Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясына оқуға түсуге ниет білдірген талапкерлер үшін Қызметтік кинология басқармасының әскери қызметшілері арнайы көрсетілім бағдарламасын ұйымдастырды.Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды шекара қызметінің күнделікті тыныс-тіршілігімен таныстырып, Отан қорғаушы мамандығының қадір-қасиетін насихаттау және Шекара академиясына түсушілердің қызығушылығын арттыру.Көрсетілім барысында шекара қызметінде қолданылатын қызметтік иттердің мүмкіндіктері жан-жақты паш етілді. Кинолог мамандар қызметтік иттердің шекара күзетіндегі, құқық бұзушыларды анықтаудағы және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөлін іс жүзінде көрсетті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының ұлттық құндылықтарды сақтау жөніндегі бастамасына сәйкес қазақтың төл ит тұқымдары – тазы мен төбет таныстырылып, олардың тарихи маңызы мен ерекше қасиеттері туралы мәлімет берілді.Бағдарламада жалпы әскери дайындық, адамның бойынан жарылғыш заттарды іздеу, шартты шекара бұзушыны ұстау, қоян-қолтық ұрыс тәсілдері, заманауи қару-жарақтар мен әскери техникалардың мүмкіндіктері, байланыс құралдарының жұмысы көрермен назарына ұсынылды. Әрбір көрініс әскери қызметшілердің жоғары кәсіби дайындығын, тәртібі мен шеберлігін айқын көрсетті.Әсіресе қызметтік иттердің дәлдігі мен кинологтардың үйлесімді әрекеті талапкерлердің ерекше қызығушылығын оятып, зор ықыласына бөленді. Жастар шекарашы мамандығының жауапкершілігі мен мәртебесін терең сезініп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы қызметтің маңызын айқын түсінді.Көрсетілім соңында талапкерлер алған әсерлерімен бөлісіп, Шекара академиясында білім алып, болашақта Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын күзететін офицер болуға деген ынта-ықыластарының бұрынғыдан да арта түскенін жеткізді.Осындай тағылымы мол іс-шаралар жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рухын қалыптастырып, әскери қызметке деген құрметті нығайтып, Қазақстан Республикасының шекарасын қорғайтын жаңа буын кәсіби офицерлерді тәрбиелеуге зор үлес қосады.
Л. Мақытбекқызы,
майор, ҚР ҰҚК ШҚ Қызметтік кинология басқармасы



