Елімізде талқыланып жатқан жаңа Заң жобасы қоғам назарын өзіне аударып отырған маңызды құжаттардың бірі. Кез келген Заң ең алдымен халықтың тұрмыс-тіршілігіне оң әсер етіп, ел бірлігі мен тұрақтылығын нығайтуға бағытталуы тиіс.
Ауыл – қазақ қоғамының алтын діңгегі. Сондықтан заң жобасын әзірлеу барысында ауыл халқының әлеуметтік жағдайы, жастар тәрбиесі, жер мен табиғатты қорғау, шағын шаруашылықты дамыту мәселелері жан-жақты ескерілуі қажет. Заң жобалары тек қана қағаз жүзінде қалмай, ауыл өмірінде нақты іске асуы үшін оның орындалу тетіктері айқын көрсетілуі керек.
Ақсақалдар алқасы – ел ішіндегі ынтымақ пен тәртіптің сақталуына үлес қосып келе жатқан белсенді қоғамдық құрылым. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы мен жергілікті қоғамдық кеңестердің тәжірибесіне сүйене отырып, заң жобасын талқылау кезінде халықтың кеңес құру тетігін енгізуді ұсынамын. Мұндай тәсіл тұрғындардың пікірін ескеріп, ашықтық пен сенімді арттыра түсер еді.
Сонымен қатар заң жобасында ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі керек. Әсіресе, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, ауылда жұмыс орындарын көбейту және әлеуметтік қолдауды күшейту заңда нақты көрініс табуы қажет.Жаңа заң жобасы құжаттың өміршеңдігін арттырып қана қоймай, заңға деген сенімді күшейтеді. Заң халық үшін қабылданады, сондықтан онда халықтың үні естілуі тиіс.
Қорыта айтқанда, ақсақалдардың даналығы мен өмірлік тәжірибесі ескерілген жағдайда, қабылданған заң ел болашағына берік негіз қалайтыны анық.
Тұрсын НҮСІП,
Қызылшекара ауылдық ақсақалдар
алқасының төрағасы,
Райымбек ауданы.




