Қарасай ауданында ауылдық медицинаның сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөлініп жатыр. Оған дәлел ретінде мемлекеттің қолдауымен бірнеше елдімекенде дәрігерлік амбулаториялар салынып жатқанын айтуға болады. Одан бөлек мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында да медициналық мекемелер ашылуда. Солардың бірі – «NOVO INVEST» ЖШС-нің қолдауымен бой көтерген «Еламан» медициналық көмек орталығы. Былтыр дәл осы мекеме Елтай ауылдық округіне қарасты Ақсеңгір мен Көктоған ауылдарында ашылған еді. Биыл бұл орталықтың саны артып отыр. Яғни, алдағы уақытта Көкөзек пен Кемертоғанның халқы аталған мекеменің медициналық қызметіне жүгіне алады. Ауыл тұрғындары үшін «Еламан» медициналық көмек орталығында денсаулық сақтауға байланысты бірнеше қызмет алу мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл жөнінде «NOVO INVEST» ЖШС-нің бас директоры Қарлығаш Ибраева түсіндірді.
– Біздің серіктестік пен Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы арасында келісімшарт орнап, ауылдық медицинаны дамыту қолға алынған еді. Соның нәтижесінде ауылдарда алғашқы медико-санитарлық көмек ретінде отбасын қолдау орталықтары жұмыс істеуде. Биыл Көкөзек пен Кемертоған ауылдарында ашылды. Жалпы біздің ауруханада күндізгі стационар, медициналық талдамаларды алу, ультрадыбыстық зерттеулер бойынша қызмет көрсетіледі. Одан бөлек акушер-гинеколог сынды мамандар да жұмыс істейді. Скринингтің барлық түрі бар. Алдағы уақытта стоматология кабинетін ашу жоспарлануда, – деді Қарлығаш Болатқызы.
Айта кетейік, МӘМС жүйесі және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша жергілікті тұрғындар үшін «Еламан» орталығындағы тиісті медициналық қызметтің бәрі тегін болады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
Қарасай ауданы




