Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Халықаралық ынтымақтастық және ұлттық мәдениетті таныту

Халықаралық ынтымақтастық және ұлттық мәдениетті таныту

85 қаралым

Кейінгі жеті жылда Қазақстан мәдениеті әлемнің түрлі елдерінде кеңінен таныстырылды. Отандық өнерпаздар халықаралық фестивальдер, көрмелер мен байқауларға қатысып, мәдениет күндері елдер арасындағы мәдени байланысты нығайта түсті.
Қазақстанның мәдениет күндері 15 елде өтті. Тек 2023 жылдың өзінде мұндай іс-шаралар Өзбекстан және Әзербайжанда өткізілді. Каирде Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылып, әз-Заһир Бейбарыс мешіті ашылды. Кейінгі жылдары Түрікменстан және басқа да мемлекеттермен мәдени алмасу жалғасты.

2025 жылы Бейжіңде Қазақстанның мәдени орталығы ашылды. Ол ұлттық өнер мен дәстүрді тұрақты түрде насихаттайтын мәдени алаңға айналды. Сол жылы Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін иеленді.

ЮНЕСКО-мен ынтымақтастыққа да айрықша мән беріліп келеді. Салалық деректерге сәйкес, Қазақстанның 15 тарихи-мәдени ескерткішін қамтитын төрт номинация ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Олардың қатарында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Таңбалы петроглифтері бар. Сондай-ақ 2026 жылы Маңғыстау түбегіндегі жерасты мешіттері тізімге енгізілгені көрсетілген.

ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне қазақ мәдениетінің 14 элементі енгізілген. Олардың қатарында домбырамен күй тарту өнері, киіз үй жасау дәстүрі, айтыс және «Беташар» салты бар. 2026 жылы ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасын ілгерілету жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді.

Қазақ мәдениетінің көрнекті тұлғаларының мерейтойлары да халықаралық деңгейде аталып келеді. Роза Бағланова, Бердібек Соқпақбаев, Нұрғиса Тілендиев, Абдолла Қарсақбаев және Ермек Серкебаевтың мерейтойларына арналған іс-шаралар ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді.

Қазақстандық өнерпаздар Еуропа мен Азиядағы халықаралық байқауларда да жоғары нәтиже көрсетті. Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі Madison Square Garden сахнасында өнер көрсетсе, Данэлия Төлешова America’s Got Talent финалына шықты. Ал Қарақат Башанова Junior Eurovision 2020 байқауында екінші орын иеленді.

Руслан Талас Венада өткен WorldVision халықаралық байқауында I орын иеленді, ал 2024 жылы Штутгарт қаласында Guadagnini Foundation II халықаралық скрипкашылар байқауында II орын алды.

Әлім Бейсембаев Веймардағы Ф.Лист атындағы халықаралық жасөспірімдер байқауы мен Манчестердегі халықаралық пианистер байқауының лауреаты атанды. Сондай-ақ Ван Клиберн атындағы I халықаралық жас пианистер байқауында үздік нәтиже көрсетіп, 2021 жылы Лидсте өткен XX халықаралық пианистер байқауында Уотерман алтын медалін иеленді.

2024 жылы Сағадат Омарғазин Аустрияда өткен Бетховен атындағы XIX халықаралық скрипкашылар байқауында жеңімпаз атанды.

Жандос Сауыт пен Scythians триосы аккордеоншылар арасындағы 79-шы Coupe Mondiale халықаралық байқауында жеңіске жетті.

🔹Отандық киноның дамуы

Кейінгі жеті жылда отандық кино өнерінде де айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. 2019-2025 жылдары мемлекеттік қолдаумен 150 киножоба қолға алынып, оның 124-і аяқталды. 2019 жылы қабылданған «Кинематография туралы» заң саланы жүйелі дамытуға негіз болды.

Отандық фильмдердің прокаттағы үлесі де артты. 2024 жылы экранға 94 қазақстандық фильм шықса, 2025 жылы олардың саны 103-ке жетті. 2025 жылы отандық фильмдердің жалпы кассалық түсімі шамамен 30 млрд теңгені құрады.

Қазақстандық фильмдер халықаралық фестивальдерде жоғары бағаланды. «Ақын», «Схема» және «Адемоканың оқуы» фильмдері Токио, Берлин және Варшавадағы халықаралық кинофестивальдерде жүлде алды. Тек 2024 жылдың өзінде жеті отандық фильм 34 халықаралық жүлдеге ие болды. Ал «Бауырына салу» фильмі Қазақстан атынан «Оскар» сыйлығына ұсынылды.

Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Global Innovation Index – 2024 дерегіне сәйкес, Қазақстан «Ұлттық көркем фильмдер» көрсеткіші бойынша 61-орыннан 31-орынға көтеріліп, Азиядағы үздік үш елдің қатарына енді.

Отандық фильмдер әлемнің көптеген елінде көрсетіле бастады. Қазақстан киносы күндері 30-дан астам елде өтті.

↑