Перейти к содержимому
Главная страница » Бірауыз сөздің бағасы

Бірауыз сөздің бағасы

«Өнер алды – қызыл тіл» деп білетін қасиетті халықтың ұрпағымыз. Сөзді қасиет санаған, уәдесін сертке балаған, бір ауыз ақылмен дауды тоқтатқан елміз. Қазақ үшін сөз – жай ғана ойды жеткізудің құралы емес, адамның ары мен абыройының, ақылы мен парасатының биік өлшемі. Қазіргі таңда сөздің қадірі қаншалықты сақталып отыр? Осы жайында бір сәт ойланып көрейікші.

Қоғамдағы мәдениеттілік деңгейі адамдардың сөйлеу әдебінен байқалады. Осы орайда дұрыс сөйлеу – мәдениеттілік айнасы десем артық айтпағаным. Бүгінде біз көп сөйлейміз. Сөздің көбейгені – оның құндылығы артқанын емес, салмағының жеңілдегенін сездіреді. Қазақ «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» деген. Өйткені ауыздан шыққан әр сөз – атылған оқпен тең. Оны қайтара алмайсың. Жазылған хатты өшіруге болады, сынған затты жөндеуге болады. Ал адамның жүрегіне тиген сөздің өшіру қиынның қиыны.
Соңғы жылдары қоғамда бір құбылыс жиілеп барады. Ол – асығыс пікір айту. Болған оқиғаның анық-қанығына жетпей тұрып, үкім шығару. Тыңдамай тұрып кінәлау. Білмей тұрып қаралау. Бұл – сөздің жауапкершілігін ұмыта бастағанымыздың белгісі. Бірауыз сөз адамның өмірін өзгерте алады. Мәселен, ұстаздың сенімі шәкіртке қанат бітіреді. Дәрігердің жылы сөзі науқастың үмітін оятады. Әкенің батасы бала жігерлендіреді. Ананың ақ тілегі ұрпағының жолын ашады. Дәл сол сияқты бір ауыр сөз адамды алға жетелеуі де, сағын сындыруы да мүмкін.
Сөздің күші оның қаттылығында емес, жүрекке қалай жеткенінде, адамға қалай әсер еткенінде. Қазір әдемі сөйлегенімізбен, әдеппен сөйлеуді ұмытып бара жатқандаймыз. Әсерлі сөз көбейді, салмақты сөз азайды.
Қазақтың шешендері ешқашан көп сөйлемеген. Олар қажет сөзді ғана айтқан. Бірауыз сөзбен бүтін бір елді тоқтатқан. Бір ғана уәжбен бітіспес дауды бітімге шақырған. Өйткені олар сөздің санын емес, мәнін қадірлеген. Бүгінде сөздің құны да арзандап бара жатқандай әсер қалдырады. Уәде оңай беріледі. Бірақ орындалмайды. Кешірім сұралады, бірақ шынайылығы сезілмейді. Мақтау көп, бірақ жүректен шықпайды. Сөздің салмағы азайған жерде сенім де әлсірейді. Ал сенім жоғалған қоғамда адамдар бір-біріне күмәнмен қарайды.
Бәлкім, біз сөздің мәнінен бұрын сәніне тым әуестеніп кеткен шығармыз?! Әдемі сөйлеу мен шынайы сөйлеудің арасы жер мен көктей. Әсерлі сөйлем құру оңай, ал айтқан сөзіңе жауап беру қиын.
Атамыз қазақ «Ердің екі сөйлегені – өлгені» деп бекер айтпаған. Оны сөзге деген жауапкершіліктің ең биік өлшемі десек болады. Қоғамды заң ғана емес, сенім ұстап тұрады. Ал сенімнің іргетасы – сөз. Сондықтан әр сөзімізге таразы керек. Әр пікірімізге парасат керек. Әр уәдемізге жауапкершілік қажет. Өйткені сөз – адамнан бұрын жетеді, адамнан кейін қалады.
Бәлкім, бізге бұрынғыдан да көп сөйлеу емес, көбірек ойлану қажет шығар. Себебі сөзге деген құрмет ұлттың рухани биігін қалыптастырды. Сол биіктен төмендеп кетпеу – бүгінгі буынның мойнындағы аманат. Сөздің салмағы жеңілдеген жоқ. Жеңілдетіп жүрген – өзіміз. Сондықтан әр сөзді айтпас бұрын оның ертең біреудің жүрегіне қалай жететінін ойлайық. Себебі адамды кейде іс емес, сөз жаралайды. Ал кейде дәл сол сөз қайтадан өмірге құштар етеді. Сөздің салмағын сақтай алсақ, қоғамның да құндылығы көтерілері хақ.

Ай-Сана