Астанада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алқасының кеңейтілген отырысы өтті.
Жиынға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметов, сондай-ақ Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік еңбек инспекциясының аумақтық департаменттерінің, ведомстволық бағынысты құрылымдардың басшылары қатысты.
Алқа мәжілісінде еңбек бұзушылықтарының алдын алу, еңбек қатынастарының толық ашықтығын қамтамасыз ету, жалақы бойынша берешекті қысқарту және мемлекеттік бақылаудың цифрлық моделіне көшу мәселелері қаралды.
Панельдік сессия барысында Алматы облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Айгүл Ахметова баяндама жасады. Ол өз сөзінде өткен жылы департамент аймақтағы процестерді жүйелі басқаруды қамтамасыз еткенін атап өтті. Осы ретте азаматтардың 1383 өтініші белгіленген тәртіппен қаралып, 165 жоспардан тыс тексеру жүргізілген, 131 бұзушылық анықталып, 95 ұйғарым берілген, 15,6 млн теңге сомасындағы 90 әкімшілік айыппұл салынып, толық өндірілген. Қабылданған шешімдердің арқасында өндірістік жарақаттану 28%-ға, өлім-жітім 22%-ға төмендеген.
– Бұл – тәуекелі жоғары кәсіпорындармен жұмыстың, жоспардан тыс тексерулер жүргізудің, үшжақты комиссиялардың көшпелі отырыстарының және қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруды күшейтудің нәтижесі. Әлде де болса кәсіпорындардың 17%-ы міндетті сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр. Осыған орай биыл қамтуды 100%-ға дейін жеткізу міндеті қойылды. Жалақы бойынша берешек мәселесі жеке бақылауға алынды. Бүгінгі таңда облыста жалақы бойынша берешек 33%-ға, демек 226 млн теңгеден 150,9 млн теңгеге дейін төмендеді. Проблемалық кәсіпорындар бойынша да жағдай күнделікті бақылауда. Департаменттің ұстанымы – төлемдердің кешіктірілуіне жол бермеу және заңда көзделген барлық ықпал ету құралдарын пайдалану, – деді өз сөзінде Айгүл Матанқызы.
Баяндамашы кәсіпорындардың цифрлық картасына 26 610 ұйым енгізіліп, тәуекелі жоғары кәсіпорындар саны 32%-ға азайғанын жеткізді. Аймақтағы қызметкерлердің 90%-ының электрондық еңбек шарттары бар.
Департамент басшысы қадағалаудың алдын алу моделіне көшудің басымдылығына да тоқталды. Бұған шағымдарға жауап берудің реактивті моделінен бұзушылықтардың алдын алу жүйесіне түпкілікті көшу, тәуекелділігі жоғары кәсіпорындарда ресурстарды шоғырландыруға баса назар аудару, еңбек қатынастарының цифрлық мониторингін жүргізу, жұмыс берушілердің дербес жауапкершілігін күшейту, нұсқамалардың орындалуын қатаң бақылау жатады.
Осылайша, Алматы облысы еңбеккерлердің құқықтарын қорғауда тәртіп пен нәтижелілік бағытында жұмыс жасап, бақылауды күшейтуде. Жиынға қатысуышылар да аймақтағы тәжірибенің тиімділігіне көз жеткізіп, мемлекеттік еңбек инспекциясының өңірлік органдары еңбек саласындағы әлеуметтік тұрақтылық пен заңдылықты қамтамасыз етудің негізгі буынына айналып отырғанын атап өтті.
Алма ЕСЕНБАЙ




