«Өнер – адамның рухани азығы, халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы» деп даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтқандай, жас жеткіншектерді өнерге баулып, үлкен өмірге қанат қағуына Кегендегі Заманбек Нұрқаділов атындағы балалар өнер мектебінің қосып жатқан үлесі мол. Талай жастың талабын ұштап жүрген оқу орнының бүгінде жеткен жетістіктері аз емес.
Аталған өнер мектебі он жылдан астам уақыт елге қызмет етіп келеді. Басты мақсаты – балалардың бос уақытын тиімді пайдаланып, шығармашылық қабілетін дамыту, жас ұрпақтың музыкаға деген қызығушылығын оятып, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға баулу.
2024 жылы мектепке ел егемендігінің нығаюына елеулі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің есімі беріліп, мүсіні орнатылды. Еңсесі биік, жылы әрі жарық екі қабатты ғимаратта «Халық аспаптар», «Сәндік қолданбалы өнер» бөлімдері мен домбыра, баян, қобыз, фортепиано, эстрада-вокал, дәстүрлі ән, би, сурет, қолөнер бағыты бойынша 44 жоғары білімді маман дәріс береді. Аудандағы 12 елдімекенде мектептің бөлімшелері орналасқан.
– Қазір мектептегі бала саны 910 оқушыға жетті. Жалағаш, Талды, Бөлексаз, Қарқара, Тасашы, Ақтасты, Тұйық, Ақсай, Ұзынбұлақ, Жылысай, Жалаулы және Шырғанақ ауылындағы бөлімшелер балалардың салт-дәстүрге, өнерге деген құлшыныстарын арттыруға сүбелі үлес қосуда. 2024-2025 оқу жылының аяғында домбыра, бейнелеу өнері және мүсін, қолөнер, эстрада-вокал сыныптарының 112 оқушысы мектепті бітіріп, куәлік алды, – дейді директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Диана Абайқызы.
Өмірін өнермен байланыстырған өрендер мұнда өзі қалаған музыкалық аспап бойынша білім алады. Мектепте арнайы аспап кластарымен қатар, акт залы, Заманбек Қалабайұлының шағын мұражайы, көрме залы, теориялық пәндер, үйірме, ансамбль сыныптары қарастырылған.
Директор Жанар Бейсенбайқызының айтуынша, 2024-2025 оқу жылы өнер мектебі үшін табысты болды. Себебі бұл оқу жылында жарысқа барған балалар жүлдесіз қайтпаған. Олар облыстық «Жетісу жұлдыздары» балалар шығармашылығы конкурсында үздік шықты. Сондай-ақ дәстүрлі ән сыныбының оқушысы Баратбек Абылай «Атадан мұра» атты байқауда бас жүлде иеленсе, «Көркем-ай» би тобы алғашқы үштіктен көрінген. Бұдан бөлек, халықаралық «Бозторғай», «Жеті өнер», «Жас жұлдыз» өнер бәйгесінде де жүлделі орындарға лайық деп танылған.
– Біз өнер мектебі болғандықтан, шәкірттерімізді шыңдау мақсатында түрлі жарысқа апарып, бабы мен бағын сынаймыз. Бұл – әрі тәжірибе, әрі жетістік. Сол арқылы олар үлкен сахнаға, байқауға бойын үйретеді. Оқушыларымыз халықаралық, республикалық, облыстық сайыстарда мектеп мерейін асырып жүр. Жетістіктерін әрқашан мақтан тұтамыз. Ұстаздар шәкірттерінің бойына ұлтымыздың салт-дәстүрлерін сіңіріп, отансүйгіштік пен еңбекқорлыққа баулып, тәлім-тәрбие беруде. Өнер мектебінің ішінде де атаулы күндер мен мерейтойларға арналған түрлі іс-шаралар өткізіледі. «Жас келсе – іске» демекші, биылғы оқу жылында жоғары мектебімізге жас мамандар келді. Балаларды өнерге баулуға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғаса береді, – дейді Жанар Бейсенбайқызы.
Білікті мамандардан білім алып, іргетасы мықтап қаланған шәкірттен түбінде таудай талант шығатыны белгілі. Өнер ордасында болған аз ғана уақыт ішінде балалар бізді бойындағы дарыны мен талантына тәнті етті.
Алдағы уақытта Заманбек Нұрқаділов атындағы балалар өнер мектебі кез келген салада білімі бар ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі жетілдіруге, шығармашылық ізденіске және өмір бойы оқуға ұмтылатын, жаңа идеяларды түсініп, қабылдауға қабілетті тұлғаларды тәрбиелейтін, барша педагогтер мен оқушылар үшін жайлы және шабыттандыратын білім беру ортасын құруды мақсат етеді.
Балалардың талантын шыңдап, үлкен өмірден өз орнын тауып, мамандығын нақтылауға сеп болып жүрген өнер ордасының шығар биігі әлі алда екеніне сеніміміз мол.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы

