлеуді, біреудің көңіліне қаяу түсірмеуді үйренетін. Атадан қалған «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген қағида да жай ғана айтылған сөз емес. Оның мәні – адамның жасына емес, өмірлік тәжірибесіне, көргеніне, көңіліне құрметпен қарау. Үлкеннің алдын кесіп өтпеу, сөзін бөлмеу, сәлемін түзу беру, дастарқанның қадірін білу секілді қарапайым әдептердің өзі баланың бойында мәдениет пен кішіпейілділік қалыптастырады. Осындай ұсақ көрі­нетін әрекеттер адамның болмысына айналғанда, оның қоғамдағы қарым-қатынасы да өзгеше болады.
Әрине, бүгінгі заман бұрынғыдан бөлек. Қазіргі балалар мен жастардың таным көкжиегі кең, ақпарат алу мүмкіндігі мол. Олар әлемнің кез келген түкпіріндегі жаңалықты біліп, жаңа технологияны еркін меңгеріп, өз ойын түрлі алаңда білдіре алады. Мұның бәрі – уақыттың талабы әрі үлкен мүмкіндік. Алайда ақпараттың көптігі адамның өмірлік тәжірибесін алмастыра алмайды. Кез келген білімнің адам бойына сіңіп, жақсы қасиетке айналуы үшін оны түсініп, саралап, өмірде қолдана білу қажет. Ал мұндай қабілет тек кітаптан немесе экраннан емес, күнделікті қарым-қатынас пен көрген өнеге арқылы да қалыптасады.Кейде үлкендер мен жастардың арасында түсініспеушілік туып жататыны да жасырын емес. Бірі бұрынғы қалыпты дұрыс көрсе, екіншісі жаңа заманның талабына сай өмір сүргісі келеді. Мұндайда екі тараптың бірін кінәлаудан гөрі, бір-бірін түсінуге ұмтылғаны жөн. Өйткені дәстүр мен жаңашылдық бір-біріне қарсы ұғым емес. Ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, заманның жаңалығын қабылдауға болады. Өткеннің өнегесін жоғалтпай, бүгіннің мүмкіндігін пайдалану – қоғамның алға жылжуына жол ашатын ұстаным.
Ата-әже тәрбиесінің бала өміріндегі орны да бөлек. Олардың әңгімесі асықпай айтылғанымен, астарында талай өмірлік сабақ жатады. Өмірден көрген-түйгенін, бастан өткерген қиын да қызықты сәттерін бөлісу арқылы жас ұрпаққа тәлім береді. Кейде үлкендердің бір ауыз сөзі баланың есінде ұзақ сақталып, кейін маңызды шешім қабылдаған сәтте бағыт-бағдар беруі мүмкін. Өйткені өмірдің өзінен алынған сабақтың салмағы әрдайым бөлек. Дегенмен, ұрпақ сабақтастығы тек үлкендердің ақыл айтып, жастардың тыңдауымен шектелмеуі керек. Қазіргі жас буынның да айтары, үйренері, қоғамға қосар үлесі бар. Олардың талабын түсініп, пікіріне құлақ асу да маңызды. Құрмет біржақты болғанда емес, өзара түсіністік қалыптасқан жағдайда ғана берік байланыс орнайды. Үлкендер жастарға өмірдің жөнін көрсетсе, жастар үлкендерге заманның жаңалығын жеткізіп, жаңа мүмкіндіктерді таныта алады. Осылайша екі буынның арасындағы байланыс үзілмей, ортақ түсінік қалыптасады. Ұлттық тәрбиенің тағы бір маңызды тұсы – баланы сөзбен ғана емес, ісімен тәрбиелеу. Үйінде үлкенді сыйлаған, өзгеге көмектескен, уәдесіне берік болған ата-ананың баласы да сол қасиеттерді бойына сіңіреді. Керісінше, айтылған ақыл мен күнделікті әрекет арасында алшақтық болса, бала тәрбиенің мәнін түсінбей қалуы мүмкін. Сондықтан әр ата-ана баласына қандай қасиет дарытқысы келсе, алдымен сол өзінің бойынан табылуы қажет. Адалдықты айтқан адам адал болуы, сыйластықты үйреткен адам өзі сыйлай білуі, жауапкершілікті талап еткен адам өз міндетіне берік болуы керек. Тәрбиенің ең әсерлі түрі – үнсіз берілетін өнеге.
Қазір қоғамда білімді, бәсекеге қабілетті, жаңашыл жастарды тәрбиелеу туралы жиі айтылады. Бұл, әрине, маңызды. Бірақ білім мен қабілеттің адамгершілікпен ұштасуы одан да маңыздырақ. Адамның қандай қызмет атқарғаны, қандай жетістікке жеткені ғана емес, сол жолда кім болғаны, өзгеге қалай қарағаны да оның шынайы болмысын танытады. Ар-ұятты жоғары қою, өзгенің еңбегін бағалау, әлсізге қол ұшын беру, үлкенге ізет көрсету – бұлар ескірмейтін қасиеттер. Қай дәуірде де адамды адам ететін – осындай қарапайым құндылықтар. Ұлттық тәрбие – өткенді аңсау немесе ескі салттың бәрін өзгеріссіз сақтау деген сөз емес. Оның мәні – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан асыл қасиеттерін бүгінгі өмірмен сабақтастыра білуде. Дәстүрдің озығын алып, тозығын қалдыру, оның ішкі мағынасын түсініп, кейінгі буынға жеткізу – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз. Бала туған жердің қадірін білсе, тілін құрметтесе, ата-анасын ардақтаса, өзгенің ала жібін аттамаса, бұл – тәрбиенің үлкен жемісі. Ұрпақ тәрбиесі бір адамның немесе бір отбасының ғана жауапкершілігі емес. Оған қоғам, мектеп, қоршаған орта да ықпал етеді. Дегенмен, қандай ортада жүрсе де, баланың бойындағы алғашқы құндылықтар отбасында қалыптасатыны анық. Сондықтан үйде айтылған әрбір сөз, іс-әрекет, қарым-қатынас болашаққа қалдырылған із деп қараған жөн. Уақыт өзгереді, өмір жаңарады, ұрпақтың көзқарасы да түрленеді. Бірақ адамдық қасиеттердің бағасы өзгермеуі керек. Үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, туған жерді қадірлеу, адал еңбек ету, жақыныңа жанашыр болу – бұл адамзатқа ортақ асыл қасиеттер. Бүгін балаға берілген өнеге ертең оның мінезінен көрініс табады. Ал сол мінез ертең қоғамның келбетін қалыптастырады. Ендеше, ұрпаққа қалдырар ең үлкен мұрамыз дүние-мүлік немесе атақ емес, адамдықтың өлшемін танытатын тәрбие болмақ. Атадан балаға жалғасқан ізгілік үзілмесе, ұлттық болмысымыз да жоғалмайды. Ұрпақ ұлағаты – елдің рухани тірегі, ал сол тіректі берік ұстау әрқайсымыздың қолымызда.

Құралбек СӘБИТОВ

↑