Полиция офицері атағын абыроймен алып жүру әркімге бір бұйыра бермейтін бақ. Өйткені ол – оңай мамандық емес. Бірақ біздің кейіпкеріміз Ханым Тасыбаева – жауапкершілігі зор міндетті ерлермен тең атқарып келе жатқан жан. Ол полицияға кездейсоқ келмеген, бұл мамандықты саналы түрде таңдаған. Бүгінде оған еш өкінбейді, заң мен тәртіпке негізделген жауапты қызметі өзіне қатты ұнайды.
Талғар қаласының тумасы Ханым Мехаметқызының айтуынша, ол тәртіп сақшысы болған атасын ерекше үлгі тұтқан. Бала кезінен туған атасы Құсдәулет Тасыбаевтың суреттерін қарай отырып, оның сымдай тартылған жинақы болмысына, арнайы киім үлгісіне қызыққан. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер бейбіт өмірде милицияда түрлі лауазымдарда қызмет еткен. Майор шенінде, төлқұжат бөлімінің бастығы лауазымынан зейнеткерлікке шыққан, 2018 жылы қайтыс болған.
Ханым кішкентайынан мейірімді болып өседі, әрдайым мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетіп, көмек қолын созуға дайын жүреді. Түптеп келгенде, бұл қасиеті оның тағдыр тәлкегімен жетім қалған балаларға көмектесуіне түрткі болды. Сөйтіп, полиция қызметкері боламын, ювеналды полицияда қызмет етемін деп шешеді. Орта мектепті бітірген соң әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны табысты тәмамдайды. Одан кейін ішкі істер органына жұмысқа кіру үшін Талдықорған қаласында арнайы дайындықтан өтіп, Талғар аудандық полиция басқармасының ювенальды бөлімінің инспекторы лауазымына тағайындалады. Осы бөлімде жасөспірімдермен жұмыс істеудің ерекшеліктерін жақсы меңгеріп, өзінің білікті маман екенін көрсетеді және аға инспектор дәрежесіне дейін көтеріледі.
Бұл лауазымдағы көпжылдық қызметі кезінде балалар қылмысының деңгейін төмендету үшін көп еңбектенеді. Қала тұрғындарының көпшілігі танитын тыным таппайтын инспектор көптеген тұрмысы төмен отбасына құжаттандыру, жәрдемақы рәсімдеу, білім алу, жұмысқа орналасу бойынша көмек көрсетті. Әлі сынақтан өтпеген, бірақ өмірде сүрініп кетіп, бүлініп жүрген қаншама жасты тура жолға бастай алды. Бүгінде оның бөлімінде 22 қызметкер жұмыс істейді, олардың бәрі бір адамдай балалар қылмысының күзетінде тұр. Соның арқасында өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бұл көрсеткіштер айтырлықтай төмендеген.
Оның жұмысы тұрмысы нашар отбасыларға көмектесумен еренкшеленеді. Ханымның айтуынша, өткен жылы осындай 50 отбасы тіркелген. Бұл отбасыларда 89 кәмелетке толмаған бала тұрады және олардың саны жыл сайын өсу үстінде. Қызмет бабына сай, инспектор олармен тұрақты түрде алдын алу жұмысын жүргізеді. Оның ұйымдастырушылық қабілетінің, білімі мен тәжірибесінің арқасында мектеп инспекторларының ата-аналар комитеттерімен тығыз байланысы жолға қойылған, соның нәтижесінде балалар құқықбұзушылықтары азайған.
Ханым Мехаметқызының күш салуымен қалада көптеген рейдтік іс-шара өткізілді. Кәмелетке толмағандар жөніндегі бөлімде инспектор болып жұмыс істей жүріп, ол қаншама қараусыз қалған балалар мен тұрмысы төмен отбасыларға көмектесті. Полиция басқармасында жұмыс істей жүріп, болашақ жұбайы Нұрдәулет Тасыбаевты кездестірді. Нұрдәулет 2005 жылы полиция полковнигі шенімен бастықтың жедел жұмыс жөніндегі орынбасары қызметінен зейнеткерлікке шықты, тағдырдың жазуы шығар, 2021 жылы өмірден өтті.
Құсдәулет атаның тағы екі ұлы Тимур мен Руслан да полицияда жұмыс істеді. Тимур – Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасында қызмет етіп, 2021 жылы полиция майоры шенінде, жедел жұмыс жөніндегі аға инспектор қызметінен зейнеткерлікке шықты. Ал Руслан – Талғарда полиция майоры шенінде аға учаскелік инспектор болды. Бүкіл әулет жастарды адал қызмет етуге және өз елінің нағыз азаматы болуға бағыттаған майдангер атасы Құсдәулеттің өсиетін ерекше құрметтейді. Ханымның өзі отбасының кәсіби қызметін лайықты жалғастырып келеді десек, оның екі ұлы – Нұртас пен Нұрмұхаммед те ішкі істер саласында қызмет етуді қалайды.
Өмірде тәртіпке бағынуды бәрінен жоғары қойған майдангер бабасының өсиетін есте сақтап, ағалары, әкесі мен анасын үлгі тұтатын, олардың өнегелі тәрбиесін алған бұл ұландар да әулет ісін лайықты жалғастырарына сенім зор.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы