Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да “Абай ілімі” пәнін оқитын студенттердің белсенді қатысуымен танымдық интерактивті кеш өтті. Кештің тақырыбы “Абай ілімі – баянды байлық” деп аталды. Іс-шараны университет жанындағы Абай ғылыми зерттеу институты «Абай ілімі» пәні аясында ұйымдастырды. Танымдық сабаққа университеттің бірнеше факультетінің 1-курс студенттері қатысып, өзара тәжірибе алмасып, Абай мұрасына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Абай – қазақ халқының рухани дүниесіне терең із қалдырған ұлы ойшыл. Оның шығармалары мен қара сөздерінде адамгершілік, білім, еңбек, ақыл, қайрат пен жүрек мәселелері кеңінен қозғалады. Ақын туындылары тек өз дәуірімен шектелмей, бүгінмен де тығыз байланысып жатыр. Сондықтан Абай мұрасын тану – өткенді білу ғана емес, өзімізді тәрбиелеу мен тұлға ретінде қалыптасудың да бір жолы.
Сабақ барысында әр факультеттің студенттері Абай ілімінің мәні мен маңызын өз бағыттарына сай түсіндіріп, шығармашылық қабілеттерін паш етті. Қатысушылар түрлі көрнекілік пен шығармашылық жұмыстар ұсынып, Абайдың рухани мұрасын жан-жақты танытуға атсалысты. Әсіресе “Толық адам” тұжырымдамасының бүгінгі жастар өміріндегі орнына ерекше назар аударылды.

Танымдық сабақта филология факультеті “Әдебиеттану” мамандығының 1-курс студенттері де белсенділік танытты. Олар Абай ілімінің мазмұнын тереңірек ашу мақсатында арнайы көрнекілік құралдарын дайындап, тақырыпқа қатысты пікірталастар ұйымдастырды.
Абай ілімінің мемлекеттік деңгейде маңызы мен өзектілігі арта түскен. Оның үстіне ұлттық идеологияның өзегіне айналып отырғаны да белгілі. Осы тұрғыдан келгенде “Абай ілімі” оқу пәнінің мазмұнын мемлекеттік құжаттармен, Президенттің Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары туралы Жарлығымен, сондай-ақ жаңа Конституциямен сабақтастыра түсіндіру мақсатында студенттер алдын ала дайындалған өз презентациялары бойынша талдау жасады. Бұдан бөлек жастар шарада Президент Қ.Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына арнайы тоқталды. Жастар осы құжаттардағы өзекті мәселелерді талдап, Абай ілімінің қазіргі қоғамдағы орны мен маңызын саралады. Әсіресе, ұлы ақынның білім мен ғылымға ұмтылу, еңбекқорлық, ұлттық болмысты сақтау жөніндегі идеяларын атап өтті. Сондай-ақ, білімгерлер Әл-Фараби университетінің басқарма төрағасы — ректоры Ж.Түймебаевтың «Адалдықтың басты жолы – Абайда», Абай институтының директоры Ж.Дәдебаевтың «Алтыннан ардақты құндылығымыз» және басқа да газеттерде жарияланған мақалаларынан үзінділер оқып, өз пікірлерімен астастыра талдады.
Әр топ студенттері берілген шығармашылық тапсырмаларды ерекше ынтамен орындап, арнайы жасаған баннер, кітапша, презентация, сұрақтар мен ойындар ұсынды.
Сабақ барысында Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасының мәні мен бүгінгі қоғам үшін маңызы қарастырылды. Әсіресе ақыл, қайрат, жүректің үйлесімділігіне назар аударылды. Абай адам бойындағы осы үш қасиет бір-бірінен ажырамай, қатар дамығанда ғана адам кемелдікке ұмтылады деген ой айтады. Бұл тұжырым қазіргі жастар үшін де маңызды. Себебі бүгінгі заманда білімді болу жеткіліксіз, сонымен қатар адам бойында мейірімділік, жауапкершілік, адалдық пен еңбекқорлық болуы қажет.
Қазіргі қоғамда жетістікке жету, жақсы маман болу маңызды болғанымен, адамдық қасиеттерді жоғалтпау одан да маңызды! Абай айтқандай, адам тек біліммен емес, мінезімен, ісімен және өзгеге деген қарым-қатынасымен де бағаланады.
Данышпан ақын Абайдың ілімі мен шығармашылық мұрасы – әр адам өзіне бағыт етіп алуы керек өмірлік ұстанымдардың бірі. Осындай танымдық сабақтар Абай мұрасын тереңірек түсінуге, оның ойларын күнделікті өмірмен байланыстыра білуге мүмкіндік береді. Әртүрлі факультет студенттерінің бір тақырып аясында бас қосып, өз шығармашылықтарын ортаға салуы да іс-шараның мазмұнын байыта түсті.
Бұл – Абай ілімінің белгілі бір мамандықпен ғана шектелмейтінін, оның әрбір адамға ортақ рухани құндылық екенін көрсетеді. Қазақ ұлттық университетінде ғана жүргізілетін және ҚазҰУ-дың интеллектуалдық меншігі болып табылатын «Абай ілімі» пәнінің танымдық та, тәрбиелік те мән-маңызы зор екені осы кеште тағы бір байқалды. Жиырмадан аса студентттік топ қатысқан, университеттің бірнеше факультетінің жастарын тоғыстырған бұл танымдық кеште Абай ілімінің мәнді де өміршең екені айқындала түсті.
Халқымыздың сарқылмас рухани қазынасына айналған Абайдың ілімі, ондағы толық адам концепциясы, басқа да негізгі ұғымдар әрбір жастың өмірлік мақсатына айналуы тиіс. Өйткені Абай мұрасы – тек әдеби мұра емес, адам болып қалыптасудың үлкен мектебі, жастар тәрбиесінің ықпалды құралы.
Шоқан ШОРТАНБАЙ,
Ләйла МҰСАЛЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушылары

