Ел болашағы – тәрбиелі ұрпақтың қолында. Ал тәрбиенің алғашқы мектебі – отбасы. Бала мінезінің қалыптасуына, дүниетанымының кеңеюіне ата-ананың ықпалы зор. Мектеп пен балабақша тәрбиені жалғастырғанымен, оның негізі шаңырақта қаланады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халық даналығы да осыны меңзейді. Осы орайда отбасы тәрбиесі мен ұлттық құндылықтар жайында Қонаев қалалық аналар алқасының төрағасы Дәметкен Нүсіпбековамен әңгімелескен едік.
– Дәметкен Таласбекқызы, сіздіңше тәрбиенің бастауы неде?
– Тәрбие бала дүниеге келген сәттен басталады. Оның алғашқы көретіні – ата-анасы, алғашқы үйренетіні – олардың іс-әрекеті. Сондықтан тәрбиенің бастауы – отбасы. Ата-ана баласына үлкенді сыйлауды, адал болуды, еңбек етуді үйретуі мүмкін. Бірақ ақыл айтудан бұрын, өзі үлгі көрсетуі керек. Үйде сыйластық болса, бала да соны бойына сіңіреді.
– Қазіргі ата-ана бала тәрбиесінде қандай мәселеге мән беруі керек?
– Бүгінде балаға ақпарат өте көп түседі. Интернет пен әлеуметтік желі оның дүниетанымына әсер етпей қоймайды. Сондықтан ата-ана баласының немен айналысатынын бақылап қана қоймай, онымен сөйлесіп, ойын тыңдауы қажет. Кейде баланы материалдық жағынан қамтамасыз етуді басты міндет санаймыз. Алайда оған ең қымбат сыйлық – ата-анасының уақыты мен мейірімі.
– Ана тәрбиесінің бала өміріндегі орны қандай?
– Ана – бала үшін өмірдегі ең жақын адам. Әсіресе алғашқы жылдардағы тәрбиеде ананың орны ерекше. Дегенмен бала тәрбиесі тек ананың міндеті емес. Оған әке де, ана да бірдей жауапты. Әкенің өнегесі мен ананың мейірімі ұштасқанда, бала өзін толыққанды отбасылық ортада сезінеді.
– Бүгінгі балаларға ұлттық тәрбиені қалай сіңіруге болады?
– Ұлттық тәрбие үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, адалдық, еңбекқорлық, ар-ұят сияқты құндылықтардан құралады. Мұны балаға күнделікті өмір арқылы үйрету керек. Үлкенге сәлем беру, ата-әжені құрметтеу, үй шаруасына көмектесу – бәрі де тәрбие. Ұлттық ойындар мен халық ауыз әдебиеті де баланың дүниетанымын қалыптастырады.
– Ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жиі жіберетін қателіктері қандай?
– Ең үлкен қателік – баланы өзгелермен салыстыру. Әр баланың қабілеті мен мінезі әртүрлі. Осыны ескеру керек. Сондай-ақ оның орнына бәрін жасап қою да дұрыс емес. Бала өздігінен әрекет етуге, жауапкершілік алуға үйренуі керек. Ең бастысы, ата-ана баласына уақыт бөлуі қажет. Тәрбиені кейінге қалдыруға болмайды.
– Баланың бойында еңбекқорлықты қалай қалыптастырамыз?
– Бала кішкентайынан үйдегі қарапайым жұмыстарға араласуы керек. Бөлмесін жинау, ойыншықтарын орнына қою, дастарқан жасауға көмектесу – жауапкершілікке баулудың алғашқы қадамдары. Еңбекке араласқан бала өз еңбегінің қадірін түсінеді. Сабақты уақытында оқу, уәдеде тұру, бастаған ісін аяқтау да – еңбек тәрбиесі.
– Аналар алқасының осы бағыттағы жұмыстары қандай?
– Аналар алқасының негізгі бағыттарының бірі – отбасы құндылықтарын насихаттау және жас ұрпақ тәрбиесіне үлес қосу. Тәрбие тек мектептің міндеті емес, оған ата-ана, ұстаз және қоғам болып атсалысуымыз қажет. Жастармен пікірлесу, отбасы құндылықтарының маңызын түсіндіру – осы бағыттағы жұмыстарымыздың бір бөлігі.
Сұхбаттасқан –
Шолпан Аралқызы

