Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / 560 млрд теңгенің өнімі, 7 жаңа мектеп, газдандыру және стадион құрылысы: Алматы облысының Талғар ауданында қандай ірі жобалар іске асырылуда?

560 млрд теңгенің өнімі, 7 жаңа мектеп, газдандыру және стадион құрылысы: Алматы облысының Талғар ауданында қандай ірі жобалар іске асырылуда?

40 қаралым

Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов Талғар ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын баяндады.

Жиын барысында кәсіпкерлік пен инвестиция тарту, туризм мен ауыл шаруашылығы саласын дамыту, жер ресурстарын тиімді пайдалану, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ баспанамен қамту, білім беру, спорт және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері жан-жақты сараланды. Сондай-ақ тұрғындар өзекті сұрақтарын қойып, жауапты мамандардың түсіндірмесін тыңдады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өнеркәсіп және кәсіпкерлік: 16 инвестициялық жоба қолға алынды

Аудан экономикасының негізгі тірегі – кәсіпкерлік пен өнеркәсіп саласы. Қазіргі таңда ауданда 22,4 мың кәсіпкер тіркелген. Бұл бағытта 43 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Биыл өндірген өнім көлемі 560 млрд теңгені құрап, 127,4 пайызға өсті. Нәтижесінде, бюджетке 34,7 млрд теңге салық түсті. «Бүгінде облысқа тартылған инвестицияның 12,7%-ы Талғар ауданына тиесілі. Биыл іске асырылған алты инвестициялық жобаның ішінде «SAN tyres» сауда-логистикалық хабы, «MK.PIMC.KZ» модульдік бетон үйлер өндіретін зауыты, «AMANAT» көлік-логистикалық орталығы бар. Бұған қоса, жыл соңына дейін 10 жоба аяқталады. Олардың қатарында «СтройИнвест» көпфункционалды өндірістік-логистикалық кешені, «Uneed Us» асфальтбетон қоспаларын өндіретін зауыт және «Alatau Green Production» жылыжай өндірісі бар», – деді Шыңғыс Сайранұлы.

Талғар ауданы Алматы тау кластерінің негізгі орталығына айналып келеді

Жыл басынан ауданға 60 мыңға жуық турист келді. Көрсетілген туристік қызметтердің көлемі 136,6 пайызға артып, 2,5 млрд теңгеге жетті. Бүгінде Талғар ауданы Алматы тау кластерінің негізгі орталықтарының бірі ретінде дамып келеді. Мәселен, «Oi-Qaragai» курортын Ақтас бағытына дейін кеңейту жобасына 50 млрд теңгеден астам инвестиция салынып, 2 шақырым су құбыры тартылды. Енді электрмен жабдықтау және жолдарды жаңғырту мәселелері пысықталуда. Сонымен қатар аудандағы «Bizdin Auyl» демалыс аймағына 1,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жұмыс орны ашылды. Бүгінде 25 гектар аумақты алып жатқан демалыс орны жылына 40 мыңға жуық турист қабылдайды.

Ауыл шаруашылығы: құны 19,9 млрд теңге болатын 3 жаңа инвестициялық жоба іске асырылуда

Ауданда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 5 700 орынды 7 мектеп салынды. Нәтижесінде 5 мектептегі үш ауысымды оқыту мәселесі және 2 мектептегі оқушы орнының тапшылығы шешілді. Қазіргі таңда үш ауысымда оқитын бір білім ошағы ғана қалды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жібек Жолы ауылы мен Талғар қаласындағы мектептер күрделі жөндеуден өтті.

Елді мекендердің 91,3%-ы газға қосылды

Тұрғындарды көгілдір отынмен және тіршілік нәрімен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. «Талғар ауданындағы 46 елді мекеннің 42-сі табиғи газбен қамтылған, бұл жалпы елді мекендердің 91,3%-ын құрайды. Биыл Қаратоған, Нұра, Өстемір және Туғанбай ауылдарын газдандыру жұмысы жүргізілуде. Аталған жұмыстарды 2027 жылы аяқтау жоспарлануда. Ауызсу сапасын арттыру мақсатында Бесағаш ауылының оңтүстік бөлігінде жұмыстар толық аяқталып, пайдалануға берілді. Ал Кіші Байсерке және Ақдала ауылдарында 1 850 абонентті қамтитын, ұзындығы 52 шақырым су құбырын тарту жұмысы жүргізілуде», – деді Алматы облысының әкімі. 10 мың көрерменге арналған стадион мен футбол академиясы салынадыБүгінде Талғар ауданындағы «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясында 10 000 көрерменге арналған үлкен стадион салу көзделіп отыр. Сонымен қатар Талғар қаласында халықаралық деңгейдегі балалар футбол академиясының құрылысы жүргізілуде. Нысан 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі.

Қылмыс саны 27,8 пайызға азайды

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі басты назарға алынған. Атап айтқанда, Полиция басқармасының жеке құрамы 62 қызметкерге толықты және 1113 бейнекамераны біріктіретін Жедел басқару орталығы іске қосылды. Осының нәтижесінде биыл қылмыс саны 27,8%-ға азайды.

Тұрғындар әкімнен не сұрады?

Жиын барысында жергілікті халық толғандырған сауалдарын қойып, оған тұщымды жауап алды. Сұрақтардың көбі жарық, газ, ауызсу, жол инфрақұрылымына қатысты болды. Мәселен, Тұздыбастау мен Бесағаш, Қайнар ауылының және Талғар қаласындағы бірқатар ықшамауданның тұрғындары сапалы ауызсуға қол жеткізе алмай әбігерге түскендерін айтады. Мамандардың сөзінше, бұл мәселе халық санының артуына байланысты туындап отыр. Келесі жылы су, жарық және газ желісі бойынша жаппай жобалық-сметалық құжаттар дайындалады. Олардың қатарында Кеңдала, Бесағаш, Тұздыбастау және Қызылту ауылдары бар. Қаржысы бөлінгеннен кейін құрылыс басталады. Тағы бір тұрғын Алатау тасжолының бойындағы жол жөндеу жұмысы қашан аяқталатынын сұрады. Себебі құрылыс мектеп оқушыларының қатынауына біршама қиындық келтіріп отыр.

«Аталған мәселелерді ескере отырып, жұмыс күшін көбейттік. Қысқа дейін білім ошағынан айналма жолға дейінгі аймақтағы жұмыстар аяқталады. Сондай-ақ жол бойына саябақ салынып, арықтарды ретке келтіреміз. Жұмыс сапасы бақылауда», – деді аймақ басшысы. Талғар қаласының тұрғыны экологиялық қауіпсіздік мәселесін көтерді. Оның сөзінше, қала маңындағы қос бірдей өндіріс ошағы тұрғын үйлерге тым жақын орналасқан. Шыңғыс Сайранұлы бұл мәселені жеке қадағалауына алатынын және кәсіпорындарға өзі барып тексеретінін жеткізді. Қызылқайрат ауылының халқы елді мекендегі мектепке балалар сыймай жатқанын жеткізді. Биылдың өзінде 250-ге жуық бала бірінші сыныпқа қабылданған. Кейбірі балаларын өзге ауылдарға тасымалдап оқытатын көрінеді. Бірақ оған барлық ата-ананың мүмкіндігі бола бермейді. Байбұлақтағы 300 орынды мектепке де дәл осындай жағдай туындап отыр. Аудан әкімінің сөзінше, 2023 жылы ауданда үш ауысымды 6 мектеп болған. Ал қазір біреуге қысқарды. Алдағы уақытта мектептегі орын тапшылығы мәселесін инвесторлар тарапынан шешу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Кездесу қорытындысында облыс әкімі тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайтынын және мәселелер жан-жақты зерделеніп, кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.

Суретті түсірген – Аслан Қажеке

Талғар ауданы

↑