Перейти к содержимому

Жастар және виртуалды әлем

18 қаралым

Бүгінгі өмірді смартфонсыз елестету қиын. Қолымыздағы шағын құрылғы арқылы жаңа­лық оқимыз, білім аламыз, жұмыс істейміз, жақын­дарымызбен байланысамыз. Әсіресе жас буын үшін интернет пен әлеуметтік желі күнделікті тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда экранның арғы жағындағы мүмкіндіктермен бірге адамның уақытына, ойлау жүйесіне, мінезі мен қарым-қатынасына әсер ететін тұстары да бар.

Әлеуметтік желіде бәрі жылдам. Ақпарат лезде тарайды, пікір әп-сәтте жазылады, түрлі оқиға көз алдымыздан тізбектеліп өтеді. Осындай қарқын адамның назарын бөлшектеп, ұзақ ойлануға, кітап оқуға, жақындарымен шынайы әңгімелесуге бөлінетін уақытты азайтуы мүмкін. Кейде бір ғана бейне көреміз деп телефонға үңіліп, уақыттың қалай өткенін байқамай қаламыз.
Жасөспірім үшін виртуалды орта тек ақпарат көзі емес, өзін өзгелермен салыстыратын кеңістікке де айналып отыр. Біреудің әдемі өмірі, жетістігі, қымбат дүниесі көзге түскен сайын өз өміріне көңілі толмайтын жағдайлар кездеседі. Бірақ экранда көрсетілген өмірдің бәрі шынайы бола бермейді. Әр адамның өз жолы, өз қиындығы, өз қуанышы бар. Оны әлеуметтік желідегі көріністермен өлшеу – өмірдің шын бағасын жоғалтуға әкелуі мүмкін. Бұл ретте мәселе телефонды мүлде қолданбауда емес, оны саналы пайдалана білуде. Яғни белгілі бір сағатты телефон қарауға арнаса, басқа уақыттарды білім жетілдіру, туған-туыспен, достармен кездесу, спортпен шұғылдану сынды тиімді іске бағыттауы тиіс. Жастар виртуалды қарым-қатынас пен шынайы өмірді ажырата білуі қажет. Досыңның хәлін сұрау үшін хабарлама жазумен шектелмей, жүзбе-жүз кездесудің, ата-анаңмен әңгімелесудің, бірге серуендеудің де орны бөлек.
Адамның өмірлік тәжірибесі экраннан ғана қалыптаспайды. Ол қателіктен сабақ алғанда, еңбек еткенде, біреуге көмектескенде, қиындыққа төтеп бергенде, шынайы қарым-қатынаста шыңдалады. Осындай сәттер адамның бойына сабыр, жауапкершілік, жанашырлық секілді қасиеттерді қалыптастырады. Технология – уақыттың талабы, ал оны дұрыс пайдалану – адамның таңдауы. Экран бізге әлемді көрсете алады, бірақ өмірдің мәнін сезіну, айналаңдағы жандарды түсіну, жақсылық жасау әр адамның түсінік-танымынан басталады. Виртуалды әлем қанша қызықты болса да, шынайы өмірдің бағасы ешқашан өз маңызын жоғалтпайды.

Гүлдана Бұқашева,
Шалкөде мектеп-лицейіне қарасты мектепке дейінгі шағын орталықтың тәрбиешісі
Райымбек ауданы

↑