-13 °c
Qonaev
Friday, May 16, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Ерлігі ұмытылмайды

    22.04.2025
    in Барлық жаңалықтар, Руханият
    0
    SHARES
    1
    VIEWS

         Бейбітшілік – барша халық үшін ең ізгі сөз. Береке-бірлігіміз артып, ынтымағымыз жарасып, ұрпағымыз өсіп-өркендеген бүгінгі бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымызға – кешегі сұрапыл соғыста Отан үшін от кешкен әкелеріміз бен аталарымыздың ерлігі куә.

    Екінші дүниежүзілік соғыс адамзатты қан қақсатқан зұлмат екенін бәріміз білеміз. Бұл қасірет біздің де әулетімізді айналып өткен жоқ. Әкем Шеңгелбай Бәкенов майданға Балқаш ауданынан аттанған. Ол кісі құралайды көзге атқан мерген болған. Әскери билетінде «снайпер» деп жазылған. 1941-1945 жылдар аралығында жаяу әскер полкында Сталинград, Ленинград майдандарына қатысып, Берлинге дейін неміс басқыншыларынан елімізді азат етті. Жеңіс туын желбіреткен ерлігі үшін «Даңқ» орденімен марапатталған.
    Әкем бір әңгімесінде жаудан «тіл» алып келу үшін қасындағы қарулас украин жігітімен немістер жайлап алған деревняға әскери шұғыл тапсырмамен барғанын айтып еді. «Қыстың күні аппақ қардың үстінде, аппақ киіммен еңбектеп жүріп деревняның тұсына келіп, немістердің штабы қайда орналасқанына көз жеткіздік. Штаб сыртынан ұзап сөйлесіп тұрған екі неміс офицерін байқадым. Біреуі тез бұрылып, штабқа кіріп кетті. Осы сәтті ұтымды пайдаландық. Жасырынып келіп, екіншісін қолдағы қарумен ту сыртынан ұрып құлатып, аузын шүберекпен тығындап, есін жиғызбастан сүйретіп алып, орман ішіне беттедік. Жылжып отырып өзіміздің штабқа неміс офицерін жеткіздік. Есін жиған соң одан өте маңызды мәліметтер алыныпты. Майдан даласында қаншама жас қыршын кетті, қаншама жауынгер оққа ұшты. Елімізді фашистік басқыншылардан азат ету жолындағы алдыңғы шепте көрсеткен ерліктерім үшін «Даңқ» орденімен наградталдым», – деп әңгімелейтін еді.
    Соғыс бітіп, елге оралған әкеміз Жамал Инебекова анамызбен отау құрып, жеті бала сүйіп, тәрбиелеп өсірді. Ұлдары мен қыздары жоғары білім алды. Қазір еліміздің өркендеуіне сүбелі үлесін қосуда. Нұрбай нағашымыздың Инебек, Айнабек, Найзабек, Балтабек атты төрт ұлы болған екен. Анам – Инебек атамыздың үлкені. Ол кісі соғыс басталмас бұрын, 1930 жылдары жеті жасында Қаскелеңдегі Абай атындағы мектеп-интернатта оқыған. Анамыздың айтуынша, 1935-1936 жылдары Конституцияның құрылған күніне орай Алматыға Калинин келеді. «Мәскеуді билеп тұрған Калининнің алдында тақпақ айтуға үздік оқушыларды ғана алып барды, сол кезде мен «Қуанамын» деген өлең оқыдым. Бір күні мектеп ұжымы Жамбыл атаны арнайы шақырды. Сахнаға шығып, қолына домбырасын алып көп жырлады. Бір кезде тура алдында отырған менің қасыма жақындап: «Кімнің баласысың?» – деп сұрады. Нұрбай атам оның жауабын талай рет үйреткен. «Атамның баласымын» – дедім. «Әәә, атаңның баласы болсаң, жақсы бала екенсің!» – деп басымнан сипады», – деп анамыз жастық шағын емірене еске алатын еді.
    «1941 жылы көктемде Балтабек көкем мені ауылға алып келді. Сөйтсем, бұл Нұрбай атамның бұйрығы екен. Мен де келдім, бір айдан соң соғыс басталып кетті. Ағаларымның бәрі майданға аттанды. Ауылда әйелдер мен бала-шаға ғана қалды. Таң атпай ауыл әйелдерін сиыр саууға тұрғызып, фермаға апарып, сүт, май, құрт, ірімшік жасатып, оның бәрін ауданға жіберу менің мойнымда болды. Себебі орысша-қазақша сауатты, есеп-қисапты жақсы білемін. Сонда 18 жастамын. Найзабек, Ақатай және тағы басқа ағаларымның «қара қағазы» да ең алғаш менің қолыма тиді», – деп күрсініп еске алатын анам.
    Анам 1946 жылы майданнан оралған әкемізбен отау құрып, 1957 жылы Құйған кеңшарының орталығы Балатопар ауылына көшіп келеді. Батыр әкеміз Шеңгелбай Бакенов пен тыл еңбеккері Жамал Инебекова анамыздың өмірге әкелген балалары – Айдынбек, Шалғынбек, Қайырбек, Қайратбек, Жібек және мен осы ауылдағы орта мектептен түлеп ұштық.
    1985 жыл. Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің филология факультетінде оқып жүрген кезім. Жеңістің 40 жылдығына орай университеттің «Педагог» газетіне әке ерлігі туралы мақала жаздым. Міне, содан бері 40 жыл өтіпті. Биыл Жеңістің 80 жылдығы тойланбақ.
    Әкеміз Бәкенов Шеңгелбай соғыстан оралған соң ауыл экономикасына сүбелі үлесін қоса жүріп, 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығын мерекелеп, сол жылы 6 маусымда дүниеден озды. Анамыз Жамал 2002 жылы 23 маусымда қайтыс болды. Әкеміз бен анамыздың тәлім-тәрбиесі біздің санамызда мәңгі қалды.
    Ағаларым – Айдынбек, Шалғынбек, Қайырбек өмірден өтсе де, олардың ұрпақтары бір-бір айтулы маман атанып, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Ал Қайратбек ағам – ауылдағы қара шаңырақта 5 бала өсіріп, немере тәрбиелеп отырған мерейлі отбасы. Жібек Шеңгелбайқызы Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясында 46 жыл тарих пәні мұғалімі болып қызмет етіп, құрметті демалысқа шықты. «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Мен де ұстаздық жолдамын. Қонаев қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы №5 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. «Ыбырай Алтынсарин» медалінің, сондай-ақ «Ахмет Байтұрсынов», «Үздік педагог» төсбелгілерінің иегері атандым. Осы жетістіктеріміздің бәрі біздің ата-анамыздан алған үлгі-өнегеміздің нәтижесі деп білемін. Халқымыз «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген ғой. Ендеше әкеміздің ерлігі біз үшін ұран болып, әулетіміздің ұрпақтары мың жасай берсін! Жеңістің 80 жылдығы құтты болсын! Ел аман, жұрт тыныш болып, бейбіт заманда өсіп-өркендей берейік!

    Светлана Бакенова,
    Ахмет Жұбанов атындағы №5 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
    Қонаев қаласы

    Ұсынымдар

    Ардагерлермен кездесті

    Ардагерлермен кездесті

    4 months ago
    Ескерткіш маңы тазаланды

    Ескерткіш маңы тазаланды

    1 year ago
    Қазақстан—Ресей ынтымақтастығының тарихы бай және болашағы жарқын — Президент

    Қазақстан—Ресей ынтымақтастығының тарихы бай және болашағы жарқын — Президент

    2 years ago
    Жамбыл ауданы: Су тасқынының алдын алу шаралары жасалып жатыр

    Жамбыл ауданы: Су тасқынының алдын алу шаралары жасалып жатыр

    2 years ago
    Жастар орталығы ашылды

    Жастар орталығы ашылды

    5 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.