Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысында 1600-ге жуық қатысушы бақ сынаған марафон мәресіне жетті

Алматы облысында 1600-ге жуық қатысушы бақ сынаған марафон мәресіне жетті

56 қаралым

Бүгін спортпен айналысып, салауатты өмір салтын сақтайтын еліміздің түпкір-түпкірінен келген 1600-ге жуық адам Қонаев қаласының көшелерімен жүгіріп, «QONAEV RUN-2026» марафонында мәре сызығын ең бірінші болып кесіп өтуге атсалысты. Қонаев қаласындағы Орталық алаңға жиналған желаяқтарды қолдауға туыстары, достары, әріптестері, бала-шағасы, жанкүйерлері түгелдей жиналды. Жастар жағы жарыс басталмай тұрып, билеп, ән салып, мәре-сәре болысты. Жарысқа қатысушылардың қатарында бой көрсеткен Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов ең әуелі аламанда бақ сынайтындарға сәттілік тіледі.

«Барлық қарысушыларға табандылық, әділ бәсеке және жарқын жеңістер тілеймін. Жарыс жоғары деңгейде өтіп, есте қалар тамаша сәттер мен биік жетістіктерге толы болсын»,– деді Асхат Ермекұлы. Жарыстың басталуына бір минуттық дайындықты жария еткеннен кейін сапқа тұрған желаяқтар өкшесін көтеріп, желмен бірге жарысып кетті. Бәйгеге қосқан тұлпары сүрінбей келсін деп, мәреде тұрған туыстары тақымын қысып, ұрандатып, желаяқтардың намысын жанып, қайрап тұрды. Біраз уақыт өткенде жеңімпаздардың да қарасы көрінді. Озып келген озықтарды ұйымдастырушылар мәре сызығының маңында марапаттап жатты. «QONAEV RUN-2026» марафонында Жетісу болысынан келген Ердәулет Қасымжан 5,2 шақырым жарыс жолын ең бірінші болып өтіп, мәре сызығын кесті. Ал әйелдер арасында Анастасия Альпова абсолютті жеңімпаз атанды. Сонымен қатар 15 жасқа дейін, 15-18,19-35,36-50, +60 жас санатындағы ерлер мен әйелдер арасында I, II, III орын иелері анықталды. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сертификаттармен, Грамотамен, естелік медальдарымен марапатталды.

«Бүгінде жеңіл атлетиканы дамыту мақсатында қолға алынған марафон – біртіндеп қоғамдық сипат алды. Марафонның басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын қалыптастыру. Біздің қаламызда бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде, бүгінгі күні осындай ауқымды дәрежеде алтыншы рет өткізіліп жатыр және Алматы облысынан басқа өңірлерден де спортшыларымыз қатысуда. Бұл – қуантатын жайт. Марафонға қатысушылардың саны жыл санап өсуде», – дейді Қонаев қалалық спорт бөлімінің басшысы Данияр Күзенбаев. Айталық, аталған марафонға тұңғыш Паралимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллина мен елге есімі танымал спортшы Рауан Әбілхановның қатысуы жарыс салтанатын асыра түсті. Ол 2022 жылы Алматы облысындағы «Әли» оқу орталығы мен Шелек ауылы арасындағы 350 шақырымдық қашықтықты 48 сағатта жүгіріп өтіп, Қазақстан рекордтар кітабына енген болатын. Бүгінгі додада Рауан Әбілханов жарыс жеңімпазы атанды. Марафон Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен өтті. Жарыс жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй мен ерекше әсер сыйлады. Марафонда жол қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіп қадағаланып, жедел-жәрдем көлігі жұмылдырылды. «QONAEV RUN-2026» марафоны – тек спорттық жарыс қана емес, салауатты өмір салтын дәріптейтін, адамдарды бір мақсатқа біріктіретін маңызды шара екенін атап өткен жөн. Бұл додада әр қатысушы өз мүмкіндігін сынап, төзімділік пен табандылықтың шынайы үлгісін көрсетті.

Суреттерді түсірген – Аслан ҚАЖЕКЕ

Ерзат АСЫЛ

Қонаев қаласы

↑