Облыс әкімдігінің қолдауымен ағартушы, ақын әрі сазгер Қапез Байғабылұлының 130 жылдық мерейтойына орай, туған жері Тоғызбұлақ ауылындағы Мәдениет үйінде жаңа кітапхана ашылды. Жаңарған кітапхана заманауи жиһаздармен, сұранысқа ие әдебиеттермен толықты. Кітапхана ішінен оқу залы, кітап қоры сақталатын арнайы бөлмелер ашылып, оқырмандар үшін жайлы әрі шығармашылық орта құрылды.
Кітапхананың ашылу салтанатына ғалым, педагог, жазушы Сағатбек Медеубекұлы, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның директоры Нұрлан Сағынай арнайы қатысты. Мерекелік лентаны облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Тоқабаева, жазушы Сағатбек Медеубекұлы, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман қиды. Одан кейін шараға келгендер кітапхананың ішін аралап, танысып шықты. Көпшілік назарына кітап көрмесі ұсынылды. Мектеп оқушылары аға буынға алғыстарын жолдап, Қапез Байғабылұлының өлеңдерін жатқа оқып берді.
Салтанатты шара Мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Туған жердің дара перзенті – Қапез Байғабылұлы» тақырыбында оқырмандар конференциясымен жалғасын тапты.
– Бүгін біз ұлт руханияты үшін аса маңызды нысанның ашылуына куә болып отырмыз. Бұл жас ұрпақтың білімге, кітапқа деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам деп білемін. Бүгінгі шара қазақтың көрнекті ақыны, ағартушы, қоғам қайраткері Қапез Байғабылұлының туғанына 130 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Бұл – үлкен мәні бар тарихи кезең. Игі шараның Қапез атамыздың туған өлкесінде ұйымдастырылуының да маңызы зор, – деді аудан басшысы Нұрбақыт Теңізбаев.
Салтанатты шарада облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Тоқабаева, аудандық кітапхананың директоры Индира Ахметова сөз сөйлеп, тұрғындарды қазіргі заман талабына сай кітап қорымен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді.
Ауыл халқының қуанышына ортақтасқан қаламгер Сағатбек Медеубекұлы кітапхананың ашылғанына айрықша ризашылығын білдіріп, жүзден аса кітап сыйға тартты.
Қапез Байғабылұлы атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дана Маратбекқызы «Қапездің танымдық-эстетикалық оқыту үлгісі: дәстүр мен заманауи педагогиканың сабақтастығы» тақырыбында баяндама жасап, ақын-сазгер мұраларына тоқталды.
Конференцияда сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның директоры Нұрлан Сағынай, Жалағаш ауылдық округінің әкімі Айгүл Садыровалар кітапхана ашуға атсалысқан жандарға алғыстарын айтса, Тоғызбұлақ ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайлаубек Құрманғалиев ақ батасын берді.
Шара соңы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Осылайша, Қапез Байғабылұлының 130 жыл толуына орай ұйымдастырылған конференцияда Қапездің бай мұрасы мен кітапхананың қоғамдағы орны кеңінен насихатталды.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы
