Іле ауданындағы Өтеген батыр ауылында тұрғын үй кезегінде тұрған 60 азаматқа жаңа пәтер кілті табысталды. Баспаналар Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген ипотекалық несиеге берілді.

Аталған жоба тұрғын үй қолжетімділігін арттыру, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және әлеуметтік қолдауды қажет ететін топтарға көмек көрсетуді көздейді.
Пәтер алушылардың қатарында Іле ауданынан бөлек Талғар, Еңбекшіқазақ, Кеген, Жамбыл, Ұйғыр, Қарасай аудандары мен Қонаев, Алатау қалаларының да тұрғындары бар.
– Тұрғындарды баспанамен қамту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Іле ауданы бойынша тұрғын үй кезегіне 5443 адам тіркелген. Оның ішінде көпбалалы отбасылар – 1878, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары – 1993, жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалар – 807, бюджеттік қызметкерлер 765 азаматты құрайды. 2025 жылы әлеуметтік осал топтағы жандарды баспанамен қамту үшін 269 үй мен пәтер сатып алынды. Биыл Өтеген батыр ауылында 72 пәтерді аталған тұжырымдама аясында беру және әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 36 пәтер сатып алу жоспарда бар, – деді Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов.
Жаңа пәтерге ие болған Сәрсенгүл Назарбаева: «Үй кезегіне көпбалалы ана ретінде тіркелдім. Он бес жыл бойы сабырмен күтіп, өз баспанама қол жеткіздім. «Отбасы банк» арқылы 5 пайызбен 14 жылға несиеге алдық. Айына 130 мың, ал кейін 123 мыңнан төлейтін боламыз. Төрт қыз, бір ұлым болғандықтан үш бөлмелі пәтер бұйырды. Сапасы көңілімізден шықты.
Көмегін аямай, қамқорлық көрсеткен әкімдікке алғысым шексіз, – деген лебізін білдірді.
Жалпы Іле ауданы бойынша «Отбасы банк» АҚ Алматы облыстық филиалы ұсынған тұрғын үй сатып алушылар тізімінде 80 адам бар. Олардың 60-ы төлем жасау мүмкіндігі тексеріліп, расталған соң пәтер кілтіне қол жеткізді. Ал қалған 20 адамның құжаты мен төлем қабілеті әлі толық расталған жоқ. Қажетті құжаттарды тапсырғаннан кейін ғана несие рәсімделеді. Демек, төлем қабілеті расталса, жақын күндері тағы 20 адам баспаналы болады.
Баспана иелерін анықтауда әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарға ерекше назар аударылған. Пәтер алушылар қатарында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған –15, мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйым қызметкерлері – 20, көпбалалы отбасылар –14, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 31 адам бар. Аталған санатқа I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар, жасына байланысты зейнеткерлер, қандастар, ардагерлер және жеңілдіктер бойынша оларға теңестірілген азаматтар кіреді.
Аталмыш жобаны жүзеге асыру тұрғын үй қолжетімділігін арттыруға, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және әлеуметтік қолдауды аса қажет ететін жандарға қолдау көрсетуге бағытталған. Өңірде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмысы алдағы уақытта да жоспарлы түрде жалғасатын болады.
Гүлзат БАЙҚОНЫС
Іле ауданы




