Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысындағы сенбілікке 19 505 адам қатысты

Алматы облысындағы сенбілікке 19 505 адам қатысты

30 қаралым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында Алматы облысында елдімекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, көгалдандыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Кезекті жалпыоблыстық сенбілікке қатысушылар тұрғылықты жерлерінің қоғамдық орындарын, саябақтар мен скверлерді, арықтарды, көшелер мен іргелес аумақтарды қоқыстан арылтуға біркісідей атсалысты. Тазалық шарасына 19 505 адам қатысты. 367 гектар аумақ тазартылып, 321 тонна қоқыс жиналып, арнайы техниканың көмегімен қоқыс төгетін орындарға жөнелтілді. Сондай-ақ көгалдандыру жұмысына да баса назар аударылды. Облыстық және қалалық мекемелер мен ұжымдардың қызметкерлері Қонаев қаласында өткен сенбілікке қатысуда салтырттық танытпай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білді. Олар орталық көшелердің жан-жағындағы шашылып жатқан қатты қалдықтар мен жапырақтарды жинап, заңғар тұлғаның есімін еншілеген шаһардың көркеюіне үлес қосып қана қоймай, өскелең ұрпақ алдындағы азаматтық парыздың жарқын үлгісін көрсетті. Көше бойына ағаш көшеттерін отырғызып, игілікті іс тындырды. Бұл тұрғыда облыс орталығындағы мекеме қызметкерлерінің көгалдандыру шарасына үлесін қосып, сауапты іске ұйытқы болуы – «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын», «Бабаның еккені – балаға сая» деген халқымыздың келешек ұрпаққа қалдырған ұтқырлы сөзімен үйлесім тапқанын атап өткен жөн. Алматы облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жане абаттандыру баскармасының бөлім басшысы Алина Мұратқызының айтуынша, Алматы облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жыл басынан бері 40 сенбілік өткізілген. Алдағы уақытта бұл игі бастама жалғасын тауып, барлық аудан мен Қонаев пен Алатау қалаларының аумағында жасыл желектерді отырғызу және санитарлық тазалық жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Экологиялық тазалық шараларын сапалы жүргізу мақсатында аудандарда локациялар белгіленіп, жол карталары бекітілген. Соған сәйкес санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілетін болады.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

↑