🌫️
-9°C
Қонаев
Жұма, Ақпан 13, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Бақытжан Атагелдиев, Қазақ радиосының ардагер-дикторы: «Күнделіктің пайдасын кеш түсіндім»

    12.02.2026
    in Барлық жаңалықтар
    Бақытжан Атагелдиев, Қазақ радиосының ардагер-дикторы: «Күнделіктің пайдасын кеш түсіндім»
    0
    SHARES
    2
    VIEWS

    Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің «Сарасөз» медиаклубы тағылымды әңгімемен өрілген кезекті кездесуін өткізді. Бұл жолғы қонағымыз – ардагер-диктор Бақытжан Атагелдиев. Қазақ радиосында еңбек еткен, Нарынқол театрында актер, режиссер болып қызмет атқарған, Сарыбастау, Қайнар ауылдарындағы Мәдениет үйлерін басқарған кейіпкеріміз Мұқағали Мақатаев, Әнуарбек Байжанбаев сынды тұлғалардан бастап, қызметтес болған әріптестері жайлы естелігімен бөлісті. Белгілі ақын, «Өлке тынысы» ЖШС директоры Кәдірбек Құныпияұлы ойға-ой қосып, жүздесуді өзі жүргізіп отырды.

    – Мұқағали Мақатаевтың қамқор­лығын көп көрдім. Өзім Қарасаз ауылында дүниеге келгенмін. Менің әкем – Жұмаділ деген кісі Мұқағали ағамның құрдасы еді. Екеуінің де әкелері соғысқа кетіп, жетім қалған, жастайынан араласып, бірге өскен тағдырлас жандар. 1969 жылы әкем денсаулығыма байланысты Алматыға алып келді. Ауруханаға жатардың алдында Мұқағали ағаның үйіне барып, қонғанбыз. Әкемнің қасымда қалуға уақыты болмады. Ота жасалғаннан кейін Мұқағали ағам: «Сен жұмысыңнан қалмай кете бер. Өзім қараймын», – деді. Ол кезде «Жұлдыз» журналында істейді. Күн сайын хал-жағдайымды сұрап, керек-жарағымды әкеп беріп кетеді. Ауруханадан шыққан соң, Нарынқолға қарай жүретін такси жүргізушімен сөйлесіп: «Әй, мына бала ауруханадан шықты. Бала деп орнын тартып алмаңдар. Қамқорлық жасап, алып барыңдар», – деп алдына отырғызып, шығарып салды. Бұл ақынның маған жасаған бірінші қамқорлығы еді.
    1971 жылы оқуға тапсыруға Алматыға келдім. Ондағы білетін жалғыз қазағым – Мұқағали ағам. Ол кісі: «Өз күшіңе сен. Менен жәрдем күтпе. Өзімнің балам үшін де біреуге барып, көмек сұраған адам емеспін. Тәлейіңнен көресің», – деді. Содан бір айға жуық үйінде болып, емтиханға дайындалдым. Бірақ жолым болмады. Келесі жылы ҚазҰУ-дың филология факультетіне тапсырып, тағы сүріндім. Үш сабақтан бес алып тұрып, шет тілінен өте алмай қалдым. Содан Әуезов театры жанындағы студия емтихан қабылдап жатқанын біліп, сонда бардым. Онда Мұқағали ағамның өлеңін оқып, оқуға түстім.
    Театр студиясының бірінші курсын бітіргеннен кейін ауылға демалысқа кеткенбіз. Мұқағали ағам аудандық газеттің редакциясына қоңырау шалып: «Бақытжанды тауып, маған жіберіңдер. Радио дикторлыққа конкурс жариялап жатыр», – депті. Келуін келдім. Бірақ «Байжанбаевтардың қасында отыратын мен кіммін?» – деген күдігімді де айттым. Олардың атағы жер жарып тұрған кез. Сауық Жақанова, Мырзабек Қуатбековтерді радиодан күні-түні естиміз. Онда бару маған мүмкін емес сияқты көрінді. Мұқағали аға: «Сөзді қой. Қатысасың», – деді. Конкурстан Аманжан Еңсебайұлы екеуміз өттік. Мұқағали ағамның тағы бір шапағаты сол болды. Әйтпесе радиоға келу қайда?!
    Мен ақынның бір тапсырмасын орындамадым. «Сен Қазақ радиосына келдің. Небір қазақтың марқасқа азаматтарымен араласып, тілдесесің. Күнделік жаз. Кейін саған керек болады», – деді. Мен болсам, ұмытпаймын деген сеніммен жүре беріппін. Кейін өкініп, бармағымды тістедім. Мұқағали жөнінде 4-5 естеліктің өзін әрең жаздым. Ойыма ештеңе түспейді. Күнделік болса, санама сәл қозғау салатын еді. Опера театрында Абай Байқабаев деген әнші болды. Ол кісі жайлы да кітап шығарарда қалам сілтей алмадым. Қазақ дикторларының ішінде тұңғыш Қазақстанның Халық әртісі болып, қазақтың Левитаны атанған өзімнің ұстазым Әнуарбек Байжанбаевтың 100 жылдығында он күн ойланып жүріп әрең жаздым. Мұқағали ағамның айтқанын орындасам, қаншама естелік туар еді. Күнделік жазудың пайдасын кеш түсіндім.
    «Шалқар» радиосында Жолымбет Кейкелов деген ағамыз болды. Жоғарғы кеңестің «Ведомостар» баспасында бас редактор болып отырған Кемел Тоқаевпен сұхбатқа келісіп қойған екен. Ертең барамын деген күні көшеде біреулер ұрып кетіп, көзі ісіп кетіпті. «Ей, бала, мені құтқар. Кемел Тоқаевқа барып, сұхбат жүргізіп кел», – деді. Мен журналист емеспін ғой дегеніме қараған жоқ, күні бұрын дайындап қойған сұрақтарын қолыма ұстата салды. Кемел Тоқаев аса парасатты, білімді, аристократ адам екен. Жазушы ретінде барлық шығармасын қызығып оқыдық. «Шіркін-ай, бірге отырып сөйлесер ме еді» деп армандап жүргенмін. Сұхбат «Шалқар» радиосынан эфирге кетті.
    Тағы бір көргім келген адам Ілия Жақанов еді. «Қайта оралған ән», «Қош бол, вальс» шығармалары, «Бейсен» деген соқыр композитор туралы жазғаны талай жүректі тебіренткен. Радиоға диктор болып жаңадан келген кезім. Кейде студияда отырғың келмей, «без объявления» деп жібере саламыз. Бір концертті солай жіберіп, дикторлар кабинетіне келсем, Сауық отыр. Қасында бір қара кісі бар. Сәкең: «Концертің қайда?» – деп қалды. Бір пәлеге қалдым-ау деп, ішім қылп ете түсті. «Без объявления» деп айтып едім, ана кісі күліп жіберіп: «Бала жас қой, зеріккен шығар», – деді. «Мына кісіні танисың ба?». «Жоқ, танымаймын». «Бұл кісі музыка редакциясының бас редакторы Ілия Жақанов деген ағаң болады». Бір көрсем екен деп жүрген адаммен сол радиода таныстым.
    Тың игерудің 20 жылдығы деп 1974 жылы Мәскеуден Брежнев бастаған топ Қазақстанға келді. Үлкен той өтті. Олар кеткеннен кейін радиоға Дінмұхамед Қонаев келетін болды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ешкімді кабинетінен шығармай, күзетіп жүрді. Байжанбаев қолымнан ұстап алып: «Менің қасымнан кетпе, қазір сені Қонаевпен амандастырамын», – деді. Бір уақытта Димаш атамыз кірді. Қазақ радиосының студиялары жертөледе болатын. Сол жаққа қарай кететін жерде тұрмыз. Байжанбаевпен: «Әй, гүрілдегім, қалайсың?» – деп құшақтап, өзі амандасты. Мен қол беріп, амандық сұрадым. Денем ысып кетіп, бойыма нұр құйылғандай болды.
    Мұның бәрі айналып келгенде сол Мұқағали ағамның жақсылығы ғой. Бойы да, сойы да келіскен, асқан келбетті, қазақ деген міне мынау деп мақтанып көрсететін адам еді. Жүзінен нұр төгіліп тұратын. Адамға ренжіп, ашуланып тұрса да, түрінен еш жамандық көрінбейтін. Өмірде ұялшақ болатын. Бір нәрседен қысылып, қызарып кетіп, ыңғайсызданып қалатын. Жастар жанында топ-топ болып көп жүрді. Студенттер сабағынан қашып келіп, әңгімесін тыңдайтын. Содан кейін де шығар, туған күні ешкімнің тапсырмасынсыз-ақ кез келген мектепте аталып өтеді. Бұл Мұқағали ағаның ақындық құдіреті, қуаты, дүниеден адал өткені, жырларының кереметтігі шығар, – деген кейіпкеріміз әрі қарай өзі қызмет еткен жылдардағы радионың, телевидение мен газеттің жай-күйі және қазіргі беталысы жайлы кеңінен сөз қозғады
    – Біз қызмет істеген жылдары радиода тәртіп қатаң болатын. Ешқандай бөгде дыбыс болмауы керек. Не жазылды, соны оқисың. Кішкене ғана қателесіп кеткен жерің болса, сол үшін жауап бересің. «Шалқарда» Қатира Әзімбаева екеуміз концерт жүргізіп отырмыз. Әңгімеге айналып отырып, ол «Әшір Молдағайыновтың әні» дегенді «Әшір Молдағайыновтың әйелі» деп шатасты да, күліп жіберді. Микрофонды жауып үлгере алмай қалдық. Екеуміздің де күлкіміз тікелей эфирде кетіп қалды. Қалай студиядан шықтық, «Мемлекеттік комитеттің орынбасары Хамит Қасеновке шақырып жатыр» деді. Қазіргі министрдің орынбасары мәртебесіндегі адам ғой. Құрыдық деп ойладық. Кіргеннен: «Сендерге республиканың эфирі ойыншық па? Не анау күлкі?» – деп дүрсе қоя берді. Содан бізді жарты жылдық сыйақыдан алып тастады. Ал осыдан кейін күліп көр. Ол заманда журналистердің өзін эфирге жібермейтін. Тек репортаж немесе сұхбаттарда ғана рұқсат беріледі. Хабар бірнеше бөлімнен өтіп барып бізге беріледі. Тұп-тура эфирге шығардың алдында қазір ғана келді деп, қолыңа ұстата салатын кездер, кейде бір жарғылар болады. Ондай сәтте қатты алаңдап отырасың. Кейін бірте-бірте оған да қалыптастық. Байжанбаев ағам: «Мен бірінші жолды оқығанда, астындағы екі-үш жолды көзім шалып отырады», – деп айтатын. Біз де соған үйрендік. Өйткені кішкене қате кетсе, таяқ жейтініңді білесің.
    Қазіргі кейбір радиоларда үндестік заңы, сөз ырғағы, тіл тазалығына мән бермейді. Бір кездері журфакта «Сахна тілі» деген сабақ жүретін. Белгілі дикторымыз Сауық Жақанова, Өнер академиясының профессоры Татьяна Наурызбаевалар дәріс оқыды. Мынау радиоға, мынау теледидарға жақын деп бейіміне қарай топтарға бөлетін. Біздің бір бағымыз – бұл пәнді театр студиясында меңгердік.
    Бүгінде әншілер, блогерлер хабар жүргізгіш болып кетті. Эфирдің рейтингін көтеру үшін солай істейді екен. Ондағы шоу деген нәрсе біздің ұлттық дәстүрді, қазақты құрту үшін жасалған дүние сияқты көрінеді маған. Шоу емес, қалаймақан шу ғой. Бала-шағам көрмесе екен деп отырасың.
    Әр ақпарат көзінің өз орны бар. Мысалы, біз газетті аңсап тұрамыз. Баяғыда бір жалақымызды қиып, бүкіл газет-журналға жазылатынбыз. Пошта қызметкерлері: «Сен өзі тамақ жейсің бе, қағаз жейсің бе?» – деп күлетін. Ал ғаламтор күн санап дамып барады. Арасында пайдалысы да, зияны да бар. Қазіргі анық тажал телефон болды. Осы үшін азап көрмесек болды ғой.
    Мұның бәрі – идеологияның жоқты­ғының салдары. Мысалы, Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз кезінде қандай еді?! Талай ансамбльді құрып, таланттарды шығарды. Бір күні Қырғызстанға гастрольмен баратын болдық. Аяқ астынан автобусымыз сынып қалды. Оразбек Бодықов деген драматургтың пьесасын алып баруымыз керек. Оразбек ағаның үйіне барып, мән-жайды айттым. «Жүр, мен сені Өзбекәлі Жәнібековке алып барамын», – деді. Мәдениет министрі бізді қабылдап, дереу көмекшісін шақырды. «Дәл қазір бос автобус бар ма?». «Біреуі тұр, қуыршақ театрына арналған». «Қуыршақ өлмейді, мына жігіттерге беріңдер», – деді. Үш күннен кейін Қырғыз еліне кеттік. Осылай Жәнібековтің жанашырлығын көргенбіз. Одан басқа талай министр болды ғой. Соның бірі Әуезов театрына келіп, «Тренировкілеріңді» қашан бастайсыңдар?» деп айтыпты. Репетиция дегені ғой. Қазір де мәдениет, өнерден хабары жоқ адамдар билікке келіп, қалаймақан болып кеткен тәрізді.
    Мен тұрған Қайнар ауылындағы Мәдениет үйінің екінші қабатына кезінде музей жасағанбыз. Қазақ үйден бастап, ұлттық нақыштағы бұйымдар бар. Бір күні Камалиденов келіп: «Мынау не? Өкімет керемет ғимарат салып берді. Жүн-жұрқа, киізбен не істегенсіңдер? Құртыңдар», – деді. Жап-жақсы музей еді. Әрең дегенде басын құрағанбыз. Үш күннен кейін Өзбекәлі Жәнібеков келді. Ол кісі: «Жақсы дүние екен. Әрі қарай дамыту керек. Орталық музейден арнайы маман жіберіп, қаржыландырамыз», – деді. Өз сөзінде тұрып, сол музейге ақша бөлгізді. Бұл тұтас қазаққа деген жанашырлығы деп білемін. Қазір сондай бір адам келсе, оңалып кетер ме едік?! – деп ақтарыла сөйлеген қонағымыз халыққа көп еңбегі сіңген, бірақ есімі ұмытылып бара жатқан жандар жайлы да тебірене әңгімеледі.
    – Нарынқолда Мақай Нұрқасов де­ген кісі болған. Қазақ өнерінің кемеңгері – Асқар Тоқпановтың шәкірті. Асанәлі Әшімов, Нүкетай Мышбаева, Оспанхан Әубәкіров, Сайын Мұратбековтермен консерваторияның театр факультетінде бірге оқыған. Асанәлі Әшімовтің естелігінде: «Мақай болмаса, көбіміз оқи алмай, ауылға қайтар едік. Басқа ұлттың жігіттері ақшамызды тартып алып, киімімізді алып кетіп жүргенде жалғыз қорғаушымыз Мақай болды», – дейді. Өзгелерді қорғаймын деп жүріп, ақыры өзі арандады. Оқудан шығарып жіберді. Кейін елге барып, мұғалім болды, халық театрын ұйымдастырды, өмір бойы өнерге еңбегін сіңірді. Туған жері Сарыбастаудағы Мәдениет үйін сол кісінің атына берсе, қандай ғанибет болар еді?!
    Сол сияқты Мәкен Әлиасқаров деген талантты азамат болған. Үш жасында екі көзі шешек ауруынан көрмей қалған. Сөйтіп жүріп мектепті бітірген. Қазіргі Тараз қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне түсіп, сонда оқыған. Кейін мен радиода диктор болып жүрген 70-жылдарда қазіргі Абай универ­ситетінің тарих факультетінде де білім алды. Сонымен бірге Жүсіпбек Елебековтің әншілік класын бітірді. Бір басында үш дипломы болды. Төрт кітап жазды. Қазақ радиосының алтын қорында жүзге таяу өзінің шығарған, орындаған әндері бар. Алматыдағы Зағиптар қоғамының Островский атындағы Мәдениет үйін басқарды. Туған жері – Текестегі Мәдениет үйіне атын беруді сұрап қаншама рет ұсыныс айттық, болмай жатыр. Талғарда Мұқанбек Бөрібаев деген азамат «Алатау аясында» деген үлкен ансамбль құрып, бүкіл қазақтың даласын әнге бөледі. Ол кісі жайлы да тырс еткен хабар жоқ, аты өшіп бара жатқандай сезіледі. Шонжыда Мұқанбек Оразбаев деген бір қолы жоқ өнер адамы болды. «Шалкөде ыстықсың сен маған» деген әнді осы кісі жазған. Қарадаланың өнеріне үлкен еңбек сіңірді. Райымбек ауданындағы Қайнар ауылында туған Шаймерген Әлдибеков деген ақын ағамыздың да қазір аты естілмейді. Қараойда Бітім деген азамат болды. Екі құлағы бітеу туған, аузын ашып тыңдайды. Баянда, аккордеонда, домбырада ойнайтын. Құдай талантты аямай берген ғажап музыкант еді. Балқаш өңірінде қаншама концерт өткізіп, байқауларға қатысып, орын алып, сол маңайды жандандырып, гүрілдеткен азамат. Өзімнің ұстазым Рахметбай Телеубаев – Шәкен Айманов бір-екі киноға шақырып, ешқандай актерлік оқуды бітірмей-ақ, Әуезов театрына актер болып кірген адам. Талай мықты рөлдерді сомдады. Шіркін, қандай ағаларымыз еді. Сондай жандарды жүрген жерлеріңізде іздеп-тауып, жазып, насихаттап жүрсеңіздер, нұр үстіне нұр болар еді.
    Қазір Мәдениет үйлерінде маман тапшы. Кезінде республикалық, облыс­тық халық шығармашылық үйінің қызметкерлері аудан-аудан, ауыл-ауылды аралап, мәдениет жұмысын 2-3 ай сайын тексеріп отыратын. Жыл сайын көркемөнерпаздардың облыстық байқауы өтетін. Бір аудан сол сайысқа келмей қалса, идеологияны басқарып отырған басшы қызметімен қоштасатын. Кезінде Нарынқолда Шахман Есенаманов деген бірінші хатшы қызмет етті. Әр апта сайын аудан орталығында бір шаруашылық концерт өткізетін. Міне, сондай халыққа жаны ашитын адамдар болды, – деген қонағымыз соның арқасында қаншама өнерпаз, спортшы өз жолын тапқанын айтты. Өткен күн өрнектерін сөзбен кестелеп, өнегелі өмір иелері жайлы әңгімеге қанықтырды.
    Сөз соңында: «Мұқағали ағаның елу жылдығында Нарынқолға бардық. Облыстық партия комитетінің бөлімінде: «Большевиктерден», «Коммунистерден» үзінді оқисың», – деп нақты айтты. Әбділда Тәжібаев жүргізіп тұр. Мен көрермен арасында отырмын. Бір уақытта сахнаға шақырды. Он минутта айтқандарын оқып бердім. Әрі қарай концертті жүргізуім керек. Сахнаның артына кетіп бара жатыр едім, Асқар Сүлейменов тоқтатып алып, былай деді: «Коммунист» пен «Большевикте» нең бар? Неге «Жапырақ жүрек жас қайыңды» немесе «Қара өлеңді» оқымайсың?». Мен партияның тапсырмасы солай екенін айтып ақталып едім: «Олар сенен микрофонды жұлып ала ма? Өз қолыңда тұрған жоқ па бәрі? Концертті сен жүргізбейсің. Мұқаңа бір қызмет жасайын», – деп тізгінді өзі алды. Содан кейін кез келген концертті Мұқағали ағамның «Қара өлеңімен» бастайтын болдым», – деген Бақытжан Атагелдиев кездесуді ақиық ақынның рухты өлеңімен қорытындылады.

    Гүлзат БАЙҚОНЫС

    Ұсынымдар

    Тыным таппайтын инспектор

    Тыным таппайтын инспектор

    9 months ago
    Заманауи аурухана салынады

    Заманауи аурухана салынады

    1 year ago
    Адам папилломасы вирусына қарсы егу жұмыстары жалғасуда

    Адам папилломасы вирусына қарсы егу жұмыстары жалғасуда

    9 months ago
    Халықаралық жарысқа жол ашты

    Халықаралық жарысқа жол ашты

    1 year ago
    Садақ атудың сыры көп

    Садақ атудың сыры көп

    7 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>